Өнер • 15 Қараша, 2021

Қайыр жазған «Қызыл ит»

829 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оралдық суретші, Қазақстан Суретшілер одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Қайыр Оразғалиев жақында ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Қызыл ит» атты диптих картинасын аяқтады.

Қайыр жазған «Қызыл ит»

Картина Абайдың шығарма­шы­лығына тікелей байланысты болмаса да, оның өміріне, отбасына қатысты драмалық көріністі бейнелейді. Абайдың 15 жасында ата салтымен айттырылып келген Ділдә бәйбіше мен арада 15 жыл өткен соң ақынның өзі сүйіп алған жары Әйгерім бейнесі арқылы отбасылық драманы көрсеткен.

Бірінші суретте атақты Алшын­байдың қызы, текті де тегеурінді Діл­дә қызыл тазыны – «қызғаныштың қы­зыл итін» тежеп ұстап, Әйгерімнің отауына – тоқалдың құтты шаңырағына көзінің аласымен қарап тұр. Тазының қарғысы – қақтаған күміс болғанымен, аузындағы тұмылдырық – қызғаныштың залалсыздығын, өзгеге зия­ны тимейтінін байқатқандай. Ал екінші картинада әзиз жанды Әйгерім қолын қусырыңқырай ұстап, жүзін төмен салған. Күнәсіз болса да кінәлі бейне сынды.

1

Композицияда Абай бейнесі көрін­бесе де қатысып тұр: осы диптих арқылы ұлы ойшылдың парасаты мен махаббаты, дәстүр мен жүрек қалауы қатар көрінеді. Сонымен бірге әйел затының жұмбақ жан-дүниесі, қызғаныш сезімі бейнеленген. Ол сезім алғашқы картинадағы қызыл тазы мен Ділдәнің қамзол астынан киген қызыл кеудешесі болып көрінсе, екінші суреттегі Әйгерімнің қызыл тыс­ты бөрігі мен бастан-аяқ қызыл көйлегі арқылы көрініс тапқан.

Міне, бір қарағанда бір-біріне қарама-қарсы бейнелер ұлы Абай образы арқылы бүтінделіп, бір шеңберге сыйып тұр. Картинаның бұған дейін Абай Құнанбайұлы тақырыбына салынған өзге шығармалардан ерекшелігі де осында.

 

Батыс Қазақстан облысы