Өңір басшысы Ермек Маржықпаев облыста спортты дамыту бағытында жасалып жатқан қадау-қадау шаруаларға тоқтала келіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында мерейімізді асырған жарқын жеңіске тоқталды. 33 жасында әлем чемпионы атанған Теміртас Жүсіповті құттықтап, екі бөлмелі пәтер мен 5 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Чемпионатта жасындай жарқылдаған жеңімпаздың жеке бапкері Қуанышбай Қоқышевқа
2 млн 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.
Сайдың тасындай кіл мықтылар жұдырықтасқан чемпионатта топ жарған Теміртастың Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің бес дүркін чемпионы, 2013 жылғы Азия чемпионы, 2015 жылғы Бүкіләлемдік бокс сериясының чемпионы, әскерилер арасындағы әлемдік доданың жеңімпазы екендігін айта кетелік. Нешеме жыл бойы төгілген тер, қажымай-талмай еткен еңбек зая кеткен жоқ. Ел құрамасының сапында бірінші болып шаршы алаңға көтеріліп, қазақ боксшыларына жол ашты. Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, Әнұранын ойнатты.
Көкшенің бокс залдарында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақ Теміртас ағаларына ұқсап тегеуірінді болғысы келеді. Жарқын жеңіс көкірегін нұрландырған келер ұрпақтың да темір жұдырықты Теміртастың жолын қуары сөзсіз.
КӨКШЕТАУ