Қоғам • 15 Қараша, 2021

Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері айтылды

769 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында республикалық бюджеттен базалық зейнетақыны төлеуге шамамен 682,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдерін төлеуге - 1 трлн 543,2 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері айтылды

«2021 жылғы қазанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 221,1 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге - 67,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге - 153,2 млрд теңге бағытталды. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 230 мыңнан астам адамды құрайды. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 99 804 теңгені құрады», деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, жеке тағайындалады.

Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер қосылады.

Мәселен, егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан аз жылды құраса, сондай-ақ ол болмаған кезде базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-на тең болса, одан әрі 10 жылдан асатын әрбір жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, 20 жыл қатысу өтілі кезінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, 30 жыл - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 және одан көп жыл болған жағдайда ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ы мөлшерінде белгіленеді.

«Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ аудару бір айда бірнеше рет жүзеге асырылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір айды құрайды. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары қаншалықты тұрақты және толық көлемде төленетін болса, зейнетақы жасына жеткен кезде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де соншалықты жоғары болады. Өз кезегінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай талап етіледі) және зейнетақы алдындағы кезеңде алынған орташа айлық кіріске байланысты», деп хабарлады ведомстводан.