Әлем • 15 Қараша, 2021

Такси жүргізушісі лаңкестік әрекеттің алдын алды

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында такси жүргізушісі лаңкесті көлігіне қамап, қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Такси жүргізушісі лаңкестік әрекеттің алдын алды

Мерсисайд округінің полициясы Ливерпульдегі әйелдер ауруханасы ғимаратының жанында көліктің жарылғаны туралы хабарлады. Оқиға салдарынан бір адам қайтыс болып, тағы біреуі зардап шеккен. Деректерге сенсек, жарылыс ғимарат маңына жеткен автокөлік ішінде болған.

Бүгінде бұл лаңкестік әрекет бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Полицияның терроризмге қарсы бөлімшесі жұмыс істеуде. Терроризм туралы заңға сәйкес 21, 26 және 29 жастағы үш ер адам күдікті ретінде ұсталды.

«Такси жүргізушісі қайғылы оқиғаның алдын алды. Ол террористті автокөлігіне қамап, халықты үлкен апаттан құтқарды», дейді жергілікті БАҚ. Болжам бойынша, жанкешті өзін-өзі жарып жіберген.

Жүргізушінің досы Дэйв Перри «Daily Mail» басылымына хабарлағандай, жанкештінің бастапқы мақсаты Ливерпульдегі діни ғимарат болған, онда еске алу күні құрметіне орай көптеген адам жиналған.

«Жолаушы Дэвидтен діни ғибадатханаға баруды өтінген. Сондықтан біз бұл оның басты мақсаты деп санаймыз. Бірақ олар көлік кептелісіне тап болған. Сол себепті жолаушы діни ғимараттың орнына ауруханаға баруды өтінген», дейді ол.

Әлеуметтік желілерде такси жүргізушісінің тағы бір досы Стивен Томастың пікірі пайда болды. Ол «Жүргізуші жолаушының өзін күмәнді ұстағанын байқап, содан кейін көліктен секірді» деді. Алайда бұл пікір расталған жоқ.

БАҚ келтірген мәліметтерге сенсек, такси жүргізушісі өмірге қауіп төндірмейтін жарақат алған.