Аймақтар • 15 Қараша, 2021

Әлеуметтік нысандар қатары артты

147 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Даниал Ахметов баяндады.

Әлеуметтік нысандар қатары артты

Орташа айлық жалақы 118%-ға өсті

– Тәуелсіздік жылдары жалпы өңірлік өнім көлемі 2,5 млрд-тан 5,2 трлн теңгеге дейін өсті. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 1,5 мың теңгеден 3,8 млн теңгеге дейін ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвес­тициялар 780 млн-нан 780 млрд теңгеге дейін артты. Жұмыс­сыздық деңгейі 11%-дан 4,8%-ға дейін азайды. Шығыс өңірі Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­та­маларын табысты іске асы­рып, Nur Otan партиясының сай­лауалды бағдарламасында қойыл­ған міндеттерді абырой­мен орындап келеді. Жыл басы­нан бері (2021 жылдың 10 айы) облыста өнеркәсіп өнімі­нің көлемі 105,2%-ға, ауыл шаруашылығы өнімі 105,2%-ға, инвестиция 105%-ға, құ­рылыс көлемі 106,2%-ға өсті. Бұл мемлекеттік бюджетке түсім­ді 138-%-ға, соның ішінде жергілікті бюджетке түсімді 136%-ға арттыруға мүмкіндік берді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, экономиканың өсуі бизнесті қолдау шараларымен үйлесіп, ең­бек нарығында тұрақтылықты сақ­тады. Орташа айлық жалақы 118%-ға өсіп, 216 мың теңгеге жетті.

 Ұлт саулығы ұдайы назарда

Вакциналауға жататын халық­тың 99,7%-ы толық егілді. Мем­лекет басшысының тапсырма­сы­на сәйкес, екпенің бірінші кезе­ңі аяқталуға жақын. Екпенің екін­ші компоненті тұрғындардың 92,7%-ына егілді. 119 мың адам жыл со­ңына дейін Pfizer вакцинасымен қамтылады. Облыстағы 39 ковид бөлімінде орындар жеткілікті. Бүгінде 3,6 мың орын ашылды.

Алдағы 3-4 жыл ішінде облыс медицинасы онкологияны емдеу, ана мен баланың аман­ды­ғын қамтамасыз ету, қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу және травматология сынды төрт бағыт бойынша ел аумағында алдыңғы қатардан көрінеді деп болжам жасалуда.

– Сатып алынған жабдықтар жо­ғары технологиялық ота­лар­дың көлемін 2,5 есеге арт­тыруға мүмкіндік берді. Сон­дай-ақ ауылдық жерлердегі меди­циналық мекемелерді жабдықтау мен оларды неғұрлым жоғары деңгейге көшіру бойынша да шаралар қабылдануда. Әсіресе бұл босандыруға қатысты жасалып жатқан қадамдар. Инновация­лық медициналық мекемелерді ашу маңызды мәселе саналады. Мә­селен, Семей қаласындағы Яд­ро­­лық медицина орталығын­да ра­дионуклеидтік терапия­ның алғашқы бөлімшесі ашылды. Онда 120 науқас емделді. Со­нымен қатар 380 отандасымыз тек­серуден өтті. Биыл желтоқсан айында перинаталдық орталық базасында балаларды оңалту және катамнез орталығын ашу жоспарланып отыр. Өскеменде гематология орталығының құрылысы жалғасып жатыр.

Облыс әкімінің айтуын­ша, жасушалық және гендік-ин­женерлік технологияларды пайдалану – жобаның бірегей ресурсына айналады. Бұл ноу-хаумен шетелдік клиникаларда арнайы оқытылған жер­гі­лікті дәрігер­лер жұмыс істейді. Осы­лайша, облыстың денсаулық сақтау саласына тартылған инвес­тиция 5 жыл ішінде 135,2 млрд теңгені құрады. Соның ішінде биыл – 27,6 млрд теңге.

Қыркүйек айында циклотрон іске қосылды. Бұл тұжы­рым­да­ма­лық тұрғыдан тиімді ядро­лық реактор. Бұл радиофарма­цев­­тика өндіруге жол ашады. Дәл осы бөлік барлық онколо­гия­лық аурулардың 95%-на дейін диаг­нос­тикалауға мүмкіндік береді. Осы күнге дейін 15 науқас тексерілді.

– Ақыры ядролық медици­на орталығы жұмыс істей бас­та­ды. Оның айналасында көп­те­ген әңгімелер, өсек-аяң бол­ды. Біз жұмысты сапасыз орын­да­ған­дардың барлығының кінә­сін заңды түрде дәлелдедік. Бір­қатар басшылар қамауға алын­ды. Бұл қадам көптеген тұр­­ғын­ды ықтимал апатты салдар­дан құтқарды. Осылайша, біз сұйық радиоактивті қал­дық­тар жүйесіндегі сапасыз жұ­мыс­ты сот арқылы дәлелдей ал­дық. Сонымен қатар жаңа цик­ло­тронды ашып, орната бас­тағанда қалыңдығы екі метр­лік қорғаныс бетон мен ба­рит компоненттерінен жасалуы тиіс тағы бір апатты факті­ні анықтады. Бірақ барит компо­ненттерінен ештеңе салынбады, – деді Д.Ахметов.

Айта кетейік, циклотрон бөлмесіндегі есіктің қалыңдығы – 1,5 метр. Қауіптің деңгейін осыдан байқауға болады. Осылайша облыста жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасады. Алдағы уақытта қымбат, сапалы ем қабылдау үшін шетелге бару қажет болмайды.

– Бұл мәселе Шығыс Қазақ­стан облысының тұрғындары үшін ғана емес, еліміздің түкпір-түк­пірінде тұрып, бүгінде Ресей­ге, Түркияға, Үндістанға ем­де­лу­­­ге баратын мыңдаған адам үшін де өте маңызды. Бүгін біз бұл мәселені шештік. Соны­мен қатар бұл процестің екін­ші бөлі­гі де бар. Бүгінде маман­дары­­мыз­­дың басым бөлігі шетел­дік жо­ғары оқу орындарында бі­лім алуда, – деді аймақ басшысы.

 3 213 спорт секциясы ашылады

Шығыс Қазақстан облысын­да­ғы жалпы білім беретін мек­теп­­терде 2025 жылға дейін ке­зең-ке­зеңімен қосымша 3 213 спорт сек­циясы ашылады. Биыл 22 мың балаға арналған қо­сым­ша 1 268 секция жұмыс іс­тей баста­ды. Со­ны­мен қатар спорт секция­ларын жан басына қаржылан­дыру жүйесі енгізілді. 2021 жылға мемлекеттік тапсырыс – 2 мың бала, 2025 жылға қарай – 15 мың бала.

– Осылайша, биыл балалар мен жасөспірімдердің жалпы санының 109 мыңы немесе 56,4%-ы дене шынықтырумен және спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алады. 2020 жылы 85 мың бала немесе 44% қамтылды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 163 мыңға жетіп, балаларымыздың 78%-ы спортпен және дене шы­­нық­­тырумен айналысады. Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың алға қойған міндет­теріне сәйкес спорттық инфра­құры­л­ым­ды кеңейту жалғасады. Был­тыр 6 нысан пайдалануға беріл­ді. Биыл тағы 14 спорт нысан іске қосылады. Ең бастысы, нысандар ірі елді мекен­дерде және бұрынғы 9 аудан орта­лық­тарында салынуда. 2023-2025 жылдарға бірқатар ірі спорт ны­сан­ының құрылысы жос­пар­ланған. 2021 жылы біз спорт­тық инфрақұрылыммен қам­та­масыз етудің 97%-ына қол жет­кізуіміз керек, – деді өңір басшысы. 

Бұдан басқа, жоғары жетіс­тік­тер спортын дамыту шең­берін­де келесі жылдан бастап халықаралық деңгейдегі спорт консультанттарын тарта отырып, спорттың басым түрлері бойынша жаттықтырушыларды оқыту жоспарлануда.

 2025 жылға дейін

33 мектеп салынады

Кейінгі бес жыл көлемінде облыста іске асырылып жатқан «Үштілді білім беруді дамыту» өңір­лік жобасы аясында тіл­дік пәндер мұғалімдерінің кәсіби деңгейі артты. Соның нәти­жесінде мұғалімдердің оқыту әдістемесін меңгеруі 14%-дан 89%-ға, ал оқушылардың білім сапасы 53%-дан 62%-ға дейін артты. Биыл орыс тілін­де оқытатын мектептерде прак­тикалық қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға бағытталған жоба­ның 3 жылдық кезеңі бастала­ды. Ол үшін облыстағы алдың­ғы қатарлы 100 мектептің 200 мұғалімі практикалық қазақ тілін тереңдете оқыды.

– Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау үшін биыл­дан бастап халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаз­дарына бірреттік сыйақы беру көзделді. Бағдарламалау бо­йынша білім сапасын арттыру мақсатында облыстың барлық 647 мектебінде оқушылар мен ұстаздар халықаралық стандарт бойынша IT бағдарламасын тереңдете оқиды. Оқушылардың ғылыми және Start-up жобаларын іске асыруға 2018 жылдан бері 23 млн теңгенің 25 гранты бөлінді. Бұл жұмыс жалғасын табады, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Президенттің 2025 жылға дейін Қазақстанда 1000 мектеп салу тапсырмасына орай Шығыс Қазақстан облысында ескі шағын комплектілі, ағаштан салынған және мектепке арналмаған ғимараттардың орнына 33 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.

– Өңірде үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толықтай шешілді. Жыл соңына дейін Семей қаласының Степное кентінде 300 орындық және Восточное ауылында 1 200 орындық екі мектеп пайдалануға беріледі. Риддер қаласында 600 орындық мектептің құрылысы басталды. Келесі жылы тағы 6 мектептің құрылысы аяқталады. Балабақшалар мен мектептердегі қауіпсіздік біздің басты назарда. Барлық білім беру мекемелері бейне бақылау, арнайы күзет жү­йе­лерімен қамтамасыз етіл­ген. «Дабыл» түймелері, тур­ни­кет­тер, металл детекторлары ор­на­тылып жатыр, – деді облыс әкімі.

Шығыс Қазақстан облысында еңбек ресурстарын дайындау мәселесіне көзқарас айтарлықтай өзгерді. «Жас маман» жобасы бойынша базалық колледждер жанынан 6 құзыреттілік орта­лығы ашылды. Онда студенттер жаңа заманауи жабдықта тәжірибеден өте алады. Жыл соңына дейін тағы 5 орталық ашылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері шешілуде. Аймақ басшысы­ның айтуынша, колледждерде жоспарланған 7 жатақхананың 1 520 орындық 5 жатақханасы пайда­лануға беріліп, 488 орын­дық екі жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Білікті маман» жобасы табыс­ты іске асырылуда. Бұған 5 жылда түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуінің 5 есе қысқаруы дәлел бола алады.