Қоғам • 15 Қараша, 2021

Дариға НАЗАРБАЕВА: Үлкен Еуразиядағы кешенді диалогты қайта бастау керек

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтанда «Пандемиядан кейінгі жаңа әлемге көзқарас» тақырыбына арналған «Астана клубының» алтыншы отырысы ашылды. Әлемнің ең мықты 50-ден астам спикері, мемлекеттер мен үкіметтердің бұрынғы басшылары, сараптама орталықтары мен халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік БАҚ өкілдері қатысатын отырыс аясында өзекті мәселелер талқыланбақ.

Дариға НАЗАРБАЕВА:  Үлкен Еуразиядағы кешенді  диалогты қайта бастау керек

Нақтылай айтқанда, сарапшылар халықаралық диалог алаңында үш күн бойы (15-17 қараша) жаһандық эконо­миканың маңызды мәсе­лелерін, геосаясат пен халықаралық қа­ты­настарды, климаттың өзге­руі және т.б. түйткілдерді талқы­лайды.

«Астана клубының» жұмысы барысында Қазақстанның 30 жылдағы даму қарқынына, оның ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырудағы Тұң­ғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баев­тың рөліне жете назар ауда­рылмақ. Оған қоса, жаңа гео­сая­си жағдайда аймақтың даму перс­пективаларын талқылау жос­парланған.

2019 жылы Елбасының бас­тамасымен құрылған «Түн ортасы болғанда: Ядролық диалог бойынша әрекет ету уақыты» тақырыбындағы Жаһандық көш­басшылар альянсының отыры­сында ядролық қауіпсіздік мә­селелері де осы «Астана клу­бының» кезекті отырысының жұ­мысында талқыланбақ. Қазіргі уа­қытта Көшбасшылардың жаһан­дық Альянсы 70-тен астам көр­некті халықаралық қайраткерді, саясаткер мен сарапшыны және Нобель сыйлығының лауреатын бір арнаға тоғыстырып отыр.

Ив Летерм – Бельгияның Пре­мьер-министрі (2008, 2009-2011), Нино Бурджанадзе – «Біртұтас Грузия – Демократиялық қоз­ғалыс» партиясының төра­йымы, Грузия Президентінің мін­детін атқарушы (2003-2004, 2007-2008), Грузия парла­мен­тінің төрағасы (2001-2008), Да­нило Түрк – Мад­рид клу­бы­ның Президенті, Сло­ве­ния Президенті (2007-2012), Аб­дулла Гүл – Түркия Прези­денті (2007-2014 жж.), Джона­тан Гранофф – Жаһандық қауіп­сіз­дік институтының прези­денті (АҚШ), Владислав Инозем­цев – Постиндустриалды қоғам­ды зерттеу орталығының дирек­торы (Ресей), Джеймс Линд­сей – Халықаралық байланыс­тар кеңесінің (CFR) аға вице-пре­зиденті және көптеген басқа да тұлға осы және өзге бағыттар жайлы пікірлерін ортаға салады.

Диалог алаңы сессия­сы­ның ашылу салтанатында сөз сөй­леген Нұрсұлтан Назарбаев қоры­ның директоры, Пар­ламент Мә­жілісінің депутаты Дариға Назарбаева: «Біздің клуб­тың бұ­рынғы отырысы 2019 жылы өткен. Ол отырыс мүлдем басқа дә­уірде болған секілді. Содан кейін жер-жерде вирустың өршуі әдеттегі өмір тәртібін өз­гертіп жіберді. Экономикалар тоқтап, әлемнің көптеген елінде оқшаулану жағдайы туды. Вирус әлемді дәл бұлай өзгертеді деп ешкім күтпеген еді. Пандемия біздің қаншалықты өзара тығыз байланысты және бір-бірімізге тәуелді екенімізді тағы бір рет дәлелдеді. Бүгінде халықаралық қауымдастық бұрынғыдан да бірігіп әрекет етуге мұқтаж», деді. Сондай-ақ ол «өзара сенімділік режімін қалпына келтіру – қазіргі уақытта халықаралық аренада жасалуға тиіс және осы мақсатта жан-жақты көмек көрсету қажет. Бұл – «Астана клубының» басты миссиясы» екендігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры директорының айтуынша, індет әлемдік жүйеде бұрыннан бері жалғасып келе жатқан түбегейлі өзгерістерге мұрындық бол-
ды.

«Әлемде бұл өзгерістер қай бағытта болуы керек деген түсінік жоқ. Бізге бүгінде Үл­кен Еуразиядағы диалогті ке­шен­ді түрде қайта бастау керек екені айдан анық», деді Дариға Назар­баева.

Оның пікірін Thinking the Unthinkable жобасының негізін қалаушы және оның директоры, Лондон Кингс колледжінің профессоры, BBC World News жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі (1996-2014) Ник Гоуинг қолдады. «Әлемде COVID-19-ға байланысты мұн­дай жағдай боларын ешкім елес­тете алмады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы сөз еткендей, біздің нәзік планетамызға қауіп төніп тұр. Бізге ортақ көзқарас бойынша бірігу қажет. Экономикадағы және қоғамдағы тұрақсыздық, болып жатқан климаттық өзгерістер және т.б. салдарынан терең қайшылықтар туындады. Ғылым ештеңені болжай алмайды. Елдер арасындағы диалог пен өзара іс-қимылды күшейту қажет екені анық», деді сарапшы.

Осы орайда, «Еуразия таңы» кітабының авторы, Flint Glo­bal-дың бас кеңесшісі, Порту­галияның Еуропа істері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы (2013-
2015 ж.ж.) Бруно Масаеш қазіргі заманның басты сын-қатерлерін атады және мемлекеттерді сын-қатерлерді бірге жеңуге ша­қырды. «Біз биліктің қайта бө­лінуін, қалыптасқан әлемдік тәр­тіптің эрозиясын, Еуропа мен АҚШ экономикасының дағ­да­рысын көріп отырмыз. Пан­демия бұл тенденцияларды тек ушықтырды. Біз аяқ астынан сенім мен қауіпсіздіктің өте ма­ңызды екенін түсіндік. Пан­демия бізге сабақ болды. Одан алған сабағымыз тіпті біз біл­мейтін қатерлермен күресу үшін қажет. Осы мүдде бізді бірік­тіруі тиіс. Бұл тұрғыдан Қазақ­стан – осындай ымыраға келуді, жақ­сы байланыста болудың көр­сеткіші. Тәуелсіздік жылдарын­да Қазақстан елдермен ашық қарым-қатынас орнатып, Еуразияны әртүрлі қырынан зерттеп, жағ­дайға әртүрлі көзқараспен қарады», деді Бруно Масаеш.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана клубының» жұмысына 2015 жылдан бері әлемнің
40 елінен 200-ден астам спикер қатысты.