Аймақтар • 16 Қараша, 2021

Жамбылда жол апаты азаймай тұр

427 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында орналасқан өңір. Ел мен елдің, қала мен қаланың арасын жалғап тұрған жол бойында қозғалыс көп. Бұл жол жолаушылар үшін сапалы әрі ыңғайлы етіп салынған. Әрі тегіс, әрі қауіпсіз жолдың бойымен күн сайын қисапсыз көлік ағылуда. Десе де, Әулиеата өңірінің аумағында соңғы кезде жол апаты жиілеп кетті.

Жамбылда жол апаты азаймай тұр

Апта сайын ел жайсыз жағ­дайға куә болуда. Зерттеу бойын­ша, қайғылы оқиғалар көбі­несе көлік жүргізушілерінің жыл­дам­дықты арттыру салдары­нан болады екен. Одан бөлек, қауіпті бұрылыстарда жол белгі­лерінің болмауы да оқыс оқиғаның орын алуына бір себеп. Сондай-ақ ха­лықаралық тасжолдың облыс аума­ғындағы бірқатар тұстары тоз­ған. Мәселен, әлі күнге дейін Қордай ауданы мен Алматы облы­сының шекарасына дейінгі жолдар кедір-бұдыр, жөнделмеген. Осы сияқты күрделі мәселелер Меркі ауданының төңірегінде де кездеседі.

Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметов биылғы тоғыз айда 879 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтты. Өкінішке қа­рай, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,2 пайызға өсіп отыр. Ал түрлі жол-көлік оқи­ғаларының алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірге облыстың авто­мобиль жолдарына 1 684 тек­серу жүргізіліпті. Жұмыс нәти­жесінде 11 мың 713 ақау анық­талып, тиісті нұсқамалар берілген. Аймақты басып өтетін көлік жолдарын дұрыс ұстамағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­тамасыз етпегені үшін 211 лауа­зымды тұлға әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған. Бірақ түйт­кілді мәселенің түйіні мұны­мен тарқамайды. Бұл ретте «Қаз­авто­­­жол» ұлттық компаниясы» акцио­нерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова жол қауіпсіздігінің дең­­гейін арттыру мақсатында тас­­жолдардағы шұңқырларды жөн­деу, жол белгілері мен элек­трон­дық-ақпараттық таблолар орнату, елді мекендердің кіребе­рістерін­де жылдамдықты шектейтін жол бел­гілерін орнату керектігін жә­не аталған мәселелер бойынша жұ­мыстар атқарылып жатқанын айт­ты. Қазіргі кезде күн санап кө­лік құралдарының саны мен жол­дардағы қозғалыс қарқынының артып келе жатқанын ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Сол сияқты, күн санап жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші де өсуде. Осы орайда, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Са­парбаев та жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аумақтарда жол белгілерін орнату, жол ережеле­рін бұзушылық деректерін тіркеу үшін «Аркан» және «Автоураган» ап­параттық-бағдарламалық ке­шен­дері мен уақытша радарлар­ды көбейту қажеттігін, осы мә­се­леге жауапты мекемелер мен аудан­дық әкімдіктер тығыз бай­ла­ныста жұмыс істеуі тиіс екенін, ең бас­тысы тұрғындарға жол жү­ру мәдениеті мен тәртібін сақ­тауды ескертіп, жас инспектор­лар жасағының жұмысын ұйым­дастыру қажет­тігін айтқан. Алай­да өңірде күре­ жолдың бойында бейнекамералар аз болып тұр. Кей­бір құрылғылар істен шыққан.

Десе де, облыстағы поли­ция қыз­­меткерлері тиісті жұмыс­та­рын атқаруда. «Жыл сайын 1 қыр­­­­­күйектен 1 қарашаға де­йін об­­­лыстық Полиция депар­та­менті Әкім­шілік полиция бас­қармасы жол және техникалық инс­пек­ция­сының қызметкерлері автомо­биль жолдарына кешенді күзгі тек­серу жұмыстарын жүргізеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында полицейлер 7-20 қазан аралығында об­лыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы», «Қазавтожол» меке­­ме­лерінің облыстық филиа­лы­ның өкілдерімен бірлесіп, облыс аума­ғын қамтитын және рес­пуб­ликалық маңызы бар авто­мобиль жолдарын кешенді тек­серістен өткізді. Тексеру бары­­сында облыстық маңызы бар жолдарда 639 кемшілік, респуб­ликалық маңызы бар жолдарда 762 кемшілік анықталды. Жол бел­­гілерінің болмауы және олар­дың талаптарға сәйкес кел­меуі, асфальтбетон жабынының бұ­зылуы мен шұңқырлар анық­тал­ды. Күзгі кешенді тексеріс қо­ры­­тындысы бойынша облыстық жо­лау­шылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасына ­анық­талған кемшіліктерді жою бо­йынша 37 жазбаша нұсқама, ал «Қазавтожол» мекемесінің об­лыст­ық филиалына 12 нұсқама берілді», дейді облыстық Поли­ция департаменті Әкімшілік поли­ция басқармасының басшысы ­Жай­­дарбек Құттыбаев.

Жол апатының тек жылдам­дық­ты арттырудан ғана болмайтыны белгілі. Мәселен, Тараз қа­ла­сының іргесінде орналас­қан Бай­зақ ауданына қарасты Үшбұ­лақ ауылының маңында оқыс оқи­ға жиі тіркеледі. Бұл жер – «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық көлік жолының түйін­де­летін тұсы. Жол бойы жа­ғалай асхана­лар болғандықтан, ауыр жүк кө­ліктері көбінесе осында тоқ­тайды. Жолдың жағасында тізіліп тұрған жүк көліктеріне соқ­тығысу жағдайлары жиі бо­ла­ды. Әрі көп жағдайда көлік апаты таңға жуық орын алады. Сондай-ақ Қордай ауданының аумағындағы «Қордай» асуы мен Жуалы ауданының аумағындағы «Күйік» асуларында да мұндай жағдайлар жиі қайталанады. Сол сияқты, қараусыз жайылып жүрген мал да жол апатын тудыратын жағдайлардың бірі. Мәселен, жыл басынан бері Жамбыл облысында жануарлардың кесірінен 11 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оқиға салдарынан 14 адам зардап шегіп, 1 адам қайтыс болған. Көптеген ша­­руа қожалығының иелері ірі-қа­ра­­ларын қараусыз жібере салады. Ал мұның соңы көбіне қай­ғылы жағ­дайлармен аяқтала­ды. Бұл ретте патрульдік полиция ба­та­льонының қызметкерлері күн са­­йын бекітілген автожол аумақ­тарында жайылып жүрген малды жолдың жүру бөлігінен айдап өту бойынша іс-шаралар қабылдап, олардың иелерін анық­тайды екен. Сонымен қа­тар жол қозғалысы­ның қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мақса­­тын­­да республикалық және об­лыс­тық маңызы бар жолдарға жа­­қын орналасқан шаруашылық ие­лері арасында алдын алу жұ­мыстарын жүргізуде. Сон­дай-ақ «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қы­тай» автожолының 320 және 323 шақырымында мал­дың қозға­лы­сын шектейтін «Электр­пас­тух» құрылғысы орнатылыпты. Де­се де, мұның бәрі жол-көлік оқиға­ла­рының азаюына сеп бола ма, жоқ па, оны да алдағы уақыт көрсетеді.

«Жол – қателікті кешірмей­ді», деген бар. Жол бойында зау­лаған шетелдік көліктер, бірін-бірі басып озуға бейім жүргізушілер де көп. Бәрі асығыс, бәрі жыл­дам. Көліктің жылдамдығы арт­қан сайын қауіптің де арта түсе­тіні белгілі. Ал Жамбыл өңі­рін­де жиілеп кеткен жол апатына мұн­дай жағдайдың да әсер етпей қой­масы анық.

 

Жамбыл облысы