Аймақтар • 16 Қараша, 2021

Мал қараусыз қалмасын

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Керек кезінде «малым арым­ның, арым жанымның садағасы» дейтұғын кеңпейілді, кесек бітімді жұрт қызылды-жасылды дүниеден адамгершілігін жоғары қойған. Ендігі әңгіме де осы төңіректе.

Мал қараусыз қалмасын

Дүние-малдың бет-жүзіне қара­майтын мәрттікті, арлы адамгершілікті бәрінен жоғары деп есептегендіктен, ұрпағын кісі ақы­сын жемеуге, ала жіпті аттамауға тәр­биеледі. Солай бола тұра соңғы жылдары ауылдасының ақ адал еңбе­гімен өсіріп отырған төрт түлік малына түз тағысынан бетер ындыны құрып, көз алартатындардың көбеюі ойландырады-ақ.

2020 жылдың ақпан айынан бас­­тап қолданыстағы заңнамаға өзге­ріс­тер ен­гізілді. «Мал ұрлығы» деген жеке бап тү­зілді, қылмыстық жауап­кер­шілік кү­шей­тілді. Енді мал ұрлығы азайды ма?

Осы жылдың өзінде облыста 118 мал ұрлау фактісі тіркеліп отыр. Бұл мал иелерінің арыз-шағымы тиісті органдарға жетіп, анықталғаны ғана. Әйтпесе, кеңпейіл қазақтың «бір қой жай да өліп қалады», «бір малды қас­қыр да жейді» десіп, жоғын ізде­мейтін, ұры алыстан келмей, ауылдан табылса, кешіріммен қарайтын кеңдігінің ке­сі­рінен жария болмай жатқаны да аз емес.

Наурыз айында облыстық мәслихат төрт түлік малды жаю ережелерін бекітті. Жаңа ереже учаскелік полиция инс­пекторлары және әлеуметтік желі­лер арқылы малсақ қауымға жеткізілді. Осы арада тағы бір айта кететін жайт, мал жаю ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауап­кершілік қарас­ты­рылған. Өкі­нішке қарай, мұның өзі де мал иеле­рінің жауапкершілігін арттыра ал­май отырған жайы бар. Осы жылы 3,5 мың бас малдың қараусыз жүргендігі анықталған. Мал иелері жауапкершілікке тартылған. Оған қоса бақташысыз жайылымда жүріп, күре жолдың үстіне шығып кетіп, темір жол тораптарына тұяқ іліктірген үш мыңға жуық мал 182 мал қорасына қамалған. Республикалық және жер­гілікті маңы­зы бар жол бойында қа­рау­сыз жайылып жүрген мал қанша рет жол-көлік оқиғасының себепкері болды. Адам да, мал да опат болып, әрқи­лы дене жарақатын алып, бейнетке ұшы­рап жатыр. Соңғы алты жыл ішін­де төрт түліктің қараусыздығынан бол­ған 49 жол-көлік апатында бес адам қаза та­уып, 74 адам ауыр жарақат алды.

Ауылдық жердегі малсақ қауымның негізінен малдың сүмесімен күн көріп отырғаны белгілі. Әйтсе де, сол малына мұқият қарау, көзден таса етпеу жағы кемшін. Малы көзінен таса бо­лып, жазатайым айырылып қалған соң ғана опынады. Мұндайда полиция қызметкерлеріне жүгінеді. Бұл арада бір айта кетерлігі, кейбір мал иелерінің тиісті құжаттары толтырылмаған, вете­ринар­лық төлқұжаттары жоқ. Мұндай келең­сіздікті болдырмау үшін төрт ­тү­лік малды тегіс таңбалау және ен са­лу қажет. Малды тасымалдаған кез­­де ветеринарлық анықтама болуы мін­детті.

– Мал ұрлығына жол бермеу мақ­сатында Полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып мал жаю­ды ұйымдастыру, төрт түлікті таң­балау және ауыл шаруашылығы жа­нуар­ларын сәйкестендіру базасына қа­жетті мәліметтерді уақытылы ен­гі­зу мәселелері қаралды, – дейді облыстық Полиция департаментінің басшысы­ Арманбек Баймурзин. Осы жылы ғана көліктердің мал­ға со­ғылуы себебінен
7 оқыс оқиға болды. Бір адам қаза тауып, 9 жо­лау­шы жарақаттанды. Мал жолға шы­ғып кетпеу үшін жағалауы­на 15 мың метр қоршау, Нұр-Сұлтан – ­Щу­чинск бағытындағы автожолға жалпы ұзын­дығы 10 мың метрден ас­там тор орнатылды.

Осы арада бір айта кететін дүние, полиция күшінің жеткіліксіздігі. Об­лыс ішіндегі жол мыңдаған шақы­рымды құрайды. Демек, мал иелері өз бағымындағы жануарларға жауапты болуы керек. Бұл жайында полиция қызметкерлері де айтып отыр.

Осы арада бір мысал келтіре кете­лік, биылғы 24 қазанда Есіл аудандық полиция бөліміне шағым түскен. Онда Свободное ауылының тұрғыны жалпы құны 14 млн теңге­ден асатын 49 бас жылқысының жо­ғал­ғаны туралы хабарлаған. Іле поли­ция қызметкерлері 8 іздеу тобын ұйым­дастырған. Жоғалған жылқыны іздеуге жергілікті тұрғын­дар да атсалысқан. Екі тәулік ішінде аудан аумағындағы барлық сай-сала, орман-тоғай сүзі­ліп шыққан. Көп күш жұмсап, тия­нақты іздеудің нәтижесінде жайылымнан жоғалған жылқылар табылды. Сөйтсе олар елді мекеннен 15 шақы­рымдағы Қызылсу өзенінің жаға­лауынан табылған. Әрине, мал иесі жыл­қыларының сәйкестендіру базасында тіркелмегендігінен жауапқа тартылды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Сөз соңында айтарымыз, бар жа­уап­­кер­шіліктің мал иесі­нің мойнын­да еке­нін тағы бір қай­та­лағымыз ке­леді. Бұ­ры­нғы­дай «ұзын арқан, кең тұ­сауға» салы­нудың ендігі арада еш қажеті жоқ.

 

Ақмола облысы