Аймақтар • 16 Қараша, 2021

47 есірткі сату фактісі анықталды

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық по­лиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткен республикалық жедел-профилактикалық «Қарасора» іс-шарасының (ЖПІШ) облыс бойынша қоры­тындыларын шығарды.

47 есірткі сату фактісі анықталды

ЖПІШ аясында барлығы 125 заң бұзушылық, оның ішінде 47-і есірткі сату, өткізу фактісі анық­талды. Іс-шараның басты міндеті есірткі сату мен тара­туды құрықтау болғандықтан, әсіресе, осы қылмыс­тардың өршуіне полиция ерекше назар ­аударды.

Есірткімен қылмыс жасай­тындар да бүкіл елімізде жаман індет жүріп, кейбір адамдардың өліп жатқанына қарамай есірт­кі қылмысын жалғас­тыра берген. Соның бірі Жамбыл ауданының 39 жастағы тұрғыны болып шық­ты. Полицейлер оны операцияның алғашқы күн­дерінде Петропавлдың орталық көшелерінің бірінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұстаған. Оның Subaru Legacy көлігінің жүксалғышынан 5 кило марихуана салынған полиэтилен пакет тәркіленді. Ұсталған адам екі жыл бойы есірткі қолданып, сатқанын мойындады. Мұның қара базардағы құны ондаған млн теңге.

Аталған факті Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі – «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тек­тестерді өткізу мақсатында заңсыз дайын­дау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жө­нелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тек­серудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. 20 қыр­күйек күні соттың үкімімен нашақор 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл ЖПІШ барысында Солтүстік Қазақ­стан облысында тіркелген ең үлкен қылмыс болды. Жалпы, «Қарасора» іс-шарасы барысында барлығы 295,5 килограммнан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленген.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуына қарағанда: «Жыл басынан облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі бизнесі саласында 195 түрлі қылмысты анықтады. Оның ішінде есірт­кіні өткізудің 49 фактісі, 15 аса ірі көлемде сақтау фактісі болды. 409,5 кг есірткі заттары тәркі­ленген».

 

Солтүстік Қазақстан облысы