Руханият • 16 Қараша, 2021

Сауытбек Абдрахмановтың «Сұхбат сыры» кітабының таныстырылымы өтті

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Egemen Qazaqstan газетінің редакциясында Мәжіліс депутаты, жазушы-публицист Сауытбек Абдрахмановтың «Сұхбат сыры» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сауытбек Абдрахмановтың «Сұхбат сыры» кітабының таныстырылымы өтті

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, алтыншы, жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов қараша айының басында мерейлі 70 жасқа толды.

Осыған орай өзі еңбек жолын бастаған, 16 жыл біліктілікпен басқарған «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің жетпіс жастық мерейтойына оның журналистік шығармашылығының қомақты бір саласы – сұхбаттардан құралған жаңа жинақты тарту етті.

1

Іс шараға мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Әлібек Асқаров пен Несіпбек Айтұлы, сондай-ақ белгілі журналист Жанболат Аупбаев пен Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген бастаған өзге де зиялы қауым өкілдері мен тілшілер қатысты.

«Қазақтың қайраткеріне, алаштың ардақтысына, журналистиканың жампозына айналған Сауытбек Абдрахмановтың жетпістің жотасына шыққан мерейтойы ұзақ жылдар бойы өзі басқарған «Егемен Қазақстан» газеті үшін де ерекше сәт. Сондықтан газетте де бірнеше мақала жарияладық. Бұдан бөлек «Егемен Қазақстан» сериясы бойынша «Сұхбат сыры» атты сұхбаттар жинағы жарық көрді», деді Egemen Qazaqstan республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

1

Іс шара барысында профессор  Мырзатай Жолдасбеков пен академик Әділ Ахметов кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.

Жиынға қатысқан қаламгерлер Сауытбек Абдрахмановтың еңбек жолы мен шығармашылығы жайында мазмұнды әңгіме өрбітті. Сонымен қатар жаңа жинаққа енген сұхбаттар жайлы ойларын ортаға салды.