Украинада қан төгілді. Сексеннен артық адам қаза тапты. Қаншама адам жараланып, қансырап қалды. Айдың, күннің аманында жүздеген сәби жетімдік қамытын киді. Бір мыңнан артық адам жарадар болды. Қаншама отбасы үйдің тірегінен айырылса, қаншамасы мүгедек, кемтар күйде қалған отағасын немесе жақынын, бауырын өмір-бақи алақандарына салып күтуге мәжбүр болып отыр. Жүздеген көлік отқа оранды, ондаған үйлер өртеп жіберілді. Осының бәрі бейбіт күннің астында, бейбіт өмірде болған зобалаң.
Адамзаттың барынша жоғары дамыған кезеңінде осыншалық қантөгіске жол беруге бола ма? Украина халқы бас-көзді білмейтін қызуқанды немесе өркениеттен шетқақпай қалған аймақ емес қой. Ендеше, неге осыншалық қантөгіске жол берілді? Осы мәселе қазақстандықтарды қатты ойлантады. Бізбен тағдыры ұқсас, талқысы бір халықтың осындай күйге ұшырағанына өкінесің. Бізге хат жолдаған соғыс ардагері, украин халқының өкілі, алматылық Леонид Гирш ақсақал да бұған жаны қатты ауыратынын жазыпты. «Украинадағы жағдайды газеттен оқып, теледидардан көрген сайын жүрегім сыздайды. Мен Кировоград қаласында туған едім, 17 жасымда соғыс басталып, шешеммен асығыс қоштасып, майданға кеттім. Адамның кіндік қаны тамған жері ыстық болады. Сондықтан Украинада бейбіт заманда қан төгілгеніне қарадай күйіп отырмын», депті ол.
«Мен украин ұлтының өкілі ретінде тарихи отанымды да айрықша қастер тұтамын. Оны мақтан етемін. Әйткенмен, менің ұлы бабаларымның жерінде біз күтпеген, ақыл-ойымызға сыймайтын оқиғалар болып жатқанына қынжыламын. Неліктен мұндайға жол берілді деп қиялым сан-саққа жүгіруде. Мені ондағы ағайын-туыстарымның халы алаңдатады», деп жазады украин халқының тағы бір өкілі, ақмолалық Галина Булычева. Әрине, «қанына тартпағанның қары сынсын» демекші, жүректері мейірімге толы болатын украиндықтар өз бауырларының қан жұтып, қайғы шегіп жатқанына алаңдамай қояр ма? Ол түгіл басқа ұлыстың өкілі болып табылатын қазақстандықтардың да қанға боялып жатқан жас жігіттерді, енді ғана мұрты шығып келе жатқан боздақтарды көргенде аза бойы қаза болды.
Жағдай неге осыған жетті? Текетіресті бейбіт жолмен шешудің жолын билік өкілдері де, оппозициялық саясаткерлер де неге таппады? Әлде халықтың төгілген қанына олардың жаны ауырмай ма деген тәрізді сұрақтар ойдан шықпайды.
Әрине, бұл сұрақтарға жауап іздесек мәселені тереңнен қозғауға тура келеді. Украина қоғамы тым саясиланып, толып жатқан саяси партиялардың билік үшін өзара күресінің аренасына айналғанына көп болды. Мұндайда экономикаға ешкім де көңіл бөлмесі анық. Украинаға барған сапарымызда мейлінше бай, табиғи ресурстары жеткілікті, кеңестік кезеңнен өнеркәсібі де жоғары дамыған елдің алқам-салқам тірлігіне таң қалған болатынбыз. Жолдар жөнделмеген, үйлер сұрғылт қалпынан арылмаған, көше жарықтары күңгірт болып тұрған елдің иесі жоқ екендігі бірден көзге ұрған еді. Еуропаның ортасында отырып, осынша байлыққа ие бола тұрып Украинадағы жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 7 мың доллардың төңірегінде ғана болғаны да көп нәрсені аңғартпай ма? Демек, бұл ел көптен бері экономикамен айналысуды қойған.
Есесіне толып жатқан партиялардың халықты өз жағына тартуды күйттеген газет-журналдары, теледидардағы хабарлары барынша көп. Сондықтан да, әңгімелескен халықтың бәрі өзі қалаған партияның сөздерін желдей есіп, айта жөнелетін. Тіпті тұра қалып дискуссия жасап, өз партиясын жақтап, бір-бірімен сөзге де келіп жатқандарды талай көрдік және саяси өмірді «майдан» деген сөзбен үйлестіріп, егіз қозыдай тегіс теңгеріп алған. Өркениеті жоғары дамыған, экономикасы өркендеген елдерде халықтың 5 пайызы ғана саясатпен айналысады. Қалған жұрт өзінің күнделікті ісін біліп, тұрмысын жақсарту жолында еңбек етеді. Ал украиндықтар тұтас ел болып саясатпен айналысып кеткендей көрінді сонда, біздің көзімізге. Оның үстіне Батыстың Украинаның демократиялық өзгерістер жасауына көмектесеміз деп, ал шын мәнінде, толып жатқан саясаткерсымақтардың қолтығына су бүрку үшін бөлген 5 млрд. доллары да талай жандарды қыздырғаны хақ.
«Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек?» деп ұлы Абай айтқандай, бұл елде «заманды билемекке» ұмтылған жандар көп болған сияқты. Алматылық Леонид Гирш өзінің хатында: «Таяуда ғана жасым 90-ға толды. Өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, біздің Елбасының «алдымен экономика, сосын саясат» деген сөздерін қандастарыма айтып қана қоймай, саналарына сіңіргім келеді. Өйткені, Украина саясатты тізгінсіз жіберіп алып, соның зардабын тартып отыр. Түптеп келгенде экономика дамыса халықтың қарыны тоқ болып, тыныштықты сақтауға жан-тәнімен кіріседі. Ел тыныш болса, экономика да дамыған үстіне дами беретіні анық» дейді көпті көрген көне қарт.
Украиндықтардың негізгі бөлігі өздерінің ұлттық экономикаларының кешегі посткеңестік республикалармен интеграцияланса жақсы дамитынын, бұл істе өз елдерінің тіпті авангардтық позицияда болатынын жақсы біледі. Ал еуропалық интеграцияға Украинаның оңай үйлесе қоюы екіталай. Өйткені, оларда ұзақ жылдар бойғы қалыптасқан өндірістік қатынастар мен өндірістік күштердің Украинадан мүлде бөлек дәстүрлері бар. Алайда, саясиланған қоғам «біз тек қана дамыған Еуропамен бірге болуымыз керек» дегенді алға тартып отыр. Кейбір саясаткерлерде еуразиялық кеңістіктегі экономикалық интеграцияны ескі КСРО-ны жаңғыртудың құралы деп құбыжық қылып көрсетуге тырысушылығы әр жерде көрініп қалады. Соған қарағанда, ондайлардың да қайсыбір топтардың тапсырысын орындайтыны сезіледі. Сонымен қатар, орыс империализмінің, одан кейінгі кеңестік шовинистік саясаттың украин халқының арқасына батырған тізесінің зардабы да әлі толық тарқамаған. Бүгінгі күні ондағы ұлтшылдық ұйымдардың тым көп болуы да соның айғағы.
Осындай, қолдан жасалған қиястықтар, түптеп келгенде, Украина экономикасын әлсіретуге соқтырып отыр. Ал экономика әлсіресе, халықтың тұрмысы да төмендей берері хақ. Елдің беделіне, экономикалық әлеуетіне баға беретін толып жатқан көрсеткіштер құлдырап кетті. Алдын ала есептеулерге қарағанда, елге келтірілген шығын бірнеше ондаған млрд. гривеннің көлемінде көрінеді. Ал Киевке келген Еуроодақ дипломатиясының басшысы К.Эштон Халықаралық валюта қорының Украинадағы жағдайда өздерінің бағасын беретінін көлденең тартып, оның қаншалықты көмектесе алатынын айтудан жалтарды.
Міне, украиналықтар елді әсіре саясиландырудың салдарынан осындай керді бастан кешіріп отыр. Зобалаңның зардабы қашан да ауыр болмақ. Біз тек артының тыныш болғанын қалаймыз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Хаос хроникасы
Украина осы елде болған тәртіпсіздік зардаптарын жою үшін оның экономикасына 35 миллиард доллардың қаржысы қажет деп отыр.
* * *
Тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқан адамдар санын анықтау жүріп жатыр. Қазіргі есептеулер бойынша, олардың саны 100-ден асатын секілді. 23 ақпанға дейінгі деректер бойынша, көтерілісшілер қатарынан 82 адам шығын болса, полицейлер қатарынан ондаған адам қаза тапқан. Ал зардап шеккен адамдар саны 1 мыңнан асып жығылады.
* * *
Дәл қазіргі сәтте тәртіпсіздіктен келген материалдық шығындардың барлығын толық есептеу мүмкін емес. 2014 жылдың қаңтар айының соңындағы Киевтегі шығын 20 миллион гривен деп есептелген. Кәсіподақтар үйі толықтай жанып кеткендіктен, оны қайта жаңғырту керек. Киев мэриясы тоналған, бұзылған. Грушевский көшесіндегі жиекке қаланған тастар қопарылып, қорғаныс үшін пайдаланылған.
* * *
Киевте 25 ақпанда бірнеше элиталық жылжымайтын мүліктер отқа оранды. Бір күннің ішінде 18 автокөлік өртенген. Ал жалынға оранған жалпы көліктер саны 100-ден асып жығылады.
* * *
Киев орталығындағы өртенген, қираған ғимараттардың саны 10-нан асып жығылады. Қазіргі күні оларға келген шығын көлеміне есептеулер жүргізілуде.