Бұл мәселеде компаниялардың жеке немесе келісе отырып парникті газдар шығарылымын азайтуы оларға қаншалықты әсер ететіні ғана маңызды емес. Бірақ бұл да өте өзекті. Керісінше, мәселе нарықтың әлеуетіне тікелей байланысты. Қоғам игілігі үшін шығарылым көлемін жылдам әрі ауқымды түрде қысқартуды пайдалану қаншалықты дұрыс?
Қаржылық капиталдың жоқтығы мәселе туындатуы екіталай. Біріккен Ұлттар Ұйымының Климат және қаржы жөніндегі арнайы өкілі Марк Карни саммит кезінде парниктік газдар шығарылымын нөлдік деңгейге жеткізу мақсатына 130 триллион доллар бөлу жөніндегі мәлімдемесі қызу талқыланды. Мұндай мол қаражатты Карни басқаратын, дүние жүзіндегі активтердің 40 пайызын иеленетін 450-ге жуық қаржы институттары кіретін Glasgow Financial Alliance for Net Zero (GFANZ) коалициясы береді.
Бірақ бұл қаржылық міндеттемеге қатысты бірқатар сұрақ туындайды. Ең бастысы, қаржы қалай жұмсалады? Күш-жігер әлем халқының – тұтынушылардың, жұмысшылардың, үнемдеушілердің және инвесторлардың мүдделеріне сай келе ме, сондай-ақ оған лайық па?
Осы сұрақтарды ескере отырып, COP26 саммиті кезінде тағы бір, мүмкін одан да маңызды тәсілді ескергеніміз жөн. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары (IFRS) қорының Қамқоршылар тобының төрағасы Эркки Ликаннен Халықаралық тұрақтылық стандарттары кеңесінің (ISSB) құрылғанын хабарлады. Кеңес ең алдымен климатқа қатысты мәліметті жариялауға бағытталған. Бұл алға жасалған үлкен қадам, өйткені Питер Дракер айтып кеткендей: «Есептелетін нәрсе басқарылады».
Қазірдің өзінде IFRS Foundation қаржылық есеп стандарттарын шығарады. Оны 140-тан астам ел қажет етіп отыр. Мемлекеттердің ішкі есеп беру ережелерінің негізіне айналатын мұндай стандарттар жылдар бойы әлемдік капитал нарықтарының lingua franca-сына айналды. Оның себебі қарапайым. Анық стандарттар ақпараттың шынайы, салыстырмалы болуын қамтамасыз етеді. Осылайша, талдаушылар, аудиторлар, инвесторлар, несие берушілер, реттеушілер және компания менеджерлері оны пайдаланады.
Осы орайда, есеп берудегі жалпы стандарттардың эволюциясы капитал нарықтарының жаһандануы үшін маңызды. Бұл – әлемдік коммерциялық кәсіпорындардың өсу үлесін еркін қозғалатын, жеке капитал арқылы белгіленетін, жүктелетін тәртіпке бағындырған тенденция. Дегенмен мұндай тәртіп қазіргі уақытта климатқа байланысты факторларға жүрмейді.
Компаниялар қоршаған ортаның нашарлауына әрі кінәлі, әрі оның құрбаны. Олар климаттың өзгеруінің салдарынан зардап шегеді. Атап айтқанда, ауа райының жиі құбылып, табиғи апаттың көбеюінен, қоршаған ортаны қорғау немесе қалпына келтіруге қатысты мемлекеттер қабылдаған шешімдерден зиян көреді.
Дегенмен мұндай шығындардың қаншалықты жоғары екенін немесе белгілі бір компанияның қызметі қоршаған ортаға қаншалықты әсер ететінін нақты білмейміз. Өйткені оған қатысты есеп берудің ортақ жүйесі жоқ. Таза қаржылық тұрғыдан алғанда да бұл күрделі мәселе. Климат пен климаттық саясатқа қатысты шешімдердің тәуекелі көп. Бірақ дәйекті, жан-жақты есеп бермесек, мұндай тәуекелдерді өлшеу мүмкін емес, сондықтан онымен күреске де мән берілмейді.
Осындай кезде ISSB таптырмас көмекші. Әрине, органның құзыреті көп үміт күттіреді. Кеңес құрылғаннан бастап жаһандық тұрғыда әрекет етеді, сондай-ақ бірқатар индикатордың өте күрделі жиынтығын қамтитын стандарттарды қамтамасыз етеді. Әрине әзірге оған балама жоқ. Климатқа байланысты тәуекелдерді өлшеу оңай міндет емес. Қазіргі қаржылық есеп беру стандарттары көптеген жыл бойы дамып келе жатқанын ескерсек, бұл мәселе қорқынышты көрінеді.
Әйтсе де ISSB өз міндетін орындай алады деп үміттенуге негіз бар. ISSB компаниялар климатқа байланысты тәуекелдер туралы есеп беру кезінде сәйкес келуі керек ең төменгі стандарттардың жаһандық «базалық деңгейін» белгілейді. Осы базалық көрсеткіш инвесторларға тәуекелдерді әлемдік компаниялар арасында салыстыруға мүмкіндік береді. ISSB стандарттары әр елге тән мемлекеттік саясатқа қатысты көрсеткіштерді белгілемейді. Алда-жалда мемлекетте белгілі бір мақсат немесе саясат жүргізілсе, оны қосымша талап ретінде қосуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар басқару да ISSB табысының ажырамас бөлігіне айналмақ. Тәжірибе көрсеткендей, жоғарыдан төмен тапсырма берудің тым көбеюі стандарттар эволюциясын тежейді. Сондықтан IFRS қоры дүние жүзіндегі капитал нарығы органдарының өкілдерінен тұратын бақылау кеңесінен, тәуелсіз қамқоршылар кеңесінен және стандарттарды белгілейтін тәуелсіз орган – Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары кеңесінен (IASB) тұратын үш деңгейлі басқару жүйесін құрды. Ұлттық стандартты қалыптастырушылар, көпжақты ұйымдар және жеке компаниялар бірнеше консультативтік комитеттер арқылы стандарттарды орнату процесіне үлес қосады.
ISSB өз қызметі аясында IFRS қорының кең ауқымды тәсілін қайталауға арналған. Ол IASB-тің бауырлас кеңесі ретінде жұмыс істейді. IFRS қоры жаңа органның Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымымен тығыз ынтымақтасуынан үмітті. Бұл – жергілікті қабылдауды жеңілдететін тәсіл. Сонымен қатар ISSB бүкіл әлем бойынша бірнеше кеңсесін ашады.
ISSB құру төменнен жоғары және жоғарыдан төмен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әртүрлі ұйымдар мен тұлғалардың әрекеттесуіне жағдай жасайды. Капитал нарығына тұрақтылық стандарттары қажет. Құндылық туралы есеп беру қоры және Климатты ашу стандарттары кеңесі секілді ұйымдар есеп берудің алғашқы тұжырымдамаларын белгіледі. Сондай-ақ ішінара кей компанияларда қабылдануын қамтамасыз етті. Климатқа байланысты қаржылық ақпаратты ашу жөніндегі жұмыс тобы мен Дүниежүзілік экономикалық форум да маңызды жұмысқа үлес қосты.
Бірақ бұл күш-жігер мәселені орнынан жылжытқанымен, олар компанияларды шатастырып, экологиялық таза өнім шығарамыз деп алдайтын компаниялардың көбеюіне әкеліп соқты. Сондықтан осындай бастамаларды бір ортақ құрылымға біріктіру жоғарыдан төмен қарай басқарылатын сенімді билікті талап етеді. Реттеуші органдар, халықаралық ұйымдар және үкіметтер IFRS қорының қаржылық есеп беруде стандартты орнатушы ретіндегі мықты тәжірибесін ескеріп, осы міндетті оған жүктеді.
Климатқа байланысты қаржылық стандарттардың пайда болуы ISSB құруды қажет етеді. Жоғарыдан төменге және төменнен жоғарыға бағытталған бастамалардың прагматикалық қатынасын қалыптастырды. «Қалаулылар коалициясының» әрекетімен бірлесіп, әлемдегі қоғамдық игілікке қол жеткізуге арналған күш-жігерге жол ашты.
Лукрезия РЕЙХЛИН,
Еуропалық Орталық банктің бұрынғы зерттеу директоры, Лондон бизнес мектебінің экономика профессоры және Халықаралық тұрақтылық стандарттары кеңесі қорының сенімді өкілі
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org