Аламан бәйгеге қосылған қылқұйрықты жүйріктер 24 шақырымдық қашықтыққа шапты. Бұл додада бірінші орынды Маңғыстау облысының шашасына шаң жұқпаған «Мұзбалақ» аталған жүйрігі иеленіп, иесі – Нысанбек Таңатаровқа 2 млн теңге берілді. Екінші жүлде – 1 млн теңгеге тағы бір маңғыстаулық «Ақжауынның» иесі Ералы Ибашев ие болды. Ал мәреге үшінші болып жеткен Батыс Қазақстан облысынан Нұрбек Сағынбаевтың «Қаңтәңір» жүйрігі жетті. Оған 500 мың теңге табыс етілді.
Құнан бәйгенің қашықтығы 9 шақырымды құрады. Бұл додада бір-бірімен ауыздық тірескен үш жүйрік анықталды. Мәре сызығын бірінші қиған – батысқазақстандық Бекзат Өмірғалиевтің жүйрігі. Жеңімпаз жүйріктің иесі 500 мың теңгені иеленді. Одан кейінгі екінші жүлдені Ақтөбе облысынан қатысқан Нұрлыбек Балымбековтің құнаны иеленіп, иесі 300 мың теңгемен марапатталды. Үшінші орынның 200 мың теңгесі Атырау облысының Жылыой ауданынан Алдоңғар Мырзағалиев бәйгеге қосқан жүйрікке берілді.
Сондай-ақ көкпаршылардың сайысы да тартысты өтті. Бұл додада Маңғыстау облысының намысын қорғаған «Адай ата» командасы қарсыластарынан басым түсіп, 3 млн теңгені ұтып алды. Бұдан кейінгі орындарды Атырау қаласынан қатысқан екі команда өзара бөлісті. Екінші орын алған «Сүлеймен» командасы 2 млн теңгенің, үшінші орынды қанағат тұтқан «Сарайшық» командасы 1 млн теңгенің жүлдесін иеленді.