Жамбыл облысындағы дауыл салдарынан 50-ге жуық азамат медициналық көмек алуға мәжбүр болған.
38 метр/секунд жылдамдықпен соққан жел салдарынан тек шатырлар ұшып қана қоймай, бірнеше ғимараттың қоршауы бүлінген.
Қала әкімдігі таратқан мәліметтерге зер салсақ, жиырмаға жуық электр бағанасы жер құшып, 1,5 шақырымдық электр желілеріне зақым келген. Дауылдың кесірінен жылу беру уақытша тоқтаған. Шаһар көшелерінде көптеген талдар, 12 аялдама құлап қалған.
Одан бөлек, 32 бағдаршам істен шығып, 34 билборд, 64 жалауша жыртылған. Пилондардың 2 дана конструкциясы мен 4 билбордтық конструкциялар құлаған.
Қызыл-Абад, Көлтоған тұрғынжай алқаптарында, Желтоқсан-Қонаев көшелерінің қиылысында, Әйтеке би көшесі №11 үйдің маңындағы 6 спорт алаңшаларының қоршауларына зақым келген. Білім алушылар үйлеріне жіберіліп, онлайн оқу жүйесі қосылған.
Шаһарда құлаған ағаштарды кесу және тазалау жұмыстарына «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің қызметкерлері, 6 бригада тартылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына жауапты мекемелер жұмылдырылған.
Жауапты мекемелер күшейтілген режимде іске кіріскен. Алдағы тәулікте желден келген зардап салдары толық жойылмақ.