Хоккей • 18 Қараша, 2021

Жеңілістен көз ашар емес

104 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын Нұр-Сұлтанның «Ба­рысы» халықаралық үзілістен кейінгі ал­ғаш­қы ойынын сырт айдында «Со­чимен» өт­кізіп, 5:2 есебімен жеңіліп қалды.

Жеңілістен көз ашар емес

«Барыс» ойыншылары Сочиде ұйым­дастырылған матчтың алғашқы 15 минутын жап-жақсы өткізіп, айдын иелерін біраз уақыт өз аймағына жақындатқан жоқ. Дегенмен кездесудің 16-минутында жер­лестеріміздің қорғанысы сыр беріп, «Со­чи» хоккейшілері гол соғып кетті. Артём Ни­ко­лаев Ортио қор­ғаған қақпаны дәл көздеп, ко­ма­ндасын алға шығарса, арада екі минут өткенде Кирилл Мельниченко мергендік танытып, есепті 2:0-ге жеткізді.

Үзілістен кейін де айдын иелері белсенділік танытып, 23-минутта «Барыс» қақпасына үшінші шайбаларын салды. Голдың авторы – Александр Гордин. Юрий Михайлис шәкірттері осыдан кейін ғана ес жия бастады. 32-минутта Кёртис Волк көзге түссе, 36-минутта Роман Старченко есепті 3:2-ге дейін қысқартты. Алайда шешуші кезеңде айдын иелері қақпамызға тағы жауапсыз екі шайба соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. 45-минутта Джей Си Лайпон командасының төртінші шайбасын салса, 53-минутта Иван Мищенко ойынның нүктесін қойды.

Биылғы маусымда жеңісінен жеңілісі көбейіп бара жатқан «Барыстың» жағдайы әр матч сайын күрделене түсуде. Қазіргі кезде олар тұрақты біріншіліктің «Шығыс» кон­ференциясындағы жарыс кестесінде 10-орында тұр. Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін Мәскеуде «Спартакпен» өткізеді.