Экономика • 18 Қараша, 2021

«Qaz Carbon» өніміне әлем елдерінің қызығушылығы артқан

382 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласындағы көмір байыту фабрикасының құрылысы былтыр қыркүйек айында басталғанымен, кәсіпорын жұмысы бүгінде қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Qaz Carbon» өніміне әлем елдерінің қызығушылығы артқан

Мұндағы «Сарыарқа» ферроқорытпа зауытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Зауытта бүгінгі таңда 4 пеш толыққанды жұмыс істеп тұрса, келесі жылдың алғашқы тоқсанында толық қуатында жұмыс істейтін пештердің санын 8-ге жеткізу көзделген.

Зауыт өнімдеріндегі қазақстандық қамту үлесі жүз пайызға жуық шаманы құрайтыны көңілге медеу. Одан бөлек ферроқорытпа зауытының өнімі негізінен экспортқа бағдарланған. Тұтынушылардың қатарында Жапония, Корея секілді дамыған мемлекеттердің бар екенін айта кеткен ләзім.

15065

«Қазіргі кезде толық қуатында жұмыс істеп тұрған төрт пештің өзі экспортқа қомақты өнім жіберуімізге мүмкіндік беріп отыр. Жыл соңына қарай қалған төрт пеш қосылмақ. Ол кезде экспортталатын тауар көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Бүгінде мұнда жұмыс істеп жатқан азаматтардың орташа жалақысы шамамен 200-220 мың теңге аралығында. Біздің өндірген өнімдер ТМД мемлекеттеріне, ішкі нарыққа, одан бөлек Жапония секілді дамыған мемлекеттерге жөнелтіледі. Жапонияға тауар өтті деген сөз – сапаның мықтылығын көрсетеді. Бүгінде әр пештен тәулігіне 25 тонна өнім алынады. Жалпы жылына 57 мың тонна өнім алып, оны экспорттау жоспарланған. Мұндағы әр пештің қуаттылығы – 8 МВт. Шикізат ретінде негізінен марганец кені, сондай-ақ аз көлемде африкалық кен де пайдаланылады. Қалғаны көмір байыту фабрикасының көмірі. Оны біз қалпына келтіру мақсатында қолданамыз.

Африкалық кенді пайдалануымыздың себебі, қазақстандық кеннің құрамында марганец 18-20 пайыздан аспайды. Сол себепті әзірге құрамындағы марганец 42 пайызға дейін жететін шетелдік кенді де қолданамыз. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады. Мұндағы пештер автоматтандырылған жүйемен басқарылады. Адамдардың қауіпсіздігі басты назарымызда», дейді жаңа «Сарыарқа» ферроқорытпа зауытының бас директоры Евгений Штеер өз ойымен бөлісіп.

1565

«Ферроқорытпа өнімдеріне деген сұраныс мол. Жапония, Корея елдеріне экспортталып жатыр. Жалпы «Qaz Qarbon» ЖШС өнімдеріне әлемнің көптеген елдері қызығып отыр. Ферроқорытпа зауытымен қатар агломерация цехының жұмыс қарқыны көңіл қуантады. Жалпы мұнда 1600 адам жұмыс істейді. Жаңадан 190 жұмыс орны ашылды. Бүгінде қуаттылығы 8 МВт-тық 4 пеш істеп тұрғанын білесіздер. Алдағы уақытта 8 пеш түгелімен жұмыс істейтін болады. Зауытқа жапониялық мамандар келіп, сапасымен танысып, келісім жасасқаны көп нәрседен хабар берсе керек. Алдағы уақытта АҚШ өкілдері де келісімге келуі мүмкін. Жобаның негізгі бөлігін Қазақстанның даму банкі несие арқылы қаржыландырып отыр. Нақтырақ айтсақ 38 миллиард теңге несие ретінде берілген. Ол сома он жылда толық өтеліп, кейін зауыт қомақты табысқа кенеле бастайды», дейді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ төрағасы Абай Сарқұлов.

12385

49868

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ ұйымдастырған баспасөз турында журналистер байыту фабрикасының жұмысын көріп, «Сарыарқа» ферроқорытпа зауытынан бөлек, «YDD CORPORATION» ферроқорытпа зауытының жұмысымен танысты. Мұнда ферросилицийдің бірнеше түрі өндіріледі. Зауыттың өнімдері қазіргі кезде әлемнің 47 мемлекетіне экспортталып жатыр. Бүгінде жаһан бойынша өнім көлемі жағынан үздік бестікке кірген зауыт басшылығы алдағы уақытта үздік үштіктен көрінуді жоспарлап отыр. Экологиялық тазалықты 99,8 пайызға дейін сақтап, қалдық түтіннің өзінен микрокемнезем өндіріп, сол арқылы қызметкерлерінің жалақысын өтеп жүрген зауыт басшылығы мұнда жұмыс істейтін 659 азаматтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қызметкерлердің орташа жалақысы бүгінде 313 мың теңгені құрайды екен. Өнімді өндіруде 94 пайыз қазақстандық шикізатты пайдаланатынан да мақтанышпен айта кеткен ләзім. Зауыт жылына 180 мың тонна ферросилиций экспорттайды. Сондай-ақ қызметкерлерге жалақыдан бөлек 25 пайыз сыйақы тұрақты беріледі.

9846

Түйіп айтсақ, біз ат басын бұрған зауыттар жаһандық нарықта қазақстандық жоғары сапалы өнімдермен танылып жүр. Алға қойған жоспарлары да зор. Мәселен, «Qaz Qarbon» зауытына қарасты көмір байыту фабрикасы мен ферроқорытпа зауытының сегіз пеші толық жұмыс істеген кезде жұмысшы күші де, табыс көзі де арта түсетін болады. Ал YDD Corporation ферроқорытпа зауытындағы автоматтандырылған жұмыс жүйесі еліміздің көп зауытында кездеспейді.