Қазақстан • 18 Қараша, 2021

Мәулен Әшімбаев салық жеңілдіктерін жан-жақты зерделеуді ұсынды

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде ірі кәсіпорындарға берілетін салықтық жеңілдіктерді жан-жақты зерделеу керектігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев салық жеңілдіктерін жан-жақты зерделеуді ұсынды

«Үкімет үлкен жұмыс жасап жатыр. Бұл жұмыстардың барлығын депутаттар да қолдайды. Осы жұмыстардың аясында алдағы уақытта салықтық жеңілдіктерді де бір сараптап қойған артық болмайтын шығар деп есептейміз. Жалпы, біздің қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы салықтық жеңілдіктерге байланысты бюджет түсімі 4,8 трлн теңгеден астам сомаға кем болды. Бұл үлкен сома. Негізгі салықтық жеңілдіктер шағын кәсіпорындарға емес, үлкен кәсіпорындарға беріліп жатқаны белгілі», деді ол Сенаттың жалпы отырысында.

Сенат спикерінің дерегінше, осы жеңілдіктердің 40 пайызы қаржы және тау-кен өндіру саласындағы кәсіпорындарға тиесілі болып отыр.

«Бұл ретте салықтық жеңілдіктерден бас тартайық деген әңгіме жоқ. Ол халықаралық тәжірибе. Оны қолдануымыз керек, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Дегенмен осы жеңілдіктер мемлекетімізге не беріп жатыр? Экономикамызға қандай әсерін тигізеді? Соны да бір сараптап қойған артық болмас. Осы жылдың басында Президент Салық кодексіне түгендеу жасау керектігін айтқан болатын. Осы жұмыстың аясында салықтық жеңілдіктерді де жан-жақты зерделейсіздер деп сенеміз. Сол жұмыстың қорытындысы бойынша Парламентке ақпарат бересіздер деп үміттенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.