Қазақстан • 18 Қараша, 2021

Көмір кеніштеріндегі баға тұрақты – Бейбіт Атамқұлов

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Сенаттың жалпы отырысында өңірлерге көмір жөнелту жұмыстары жөнінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көмір кеніштеріндегі баға тұрақты – Бейбіт Атамқұлов

«Көмір бағасын өсірмеу үшін біраз іс-шара қабылдадық. Ең алдымен көмір өндіретін Қаражыра, Богатырь, Шұбаркөл сияқты ірі компаниялармен меморандумға қол қойылып, тұрақты бағаға келістік. Бағалары 5 200-ден басталады. Ең қымбаты - Шұбаркөл көмірінің тоннасы 5 700 теңге», деді министр Сенат депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, биылғы жылыту маусымында өңірлерден 9,3 млн тонна көмірге сұраныс болған. Қазіргі уақытта бұл көлемнің 8,8 млн тоннасы өңірлерге жөнетілді.

«Қазір көмір тиелген вагондар уақытылы беріліп жатыр. Көмір кеніштеріндегі баға тұрақты. Көмір өңірлерге жеткізілгенде олардың өздерінің бөлу орталықтары бар. Қазіргі уақытта Шұбаркөл көміріне сұраныс көп болғандықтан қараша айында 484 мың тонна көмірге қосымша тапсырыс бердік. Көмір уақыты тиеліп жөнелтіліп жатыр. Өңірлерден тағы сұраныс болса, онда көмір көлемін арттыруға дайынбыз», деді Бейбіт Атамқұлов.