Экономика • 18 Қараша, 2021

Мәулен Әшімбаев: Үшжылдық бюджет – Үкіметке үлкен сынақ

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы үшжылдық бюджет туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Үшжылдық бюджет – Үкіметке үлкен сынақ

«Біз Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы және 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын қарадық. Жалпы алдағы үш жылға арналған бюджет еліміздің дамуындағы басымдықтарды қамтамасыз етуге бағытталған. Соңғы жылдары Қазақстанда пандемия салдарын еңсеруге басымдық берілгені белгілі», деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтар мен зардап шеккен кәсіпорындарға қолдау көрсетуге қомақты қаражат жұмсалуда.

«Жағдай әлі де мәз емес. Бірақ, Қазақстан пандемия дағдарысын еңсеріп келеді деп айтуға болады. Сондықтан алдағы үш жылдың бюджеті қайта қалыпқа келуге және дамуға бағытталып отыр. Президенттің биылғы Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтірудің нақты міндеттері белгіленді. Өнеркәсіптің тиімділігін арттыруға, өңірлерді дамытуға, халықты алаңдатқан өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты мақсат-міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі аясында 10 Ұлттық жоба әзірленіп, бекітілді. Олар экономиканың өсуіне және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», деді Сенат Спикері.

Жоғары палата төрағасы бүгін қаралған үш жылдық бюджетте сол жобаларды іске асыру үшін тиісті қаражат бөлініп отырғанын атап өтті. Ол әр теңгені орынды пайдаланып, мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру аса маңызды екендігін баса айтты.

«Жалпы, алдағы үшжылдық бюджетті Үкімет үшін үлкен сынақ деуге болады. Себебі, Үкімет экономиканы дамыту қарқынын арттыру және көлеңкелі секторды азайту арқылы бюджеттің кірісін 35%-ға өсіруді көздеп отыр. Сонымен бірге бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемін қысқарту жоспарланған. Бұл мәселені Сенат депутаттары бұған дейін де көтерген болатын. Бүгін Үкіметтің осы бағыттағы белсенділігін байқап отырмыз. Осындай бастамаларды біз, әрине, қолдаймыз. Соған қарамастан мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толығымен орындала береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар