Аймақтар • 18 Қараша, 2021

Шымкентте отандық бизнесті дамытуға арналған іскерлік жиын өтті

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкентте YPO Forum Shymkent үшінші бизнес-форумы өтті. Жаңа жағдайдағы бизнес мүмкіндіктерін қарастыруға арналған форумға қала әкімі Мұрат Әйтенов және Қазақстанның бірқатар беделді бизнес өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте отандық бизнесті дамытуға арналған іскерлік жиын өтті

Форумның ашылуында сөз сөйлеген қала әкімі отандық бизнесті дамытуда бүгінгі іскерлік жиынның маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтты. Отандық бизнесті дамыту, жаңа жағдайдағы іскерлік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша бүгінгі форум жемісті болады деген сенімдемін. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде елімізде оңтайлы бизнес климат қалыптасты. Қазақстандық бизнес ашық және мобильді бола түсті. Кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Біз инвесторлар үшін қолайлы бизнес климат қалыптастыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Шымкент беделді іскерлік ортамен серіктестікті нығайтуға әрқашан дайын екенін жеткіземін!», деді М.Әйтенов.

1

Іс-шара барысында Мұрат Әйтенов биыл қала өнеркәсібінің көлемі 411 млрд теңгеден 711,5 млрд теңгеге жететінін айтты. Қалаға осы уақыт ішінде 2,6 трлн теңге инвестиция тартылып, 200-ден аса жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асқан. Шағын және орта бизнес саласында – 87 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілер тіркеліп, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41,6%-ға жетті.

Бизнес-форумның модераторы «Centrasia Group» басқармасының төрағасы Алмас Құдайберген болды.

YPO (Young Presidents Organization) – әр елде өз бөлімшелері бар бизнесмендердің жабық халықаралық клубы. Әлем бойынша клубтың 25 мың табысты басшылары мен бизнес басқарушы мүшелері бар. Қазақстанда YPO құрамына 34 кәсіпкер кіреді.

Форум мінберінде Chocofamily интернет-холдингінің негізін қалаушы және осы ұйымның Бақылаушылар кеңесінің төрағасы Рамиль Мухоряпов, Tan Media тобының құрылтайшысы, «31-арна» телерадиокомпаниясы мен бірқатар тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшісі Арманжан Байтасов, Bilim Media тобының құрылтайшысы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, Freedom Holding Corp компаниясының Бас атқарушы директоры және Директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Alageum Electric компаниялар тобының құрылтайшысы Еркебұлан Ильясов, BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы, компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөлісті.

2