12 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты Елжан Біртановқа бұлтартпау шарасын тағы да ұзартты. Сот оны тағы екі ай, 14 қаңтарға дейін, тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысқанша, үй қамауында болу керек деп есептеді. Бірақ Біртанов пен оның қорғаушылары бұл шешіммен келіспеді.
18 қарашада Нұр-Сұлтан қалалық сотында апелляциялық шағымды қарау басталды. Экс-министрдің адвокаттары сот алқасының судьясы Элеонора Оңғарсыноваға қарсылық білдірді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, бұған дейін судья Біртановқа үй қамауын ұзарту туралы олардың апелляциялық шағымдарын қараған, сондықтан ол біржақты болуы мүмкін.
«Судья Оңғарсынова өзінің бұрынғы қаулыларына байланысты шағымды еркін, бейтарап және тәуелсіз қарай алмайды. Ол Біртановты қамауға алуды ұзарту туралы өзінің шешімдеріне қарсы шыға алмайды», деп толықтырды адвокат Дмитрий Куряченко.
Судья Алмас Тәжімбетов қарсылық білдіруден бас тартты. Ол адвокаттардың дәлелдері қылмыстық іске қатысты екенін түсіндірді.
Адвокат Нұрлан Бейсекеев тергеу сотының судьясы Ақмарал Исаеваның қаулысының күшін жою керектігін айтты.
«Куәгер Цой, яғни қазіргі денсаулық сақтау министрі, 2020 жылғы 21 қазанда сөзбе-сөз былай деді: «актілерді Шубин мен Есенбай қол қоюға алып келді және жұмыстардың орындалғанын түсіндіріп, тиісті құжаттарды қоса берді. Барлық қажетті визалар тұрғанына көз жеткізгеннен кейін мен орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойдым». Тергеуші Ашеновтың екі рет қойған сұрағына куәгер Цой: «Біртанов маған орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою жөнінде ешқандай тапсырма берген жоқ, Біртанов платформа бойынша барлық жұмыс көлемін қабылдау туралы мәселені алдыма қойған жоқ», деп оқыды адвокат.
Экс-министрдің өзі соттан үй қамауын ұзарту туралы қаулыны алып тастап, оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен алмастыруды сұрады.
«Мен осы шектеуді ешқандай жолмен бұзбайтыныма және Қазақстан Республикасының Заңын қандай да бір жолмен бұзбайтыныма, сіздердің абыройларыңызға кепілдік беремін. Мен заңға бағынатын азаматпын. Мен бұл істі заңды түрде қарауға мүдделімін», деді Елжан Біртанов.
Ал прокурор Төлеген Жараспаев өз сөзінде Біртановтың үй қамауын ұзарту туралы қаулыны өзгеріссіз қалдыруды өтінді.
Нәтижесінде, судья Оңғарсынова 12 қарашадағы қаулыны өзгеріссіз қалдырып, адвокаттардың жеке шағымдарын қанағаттандырмады.
Еске сала кетсек, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің Ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталуда. Қылмыстық іс 133 томнан тұрады.
Біртанов бір жылдан бері үй қамақта отыр