Қазақстан • 18 Қараша, 2021

Қуатты өңір – тұрақты өсім немесе «Жайлы тұрғын үй» жайлы не білеміз?

441 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел дамуына ерекше серпін беретін ұлттық жобалардың қатарында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы да бар. Ол негізгі қызметтерге деген тең қолжетімділікті және елдің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған екі бағытты іске асыру үшін 4 тапсырма, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген.

Қуатты өңір – тұрақты өсім немесе «Жайлы тұрғын үй» жайлы не білеміз?

Тұрғын үй секторындағы тың қадам

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің мәлімдеуінше, ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 7,6 трлн теңгені құрап отыр. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4 трлн теңге, жергілікті бюджеттен 786 млрд теңге қарастырылмақ. Бұдан бөлек, 2,8 трлн теңге жеке инвестиция тарту көзделген.

– Негізгі қызметтерге тең қол­же­тімділік бағыты бойынша инфра­құ­рылымды кешенді дамытуға қатысты екі тапсырманы орындау және «Жай­лы тұрғын үй» жаңа тұрғын үй бағ­дар­ламасын іске асыру көзделіп отыр. Ин­фрақұрылымды кешенді дамыту 16 мың шақырым сумен жабдықтау жә­не су тарту желісін, 46 топтық су құ­бы­рын, 875 шақырым нөсер кәрізі және арық жүйесі желісін салу мен қайта жөн­деуді көздейді. «Ауыл – ел бесігі» жо­басы шеңберінде ауыл ішінде 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жол және 1,5 мың әлеуметтік нысан салынып, жөнделеді. Нәтижесінде, қала халқы ауыз­сумен және ағын суларды тазарту жүйе­сімен толықтай қамтамасыз етіледі. 3,5 мыңнан астам ауылдың инфра­құрылымы өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жаңғыртылады, – дейді Ә.Ерғалиев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың дерегінше, бүгінде 17,7 млн адам немесе ел халқының 94,1 пайызы сумен жабдықтау қыз­метімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде қала халқының үлесі – 97,5 пайыз (10,6 млн адам), ал ауыл халқының үлесі – 90,1 пайыз (7,1 млн адам).

«Жайлы тұрғын үй» шеңберінде тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Бұл ретте 185,1 мың адам үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу, 102,3 мың бірлік әлеуметтік жалға беру құрылысын салу шығыстарын субсидиялау көзделген. Сонымен қатар кредиттік тұрғын үй салу, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй тұрғызу, ауылда 2,9 мың жалға берілетін үй бойынша жұмыс берушілердің шығындарын суб­сидия­лау қарастырылған. Жалпы, жоба аясында 103 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 235 мың жер учаскесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Осылайша 2025 жылға қарай 977 мың адамның тұрғын үй жағдайы жақсарады.

– «Жайлы тұрғын үй» бағытын іске асыру аясында әкімдіктердің әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруы аяқталады. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын субсидия­лау және отбасы мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кезекте тұрған азаматтарды қол­дау жоспарлануда. Бұл тетікте тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы іске қосылады. Ол жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын тарта отырып, жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастырады және жалға алушылармен шарттар жасай отырып, тұрғын үй қорын басқарады. Бұл ретте жеке құрылыс салушыларды жер учаскелерін және тұрғын үй көлемінің 50 пайызын сатып алу немесе жалға беру бойынша кепілдендірілген «оффтейк-келісімшарттар» арқылы тарту жоспарланған, – дейді Қ.Өскенбаев.

Алдағы 5 жылда кезекте тұрғандар үшін 86 мыңнан астам пәтер салынады. Кезекте тұрған 404 мың адам Отбасы банкі арқылы 2 пайыздық және 5 пайыздық жеңілдікпен несие ала алады. Ол үшін ұлттық жоба аясында 400 млрд теңге бөлу және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары 63 мың кезекте тұрған азаматтарды қолдау жоспарланған.

– Мемлекет басшысының осы жыл­ғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәй­кес іске асырылатын жеңілдетілген ипо­текалық бағдарламалардың тұтас шарттары сақта­латын болады. Ол үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәй­кес тұжырымдама қабылданғаннан кейін бекітілетін қағида­лар­ды әзірлеу жоспарлануда. Соны­мен қатар осы қағидалар шеңберінде кре­дит­теудің бірыңғай ең жоғары сомасы 15-18 млн теңге шегінде, алдын ала тұрғын үй қарыздары бойынша ең төменгі бастапқы жарна 10 пайыз мөлшерінде болмақ. Жеңілдетілген бағдарламаларға қатысушылардың тізбесі кеңейтіледі және ең төмен күнкөріс деңгейінің шекті мөлшері ұлғайтылады, – деп нақтылады Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі.

Бұл ретте Отбасы банкі ұлттық қол­­­дау институты мәртебесін алмақ. «Тұр­­­ғын үймен қамтамасыз ету орта­лығы» арқылы банк тұрғын үйге мұқ­таждардың есебін жүргізеді, сондай-ақ табысқа сәйкес кезекке қою күні бойынша мемлекеттік қолдау шараларын кезекте тұрғандар арасында бө­луді орталықтандырып, жүзеге асырады. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» базасы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланбақ.

– «Жайлы тұрғын үй» бағытын іске асыру шеңберінде 5 жылдық еңбек шарты бар қызметкерлеріне тұрғын үй салып беретін жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігі енгізіледі. Жұмыс берушілер шығындарының 50 па­йызына дейінгі сомасы өтелетін болады. Бұдан бөлек мегаполистерде жұ­мыс істейтін жастар үшін әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жалғасады. Сонымен қатар облыстар Отбасы банкімен бірлесіп жас отбасылар үшін жеңілдетілген кредит берудің өңірлік бағдарламаларын бекіту бо­йынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ өңірлердің тұрғын үй қорын ұлғайту мақсатында «ескі кварталдарды» реновациялау бағдарламалары қабылданып, тұрғын үй құрылысындағы проблемалық нысандарды аяқтау шаралары жүзеге асырылады, – дейді Қ.Өскенбаев.

Көліктік байланыстың көкжиегі кеңиді

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­вері» ұлттық жобасының екінші бағыты – көліктік байланысты қамтамасыз ету шеңберінде ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың байланысын арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте 11 мың шақырым республикалық және 27 мың шақырым жергілікті жол салынып, жөнделеді.

– Бұл «жақсы» және «қанағат­та­нарлық» жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100 пайызға және жергілікті маңызы бар автожолдың үлесін 95 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Аумақ­тар­дың байланысын арттыру үшін бір­қатар ірі жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, «Достық – Мойынты» учаскесін электрлендіру және екінші жол құрылысын салу жобалары Қытай – Еуропа – Қытай жолының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол же­лі­сін салу Сары­­ағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есе арттырады. «Түр­кістан – Шымкент – Ташкент» жоға­ры жылдамдықты магистралын салу барлық өңірдің туристік жә­не инвестициялық тартымдылығын айтар­лықтай жақсартпақ. Алматы стансасын айналып өтетін темір жол желісін салу жобасы жүк арту мерзімін 2 тәулікке қысқартады. Аумақтардың байланысын арттыру шараларын іске асыру транзит көлемін 30 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлер тасымалын 1,6 млн тоннаға ұлғайтпақ, – дейді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскен­баевтың айтуынша, «Достық – Мойын­ты» учаскесін электрлендіру және екінші жол құрылысын салу (833 шақы­рым) жұмыстары 2022 жылы басталып, 2025 жылы аяқталмақ. Жаңа те­мір жол Ақтоғай, Балқаш, Мойынты жә­не тағы да басқа ірі елді мекендер арқылы өтетін болады. Онда темір жолда көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі ұсынылады.

– Биыл «Достық – 19 разъезд» учаске­сінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Оны 2022 жылы аяқтау жоспарланған. «Достық – Мойынты» учаскесіне қатысты жобаны іске асыру темір жол транзиттік дәліздерінің өткізу қабілетін 5 есе (12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін) ұлғайтуға, жүктерді тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға, транзиттік контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1 050 километрден тәулігіне 1 300-1 400 километрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы 5 жылда Қазақ­стан мен Қытай арасындағы тасымал көлемі 2,6 есе артты. 2020 жылы екі ел арасындағы тасымал көлемі 21,6 млн тоннаны құрады. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 23 пайызға жоға­ры. Бұл ретте тасымалданған жүк­тің 15 млн тоннасы «Достық – Ала­шанькоу» бекеті арқылы өткен. Ста­тистика көрсетіп отырғандай, елдер арасындағы транзит ұлғая бермек және жаңа темір жол учаскесінің құрылысы жүктер мен тауарлардың басқа түрлерін үздіксіз жеткізуге жол ашады, – дейді Қ.Өскенбаев.

Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту­дың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдарламасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­вері» ұлттық жобасына айналатынын атап өткен жөн. 2020 жылға дейін елімізде республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығы қалпына келтірілді. Бұл республикалық желінің 89 пайызын, жергілікті желінің 75 пайызын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00