Тұрғын үй секторындағы тың қадам
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің мәлімдеуінше, ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 7,6 трлн теңгені құрап отыр. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4 трлн теңге, жергілікті бюджеттен 786 млрд теңге қарастырылмақ. Бұдан бөлек, 2,8 трлн теңге жеке инвестиция тарту көзделген.
– Негізгі қызметтерге тең қолжетімділік бағыты бойынша инфрақұрылымды кешенді дамытуға қатысты екі тапсырманы орындау және «Жайлы тұрғын үй» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыру көзделіп отыр. Инфрақұрылымды кешенді дамыту 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су тарту желісін, 46 топтық су құбырын, 875 шақырым нөсер кәрізі және арық жүйесі желісін салу мен қайта жөндеуді көздейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл ішінде 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жол және 1,5 мың әлеуметтік нысан салынып, жөнделеді. Нәтижесінде, қала халқы ауызсумен және ағын суларды тазарту жүйесімен толықтай қамтамасыз етіледі. 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жаңғыртылады, – дейді Ә.Ерғалиев.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың дерегінше, бүгінде 17,7 млн адам немесе ел халқының 94,1 пайызы сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде қала халқының үлесі – 97,5 пайыз (10,6 млн адам), ал ауыл халқының үлесі – 90,1 пайыз (7,1 млн адам).
«Жайлы тұрғын үй» шеңберінде тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Бұл ретте 185,1 мың адам үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу, 102,3 мың бірлік әлеуметтік жалға беру құрылысын салу шығыстарын субсидиялау көзделген. Сонымен қатар кредиттік тұрғын үй салу, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй тұрғызу, ауылда 2,9 мың жалға берілетін үй бойынша жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қарастырылған. Жалпы, жоба аясында 103 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 235 мың жер учаскесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Осылайша 2025 жылға қарай 977 мың адамның тұрғын үй жағдайы жақсарады.
– «Жайлы тұрғын үй» бағытын іске асыру аясында әкімдіктердің әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруы аяқталады. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын субсидиялау және отбасы мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кезекте тұрған азаматтарды қолдау жоспарлануда. Бұл тетікте тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы іске қосылады. Ол жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын тарта отырып, жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастырады және жалға алушылармен шарттар жасай отырып, тұрғын үй қорын басқарады. Бұл ретте жеке құрылыс салушыларды жер учаскелерін және тұрғын үй көлемінің 50 пайызын сатып алу немесе жалға беру бойынша кепілдендірілген «оффтейк-келісімшарттар» арқылы тарту жоспарланған, – дейді Қ.Өскенбаев.
Алдағы 5 жылда кезекте тұрғандар үшін 86 мыңнан астам пәтер салынады. Кезекте тұрған 404 мың адам Отбасы банкі арқылы 2 пайыздық және 5 пайыздық жеңілдікпен несие ала алады. Ол үшін ұлттық жоба аясында 400 млрд теңге бөлу және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары 63 мың кезекте тұрған азаматтарды қолдау жоспарланған.
– Мемлекет басшысының осы жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес іске асырылатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың тұтас шарттары сақталатын болады. Ол үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес тұжырымдама қабылданғаннан кейін бекітілетін қағидаларды әзірлеу жоспарлануда. Сонымен қатар осы қағидалар шеңберінде кредиттеудің бірыңғай ең жоғары сомасы 15-18 млн теңге шегінде, алдын ала тұрғын үй қарыздары бойынша ең төменгі бастапқы жарна 10 пайыз мөлшерінде болмақ. Жеңілдетілген бағдарламаларға қатысушылардың тізбесі кеңейтіледі және ең төмен күнкөріс деңгейінің шекті мөлшері ұлғайтылады, – деп нақтылады Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі.
Бұл ретте Отбасы банкі ұлттық қолдау институты мәртебесін алмақ. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» арқылы банк тұрғын үйге мұқтаждардың есебін жүргізеді, сондай-ақ табысқа сәйкес кезекке қою күні бойынша мемлекеттік қолдау шараларын кезекте тұрғандар арасында бөлуді орталықтандырып, жүзеге асырады. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» базасы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланбақ.
– «Жайлы тұрғын үй» бағытын іске асыру шеңберінде 5 жылдық еңбек шарты бар қызметкерлеріне тұрғын үй салып беретін жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігі енгізіледі. Жұмыс берушілер шығындарының 50 пайызына дейінгі сомасы өтелетін болады. Бұдан бөлек мегаполистерде жұмыс істейтін жастар үшін әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жалғасады. Сонымен қатар облыстар Отбасы банкімен бірлесіп жас отбасылар үшін жеңілдетілген кредит берудің өңірлік бағдарламаларын бекіту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ өңірлердің тұрғын үй қорын ұлғайту мақсатында «ескі кварталдарды» реновациялау бағдарламалары қабылданып, тұрғын үй құрылысындағы проблемалық нысандарды аяқтау шаралары жүзеге асырылады, – дейді Қ.Өскенбаев.
Көліктік байланыстың көкжиегі кеңиді
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының екінші бағыты – көліктік байланысты қамтамасыз ету шеңберінде ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың байланысын арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте 11 мың шақырым республикалық және 27 мың шақырым жергілікті жол салынып, жөнделеді.
– Бұл «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100 пайызға және жергілікті маңызы бар автожолдың үлесін 95 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Аумақтардың байланысын арттыру үшін бірқатар ірі жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, «Достық – Мойынты» учаскесін электрлендіру және екінші жол құрылысын салу жобалары Қытай – Еуропа – Қытай жолының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол желісін салу Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есе арттырады. «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралын салу барлық өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай жақсартпақ. Алматы стансасын айналып өтетін темір жол желісін салу жобасы жүк арту мерзімін 2 тәулікке қысқартады. Аумақтардың байланысын арттыру шараларын іске асыру транзит көлемін 30 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлер тасымалын 1,6 млн тоннаға ұлғайтпақ, – дейді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаевтың айтуынша, «Достық – Мойынты» учаскесін электрлендіру және екінші жол құрылысын салу (833 шақырым) жұмыстары 2022 жылы басталып, 2025 жылы аяқталмақ. Жаңа темір жол Ақтоғай, Балқаш, Мойынты және тағы да басқа ірі елді мекендер арқылы өтетін болады. Онда темір жолда көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі ұсынылады.
– Биыл «Достық – 19 разъезд» учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Оны 2022 жылы аяқтау жоспарланған. «Достық – Мойынты» учаскесіне қатысты жобаны іске асыру темір жол транзиттік дәліздерінің өткізу қабілетін 5 есе (12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін) ұлғайтуға, жүктерді тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға, транзиттік контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1 050 километрден тәулігіне 1 300-1 400 километрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы 5 жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы тасымал көлемі 2,6 есе артты. 2020 жылы екі ел арасындағы тасымал көлемі 21,6 млн тоннаны құрады. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 23 пайызға жоғары. Бұл ретте тасымалданған жүктің 15 млн тоннасы «Достық – Алашанькоу» бекеті арқылы өткен. Статистика көрсетіп отырғандай, елдер арасындағы транзит ұлғая бермек және жаңа темір жол учаскесінің құрылысы жүктер мен тауарлардың басқа түрлерін үздіксіз жеткізуге жол ашады, – дейді Қ.Өскенбаев.
Бұл ретте инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналатынын атап өткен жөн. 2020 жылға дейін елімізде республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығы қалпына келтірілді. Бұл республикалық желінің 89 пайызын, жергілікті желінің 75 пайызын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді.