Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында «Арқаның аңызы, Алаштың абызы» деген атпен өткен кездесу кеші жазушының өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат берген «Тұлға» деректі фильмінің көрсетілімімен басталды. Одан кейін мерейтой иесі сөз алып, өзінің елге, туған жерге деген сағынышын, іштегі шерін, көкіректегі мұңын өлең сөзімен жеткізді. Сөз арасында жазушы жуырда өзінің 25 томдық шығармалар жинағының жарыққа шыққанын да айтып өтті.
Софы Сматаев Қарағанды облысының Шет ауданындағы Киікті ауылында дүниеге келген. Мәскеудің Болат және қорытпалар институтын тәмамдағаннан кейін, Ресей астанасындағы «Орақ және балға» зауытында, Ново-Тульский металлургия зауытында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтында инженер болып жұмыс істеді.
Әйтсе де, техникалық білімнің бала кезінен жазушылықты арман еткен жастың жолына бөгет болмағанын айта кету керек. Софы Сматаев алғашқылардың бірі болып сол заманның өлшемімен алғандағы аса күрделі және қатерге толы тарихи тақырыпқа қалам тербеп, «Елім-ай» роман- дилогиясын дүниеге әкелді. Жазушы осы туындысы арқылы әдебиет әлеміне танымал болып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Бұдан бөлек жазушы қаламынан «Ақжелең», «Бұлақ», «Мәңгілік бастау» сынды романдар, «Алау», «Алғашқы асу», «Қайран жастық» әңгімелері туды. Бұл еңбектер де оқырмандар мен сыншылар тарапынан лайықты бағасын алған.
Сексенге жасы келген жазушыны алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов өңір басшысының және өзінің атынан құттықтап, қазақтың дәстүрімен иығына шапан жапты, лайықты сый-сияпатын жасады.
Шығамашылық кеште мерейтой иесімен бірге келген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі ақын, ғалым Бауыржан Жақып, ақын, мәдениет қайраткері Бақытжан Тобаяқ және Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы сахна төріне көтеріліп, жазушыға құттықтау сөз арнады.
Ұлықбек Есдәулет мерейтой иесін «Болат интситутын бітіріп, болаттың қадір-қасиетін зерттеген адам өзі де болаттай берік жазушы» деп бағалап, қадірменді қаламгерге ұзақ ғұмыр тіледі. «Бұл кісілердің сол кездегі ерлігін Гагарин мен Титовтың аспанға ғарышқа ұшқанымен теңеуге болады. Өйткені тыңнан жол салған адамдар!», деді Ұ.Есдәулет. Ақын Бауыржан Жақып жазушыға арнаған өлеңін:
«Өмірге туған жерден
қуат алып,
Софы ағам 100-ге дейін
жүре берсін!
100-ден асып өмір
сүре берсін!»,
деген тілекпен түйіндеді.
Ал ақын Серік Ақсұңқарұлы жазушы ағасын мұзжарғышқа теңеді.
– Киікті стансасында туып, Мәскеуде оқып, Алматыда кемеліңізге келіп, сексен белден асқаныңызда туған жеріңізге классик болып оралдыңыз. Сіздің әдебиетке келген кезіңіз біздің көз алдымызда: қазақтың бетке шығар ұлдарын Әлиханнан бастап Мағжанға дейін қалқып алып тастаған сталиндік репрессияның, одан кейін тың игеру қазақтың менталитетін бұзған кездің, өзіңіз туған Қарағанды Қарлагқа айналған заманның сызы қайтпай тұрып сіз Арқадан бірінші болып қазақ әдебиетіне келген азаматсыз. Біз сізді мұзжарғыш деп есептейміз. Сіз жарған мұздың үстінде тәлтіректеп, сіздің соңыңыздан біз келдік: Ахаңдар келді – Ақселеу Сейдімбектер, Жеңіс Қашқыновтар келді, Дәуітәлі Стамбековтер келді. Ұлытаудан – Жүрсін, Жаңаарқадан Ғалым шықты. Сіз болмасаңыз, біздің әдебиетке бару-бармауымыз неғайбіл еді. Сол кезде қазақтың руханияты жүдеп тұрған, бұлақтары сарқылып, мұз қата бастаған-тұғын. Сол мұзды алғаш жарған сіз едіңіз. Сондықтан біздің аңызымыз да, абызымыз да өзіңізсіз, – деп тебірене сөз арнады Серік Ақсұңқарұлы.
Жазушыны жерлестері атынан Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров құттықтап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Келесі кезекте өңірге есімі мәшһүр меценат, Орталық Қазақстан академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов жазушының шығармашылық тойына миллион теңгені шашу қылып шашты.
Шығармашылық кеште Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртістері Софы Сматаевтың өлеңдерінен үзінді оқыды. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй тартты.
Кешті жүргізу құрметіне ие болған дәстүрлі әнші, өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай Мәдидің «Қаракесек» әнін нақышына келтіре орындап, мерейтой иесі мен көрермен қауымға серпіліс күйін сыйлады.
Туған жердің төсінде оқырмандарымен қауышып, елге деген сарытап сағынышын басып, іштегі шерін тарқатқан жазушы сахна төрінде тұрып, қалың жұртшылыққа, өзіне сый-құрмет көрсеткен азаматтарға басын иіп, алғысын айтты.
Рас, қашанда шымбайға батса да, шындықты айтатын жазушы, драматург, ақын Софы Сматаев күрделі де қайшылықты тұлға. Мемлекеттік сыйлыққа 11 рет ұсынылып, тауы шағылып, меселі қайтқан, оның үстіне таяуда жарты ғасырдан астам уақыт отасқан жарынан айырылған қарт қаламгердің өз сөзімен айтқанда «айтар өкініші де, өтініші де» көп. Осы өткен шығармашылық кешінде де жазушы мұның шет жағасын естіртіп қалып жатты. «Сексенге келген адам сегіздегі бала сияқты болады. Елге келіп, еркелеп, шерін тарқатқан жазушының аз-кем айтқан өкпесіне біз кешіріммен қарауымыз керек», деп Серік Ақсұңқарұлы айтқандай, Қарағанды жұрты да мұны зор түсінушілікпен қабыл алды.
ҚАРАҒАНДЫ