Осы бір ұлы көштің жолын ашып, жөн-жобасын көрсеткен адам – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ең әуелі айтарымыз, еліміз тәуелсіздігін жариялаған тарихи дата – 1991 жылы 16 желтоқсан күнінен дәл екі апта өткенде, яғни 1992 жылдың 1 қаңтар күні Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шетелдерде өмір сүріп жатқан этностық қазақтарға арнап «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» («Егеменді Қазақстан». №1 (20076). 01.01.1992 ж.) атты тарихи сәлемін жолдады.
Осы сәлем-хатта: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақ алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы 711-ші қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» дегені, алыста жүрген ағайындарға атамекенге шақырған үндеу іспеттес әсер етсе, 1992 жылы 29 қыркүйек күні Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайында: «Әрбір адамының бірі атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халық жоқ. Бірақ бәріне тән, бәріне ортақ нәрсе – сағыныш, атамекенді аңсау. Сол себепті, еліміз «Көші-қон туралы» заң қабылдады. Осы арқылы сыртта жүрген отандастарымыздың елге оралуына байланысты көптеген жеңілдік жасау көзделген. Қысқасы, тәуелсіз Қазақстанның кең құшағы сіздерге әрқашан ашық бауырлар. Сондықтан да, дүние жүзіндегі қазақтар қай елде жүрсе де, өзін Қазақстанның өкілі сезінетіндей, қазақ азаматы сезінетіндей, жағдай жасау – біздің болашақтағы мәртебелі міндетіміздің бірі» деп атап өткен болатын.
Осылай Нұрсұлтан Әбішұлының алыстағы ағайынды ақжарылқап атажұртқа шақырған ақ тілегі, сыртта жүрген қандастардың атамекенге деген аңсарын оятты, олардың тұлабойында сан ғасырлар бойы тұнып жатқан сағынышын жандырды. Оятып қана қойған жоқ тәуелсіздіктің елең-алаң ауыр шақтарында ештеңені елең қылмай атажұртқа ат басын бұрғызды. Бұл оқиға жайлы Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» деген көлемді еңбегінің 77-ші бетінде: «1990-жылдардың бірінші жартысындағы көші-қон ағысының күшеюі барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттерге ортақ құбылыс болды. Осы жылдары Қазақстаннан жаппай көшудің сан алуан факторлары бар еді. Экономикалық дағдарыс өндірістің қысқаруына әкеліп соқты, кәсіпорындар жабылып, жұмысын тоқтатты, адамдар жұмысынан айырылды және оларда ертеңгі күнге деген сенім болмады, алаңдаушылық көңіл күй қалыптасты... Елден көптеген тұрғын үдере көшіп жатқанда шетелдерде тұратын қазақтар, керісінше, тарихи Отанына орала бастады. Олардың арасында белгілі ғалымдар, жазушылар, әртістер, суретшілер, қоғам қайраткерлері бар еді. Тек қана стихиялы емес, сондай-ақ тәртіппен жүргізілген бұл үдеріс ел үшін ауыр соққан көші-қон зардаптарының орнын толтыра алатыны белгілі болды» деп еске алады.
Осылай елі сүйген, елін сүйген Елбасы азаттықтың алғашқы жылдары шет мемлекеттерге барған әрбір сапарында, сол елде өмір сүріп жатқан қандастарын әрқашан назардан тыс қалдырып көрген жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Шетелдерге сапарлап барған тұстарда сол елдердің басшылары тарапынан сонда өмір сүріп жатқан қазақтар жайлы ешқашан жаман сөз тыңдап көрмедім. Бұл біздің халқымыздың қайда жүрсе де, өзінің мәдениетін сақтап, тыныш өмірді қалайтын қасиеті деп білемін. Сондай-ақ шетелге шыққан әрбір сапарымда отандастармыз іздеп келіп, ой-арман, мұң-мұқтажын айтып жатады. Сырласа қалсаң сай сүйегің сырқырайды, арман-тілектерін тыңдасаң, жан-жүрегің елжірейді. 1991 жылы Түркияға барған сапарымда Ыстанбұл әуежайына жиналған ағайындар «Ақсарбас», «Ақсарбас» деп қол жайып, бір үш ақсарбас құрбан шалғаны мені қатты тебірентті. Мұндай ықылас-пейілді Германия, Франция, Моңғолия елдеріне барған сапарым кезінде де көрдім» деп еске алады («Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы: 15 жыл». – Алматы, 2007 ж. – 54 б).
Жоғарыда Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, шетелде шұрқырай амандасып, жамырай сәлемдесіп өздерінің сөзімен айтқанда «қазақ патшасының» мәлике жүзін көріп, мүбәрек қолын алып, нақтырақ айтқанда жүздесу әсерінен жүрегіне жылу тапқан қандастар естелігіне назар аударсақ: – Қазақ елі алғаш тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы 31 қазанда Нұрсұлтан Әбішұлы Лондонға келді, – деп еске алады сол кезде Германияда тұрған қазақ ақсақалы, былайғы қауымға «Қара жорға» биімен танылған Арыстан Тосын ағамыз. – Елбасының осы сапарында ебін тауып жолықтым. Бір күн қасында болып армансыз әңгімелестім. Нұрекең кешікпей Германияға келем, сол кезде жолығайық деді. Ұзамай Берлинге келді. Еуропадағы қазақтар түгел жиналып, Нұрекеңмен кездесіп бүкпесіз сөйлестік. Нұрағам қайтатын күні қоштасып тұрып, еңіреп жыладым. Мені байқап қалған ол кісі машинасын тоқтатып: «Неге жылайсың, жылап қалғанша менімен бірге елге қайт, жүр! Отыр машинаға» деді. Амал не? Бұл кезде менің паспорт, виза сияқты дайындықтарым жоқ еді. «Жүре алмаймын» дедім. Елбасы: «Онда амандық болса әлі талай кездесеміз. Зейнетке шыққан соң елге қайт!» деді. Мен сасқанымнан «Құп, тақсыр!» деп иіле беріппін.
Көз жасын көлдеткен Арыстан ағамыз 1992 жылы Қазақстанға біржола көшіп келді. Елбасының арқасында ұзақ жыл аңсаған арманға қол жеткізді. Бүгінде ол Алматы облысы, Қарасай батыр ауданының Райымбек ауылында отбасымен тұрып жатыр.
Сол сияқты, тағы бір оқиғаны танымал журналист Құтмағамбет Қонысбайдың ауызынан естідік: – 1993 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылуына байланысты тұсаукесер жиын өтті. Осыған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев да қатысты. Сонымен қатар аталған басқосуға жан-жақтан диаспора өкілдері де шақырылды. Бекітілген сценарий бойынша өзбекстандық ағайындар атынан қайраткер тұлға Артықбай Үкібаев қысқаша баяндама жасады. Бірақ Өзбекстанда тұрып жатқан қазақтардың үштен бір бөлігін иеленіп отырған қарақалпақстандық қандастар жайлы сөз болмады. Содан жеке пікір айтуға бекініп, президиумнан сөз беруін сұрадым. Өтінішім қабылданды. Маған сөз берілді, – дейді.
Осылай сөз тізгіні қолына тиген Құтмағамбет Талапбайұлы, әлем қазақтарының оннан бірі өмір сүріп жатқан Қарақалпақ елінің аумағындағы қазақтарды Отанына оралту және еларалық барыс-келіс һәм мәдени байланысты жаңғырту үшін «Алматы – Нүкіс» бағытында пойыз жүргізу мәселесін және қазақстандық телебағдарламалардың көрсетілуін, сонымен қатар жоғары оқу орындарына студенттер қабылдау жайын қозғапты. Нұрсұлтан Әбішұлы болса жалынды жастың өтініш-тілегін мақұлдап, дереу жазып алыпты.
Арада бір ай өткенде, яғни 1994 жылы 24 қаңтар күні «Алматы – Нөкіс» жолаушылар пойызы кең даланы көктей өтіп, жаңа дәуірдің жасампаз жаңғырығындай Нөкіске тұмсық тіреп тоқтаған екен. Осы пойыздың арқасында Қарақалпақстаннан қазақ көші басталды. Қазіргі таңда ресми деректе айтылып жүргендей Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған 542,6 мың қазақтың 300 мыңға жуығы осы қарақалпақстандық ағайын көрінеді. Бұлардың арасында кімдер бар десеңіз: Алматы облысында еліміздегі ең ірі түйе шаруашылығы «Дәулет-Бекет» ЖШС-ін құрған Сыдық Дәулетов, 2005 жылы бокстан әлем чемпионы атанған Елдос Жаңабергенов, тағы да бокс спортынан Олимпиада ойындарының қос күміс (Лондон 2012, Рио-де-Жанейро 2016) медалін жеңіп алған Әділбек Ниязымбетов т.б.
Сол сияқты үшінші оқиға – Нұрсұлтан Әбішұлы 1993 жылы қазан айында Моңғолияға ресми сапармен барады. Құрметті қонақты өлке қазақтары он екі қанат киіз үй тігіп күтіп алып, қолына үкілі домбыра ұстаған Меруеш Башай атты қарындасымыз Елбасына арнау айтқан екен. «Бұл арнауда атажұрттан алыста жатқан елдің сағынышы, аңсауы, өксігі, үміті, назы, базынасы да бар еді. Ақбоз үйдің алдында жырды тыңдаған Президент Н.Назарбаев кәдімгідей толқыды», деп жазады аталған оқиғаға куә болған журналист. Бұл оқиғаны ол кезде телеэкран арқылы бәріміз көрдік. Толғаудағы «Қанды бұғау қақырап, Қайта оралды көк Туым, Алыстағы ағайын, Келші деген жетті үнің...» деп келетін тіркесті бейжай тыңдау мүмкін емес-тін.
Одан бері қаншама жылдар алмасты. Тәй-тәй басып тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан қазір әлем алдында іргелі елге айналса, Ханғайда ән салған қызымыз атажұртына оралып, қазір Қ.Байжанов атындағы Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінде абыройлы қызмет атқарып жүр.
Атам қазақ көп айтатын «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Расында қазір көш түзелді. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанға сырттан 1 084 692 қандас-қазақ көшіп келіпті. Бұлардың ішінде ең көбі Өзбекстаннан келген қандастар саны – 542 658 адамды құраса, келесі орынға Қытай Халық Республикасынан көшіп келген 355 501 қандасымыз ие болып отыр, одан кейін Түрікмен топырағынан қоныс аударған 74 706 қандасымыз үздік үштікті түйіндепті. Бұлардың сыртында Моңғолиядан 55 937 адам, Ресейден 16 816 адам, Ауғанстаннан 13 330 адам, Ираннан 8 645 адам, Қырғыз Республикасынан 7 372 адам, басқа елдерден 9637 адам тәуелсіздік жылдары атажұртына оралған екен. Нақтырақ айтсақ, шеттен оралған қандастар еліміздегі қазақ ұлтының 12%-ын құрайды.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, үлкен мереке тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы атажұртына оралған әрбір қазақ үшін даталы мереке, тарихи оқиға болары анық. Ұлттық көштің ұлы мұратын іске асырған Нұрсұлтан Әбішұлы – қазақтың дарынды әншісі Майра Мұхамедқызы айтқандай, Отанға оралған әрбір қазақтың қамқоры һәм тірегі.