Елорда • 19 Қараша, 2021

«Астана клубы» – әлемдік ауқымдағы беделді алаң

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында елордада өткен «Астана клубының» алтыншы отырысы қорытындыланды. Баспасөз маслихатына Атлант кеңесінің аға ғылыми қызметкері, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының (ITIC) директоры Ариэль Коэн, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі Қайрат Әбусейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев, сондай-ақ Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерлан Мәдиев қатысты.

«Астана клубы» – әлемдік ауқымдағы беделді алаң

Баспасөз конференциясы барысында спикерлер «Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақырыбына арналған үш күнге созылған «Астана клубының» отырысы жөнінде кеңінен әңгімеледі әрі Әлемдік экономика және саясат институт (ӘЭСИ) және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған ауқымды іс-шара өз деңгейінде ұйымдастырылғанын жеткізді.

ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаевтың айтуынша, үш күндік іс-шараға 50-ден астам беделді әлемдік спикер, соның ішін­де мемлекеттер және үкімет­тер­дің бұрынғы басшылары, халық­аралық ұйымдар мен орта­лық­тардың жетекшілері, сондай-ақ ірі халықаралық БАҚ өкілдері қатысты. Клуб отырысы аралас форматта – онлайн және офлайн өтті. «Астана клубының» кейбір сессиялары дәстүр бойынша Chatham house ережесіне сәйкес, яғни жабық форматта өтті.

Брифингте айтылғандай, бір жыл үзілістен кейін өткізілген отырыс бағдарламасында 13 кез­десу болды. Тақырыптар бо­йынша жаһандық экономика, гео­саясат және халықаралық қаты­настар, климаттың өзгеруі және ядролық қауіпсіздік мәселе­лері қозғалды. Атап айтқанда, жиында «Коронавирус пандемиясы: қауіп жағдайында қалпына келу, Covid-19 жаңа мутациялары мен бөлінген әлем үшін салдарлары», «Ұлттық мүдделер дәуірі: ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің реконфигурациясы», «Жасыл трансформация және жаңа климаттық күн тәртібінің дамушы елдерге тигізетін әсері», «Әлемдік экономикадағы тең­сіз­діктер: дамушы елдер ал­дын­д­ағы сын қатерлер, «Ұлы бөлініс: жаһанданудың жаңа архитектурасы қандай болады?», «АҚШ-Қытай текетіресі: әлем экономикасы мен геосаясатына әсерлері», «Батыс vs Ресей: Еуразиялық экономикалық одақ үшін салдарлары», «Ауғанстан болашағы және оның Орталық Азия аймағына әсерлері», «Иран мен Таяу Шығыс: ядролық мәміле және аймақ перспективасы», «Жаңа әлемдік тәртіп немесе технологиялық үстемдік үшін талас» тақырыптары әңгіме арқауы болды.

Сондай-ақ «Астана клубы» алаңында Тәуел­сіздіктің 30 жыл­дығына орайлас­тыры­л­ған «Тәуелсіздіктің 30 жы­л­дығы: Назарбаев стратегиясы және Қазақстан мен Орта­лық Азия­ның болашағы» тақыры­бындағы талқы­лауда ел дамуы­ның тәжірибесіне, сон­дай-ақ ішкі және сыртқы саясатын қалып­­тас­тырудағы Тұңғыш Прези­дент­тің рөліне кешенді баға берілді.

Ядролық қауіпсіздік үшін Жаһандық Көшбасшылар Альянсының кездесуі аясында ядролық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. «Түн ортасы аяқ басты: ядролық диалог уақыты» сес­сиясы барысында спикерлер жаһан­дық стратегиялық тұрақтылық саласынд­ағы дағ­дарыс жағдайы және альянс жұмы­сының алдағы бағыттарын талқылады.

Көшбасшылардың жаһандық Альянсы Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен 2019 жылы «Астана клубының» бесінші отырысының қорытындысы бо­йынша құрылды.

«Астана клубының» жұмысы Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қаты­суымен өткен «Үлкен Еуразия: болашақ әлем көрінісі» пленар­лық отырысымен аяқталды.