Қазақстан • 19 Қараша, 2021

ЕКПА төрағасының Қазақстанға сапары бойынша мәлімдеме қабылданды

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Рик Демстің Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕКПА төрағасының Қазақстанға сапары бойынша мәлімдеме қабылданды

15-19 қараша аралығында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Рик Демстің Қазақстанға ресми сапары болды. Ол сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Парламенттің екі палатасының төрағаларымен, орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігі саласында жұмыс істейтін азаматтық қоғамның ауқымды өкілдерімен кездесулер өткізді.

Еуропалық парламентші Қазақстанда болғанда елде жүргізіліп жатқан қайта құрулармен жан-жақты танысып, оларға жоғары баға берді. Сапар қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, оның мәтіні төменде беріліп отыр:

Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Рик Демстің және ЕКПА-дағы Қазақстан Парламенті делегациясының басшысы Асқар Шәкіровтің бірлескен мәлімдемесі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ел халқына құттықтауымызды білдіреміз және оның дамыған демократиялық мемлекет болып қалыптасу ниетін қолдаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің тұрақты және орнықты дамуын одан әрі нығайту мақсатында жүргізіп отырған демократиялық реформаларын құптаймыз. Қазақстанның өлім жазасын алып тастағанын, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық конвенцияға Факультативтік екінші хаттамаға және басқа да маңызды халықаралық-құқықтық құралдарға қосылғанын атап өтеміз.

Құқық үстемдігін ілгерілетудің маңызын ұғына отырып, Қазақстанның Еуропа Кеңесінің бірқатар конвенцияларына, оның ішінде қылмыстық салаға қосылуына арналған күш-жігерін қолдаймыз.

Парламентаралық дипломатияның жоғары тиімділігін атап өте отырып, ҚР Парламенті мен ЕКПА депутаттары арасында өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға, байланыстарды кеңейтуге және сенімді диалогты тереңдетуге мүдделі екенімізді білдіреміз.

Осы тұрғыда қазақстандық тараптың Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және үйдегі зәбірлеудің алдын алу және оған қарсы күрес туралы конвенцияға қосылу, сондай-ақ ЕКПА-ға қолайлы сипатта қатысу мүмкіндігін қарауға әзірлігін құптаймыз.