Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде он мәселе қаралды. Депутаттар назарына бұл жолы екінші деңгейдегі банктер, жеке детективтік қызмет, гендік-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеу және бірқатар халықаралық құжаттарды заңдық бекіту мәселелері ұсынылды.
Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен су торабын салудағы ынтымақтастық келісіміне қатысты заң жобасы бойынша баяндап берген палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев су торабы ортақ қаржыландыру шарттары бойынша жүзеге асарын ерекше атады. Заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімі анықталып, тиісті комитетке тапсырылды.
Және де гендік-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеу мәселелеріне құрылған заңдық құжатқа да қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Ал Жеке детективтік қызмет туралы заң жобасы мен оған ілеспе заңдық құжат депутаттар тарапынан 70 пайызға дейін өзгертілетіндіктен, олар бойынша жұмыс жалғасатын болды. Аталған заңдық құжат тек жеке тұлғаларға ғана емес, заңды тұлғаларға да детективтік агенттіктер арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік туғызады деп күтілуде. Мұнда, сондай-ақ, әкімшіліктік және қылмыстық жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Жалпы отырыста депутаттар Сенат тарапынан бірқатар түзетулерімен қайтарылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктерді қайта ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқыға салды. Бұл заңдық құжат Мемлекет басшысының қайта құрылымдаудан өткен екінші деңгейлі БТА, Альянс Банк және Темірбанктердің құрамынан мемлекеттің шығуы туралы тапсырмасына орай ұсынылып отыр.
Қосылу кезінде басқа банк акцияларын сатып алуға шектеуді алып тастау, банктік, холдингтік немесе ірі қатысушысы мәртебесін оңтайландыру көзделіп отыр. Ал бірігу жағдайында қатысушылардың бірінің акциялары кепілде немесе тыйым салуда болса, эмитенттердің қайта ұйымдастырудағы кепілзатын ауыстыруға тыйым салу тетіктері енгізілген. Мәжіліс Сенат депутаттары тарапынан енгізілген түзетулермен келісті.
Сонымен бірге, кеше «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, келісім өзара құқықтық көмекке қатысты құжаттарды тапсыру, дәлелдемелерді жинау және беру, куә мен сарапшыны шақыру тәртібін реттейді. Өтініш оны алған күннен бастап тоқсан күн ішінде орындалары белгіленіпті. Мұндай келісімдер Қырғыз Республикасы, КХДР, Өзбекстан, Грузия, Үндістан, Пәкістан, БАӘ, Түркия, Түркіменстан, ҚХР, Моңғолия, Әзербайжан және Литва елдерімен жасалған.
Бұдан басқа, жалпы отырыста «Ең төменгі жалақыны белгілеу ресімін жасау туралы конвенцияны (26-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Мәжілістің жалпы отырысында «Ең төменгі жалақыны белгілеу ресімін жасау туралы конвенцияны (26-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын қарау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ең төменгі жалақыны белгілеу рәсіміне дифференциалды жолмен келу керектігін айтты. Бұл, әсіресе, айрықша еңбек жағдайымен сипатталатын мамандықтарға тікелей қатысты болмақ. Одан әрі Нұрлан Нығматулин:
– Депутаттар тобы бастамашы болған төменгі әлеуметтік стандарттар туралы заң жобасын ілеспелі заңнамалық құжаттармен талқылау кезінде бізге бүгінгі айтылып отырған, төменгі стандарттар туралы ең төменгі жалақыны белгілеу, әсіресе, айрықша еңбек жағдайымен сипатталатын мамандықтарға қатысты мәселелерді де есепке алуымыз керек шығар. Өйткені, біздің азаматтарымыздың өмір сүруіне, еңбек етуіне қолайлы әлеуметтік базис дегеніміздің өзі осы емес пе – деді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өткен жылы елімізде ең төменгі жалақы стандарттарына қатысты зерттеулер жүргізілгендігін тілге тиек етті. Министр қазіргі кезде аяқталып қалған зерттеулер негізінде ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеудің төрт түрі қарастырылғандығын да атап кетті. Жақын арада ұсынымдар жұмыс тобына шығарылып, мақұлдаудан өткен соң қоғам талқысына шығарылатын болады.
Конвенцияның мақсаты – мемлекеттің ең төменгі жалақыны белгілеу рәсімін сақтау құқығын қамтамасыз ету. Әрбір мемлекет жалақыны ұжымдық шарт арқылы немесе өзге де жолмен тиімді реттеудің белгілі рәсімі болмаған және жалақысы өте төмен өнеркәсіптің белгілі бір салаларында (атап айтқанда, үй шаруашылығында) жұмыс істейтін еңбекшілер жалақысының ең төменгі мөлшерлерін белгілеуге міндеттеледі. Халықаралық құжат бойынша ең төменгі мөлшерлемелер қолданылатын және жалақыны анағұрлым төмен мөлшерлемелермен алған жұмысшы өзіне толық төленбеген соманы сот тәртібімен алуға құқығы қаралады.
Сонымен қатар, күн тәртібінде «Жалақыны қорғау туралы конвенцияны (95-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы да жан-жақты талқыға салынды. Конвенция мемлекеттің жалақыны қорғау нормаларын қамтамасыз етуге бағытталған. Әлемдік жаһандану жағдайында Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына қосылу бағытында еңбекақыны реттеу, халықаралық стандарттарды енгізу, адам капиталын дамыту тұрақтылықты сақтаудың міндетті шарты болып табылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөзінде жалақының Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттарына сәйкес қорғалуы аса маңызды екеніне тоқталды. Конвенцияда жалақыны уақтылы және жүйелі төлеу, оны шектен тыс ұстап қалулардан, кәсіпорын банкрот болған немесе таратылған жағдайда қорғау қарастырылады.
Талқылау барысында депутат Нұртай Сабильянов елімізде жалақы уақтылы төленбейтіндігіне қынжылыс білдірді. Елімізде жұмыс берушілер тарапынан мұндай фактілер кездесетінімен келіскен министр қазіргі таңда облыс әкімдіктері жанынан арнайы штабтар құрылғанынан хабардар етті. Мысалы, былтыр жұмыс берушілердің еңбекақыға қарызы 1,1 млрд. теңге болса, биыл 21 ақпандағы жағдай бойынша 75 мекеме 6748 жұмысшысына 828 миллион теңге берешегі барлығы анықталған. Енді бұл мәселені түпкілікті шешу үшін Үкімет жанындағы үшжақты комиссия жан-жақты жұмыс жасап жатыр екен. Заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жолданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».