Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда қордың 2013 жылғы қызметі қорытындыланып, осы жылғы басым міндеттер анықталды.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев: «Биылғы жылы біз «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Президент Жолдауындағы тапсырмаларды іс жүзіне асырып, холдингтің алдына қойылған мақсаттарды толықтай орындауды міндетімізге аламыз», деп бастады сөзін. Сөйтіп, Мемлекет басшысының жекешелендірудің кешенді жоспарын дайындау туралы тапсырмасын орындау мақсатында, Қор 2014 жылдың І тоқсанында жеке секторға шығарылатын компаниялар тізімін Үкіметке ұсынатынын айтты. Қазіргі уақыттың өзінде Қор аталған тізімге 80-нен астам компанияны енгізіп үлгеріпті.
Қор еншілес, бағынышты компаниялардағы акцияларды шығару барысында стратегиялық және портфельдік инвесторларды тартып, оларды қаржы нарығына шығаруды көздеп отыр. Бұл «Халықтық IPO» бағдарламасына да қатысты. Қор Үкіметпен бірлесе отырып, бір айдың ішінде «Халықтық IPO» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар енгізетін болады. Сондай-ақ, Қор тобының құзырынан бейінді емес активтер мен нысандарды шығаруды аяқтаймыз.
«2014-2015 жылдары 75 актив пен нысанды шығару жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, бейінді емес актив пен нысандарды шығару 5,7 млрд. теңге көлеміндегі шығыннан арылуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, компаниялардағы тағы 156 бейінді емес активтерді сақтау жөні қайта қаралатын болады, деді Ө.Шөкеев.
Бұл күнде Қорда бірталай жақсы өзгерістер бар көрінеді. Мәселен, бұрын Қор мемлекеттен берілген активтерге тек әкімші болып келсе, енді белсенді инвесторға айналуы тиіс екен. «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Khazanah, Temasek, Mubadala тәрізді жетекші ұлттық әл-ауқат қорлары эволюциялық даму кезеңінен кейін өзінің акционер ретіндегі құндылығын арттыру үшін белсенді инвесторларға айналады. Қор қызметі екі бағыт бойынша шоғырланады, біріншісі, барлық деңгейде бизнес-үдерістердің операциялық тиімділігін арттыру арқылы тұрақтанған компаниялардың табысын арттырса, екіншісі, «стартаптар» мен жаңа бағыттарды дамыту арқылы түскен табысты портфельді ұлғайтуға жұмсайды», деді Қор басшысы.
«Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық қызметінде де ауқымды өзгерістер жасап, жобаларды қаржыландыру барысында қарыздық капитал үлесін 54-тен 70 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Жалпы алғанда, Қор 2014 жылы құны 3,3 млрд. АҚШ доллары болатын 18 инвестициялық жобаны, соның ішінде ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 жобаны аяқтауды жоспарлап қойыпты.
Мәжілісті қорытқан Премьер-Министр Қорда атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанатынын айта келіп, әлі де құрылымның алға қойған міндеттері көп екеніне назар аударды. «Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке, оның ішінде «Самұрық-Қазынаға» айрықша тапсырмалар жүктеді. Олардың қатарында бірінші кезекте еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтере отырып, басты міндеттердің бірі ретінде шағын және орта бизнесті дамыту керектігін міндеттеді. Сондай-ақ, биыл жеке меншік секторға берілетін компанияларды анықтап, олардың нақтыланған тізімін жасауды тапсырды. Жоғарыда айтылған экономика мен шағын және орта бизнесті дамыту осы шараға байланысты екені мәлім», деді С.Ахметов.
Үкімет басшысы бұл жиында да елдегі түрлі салаларға инвесторларды тарту мәселесіне арнайы тоқталды. «Бүгінгі күнде, отандық және шетелдік инвесторларға деген көзқарас, біздің елде бірдей дерлік. Келген инвесторларға барлық жағдайды жасап, олардың еркін жұмыс істеуіне барлық қолайлылықтар қарастырылып отыр. Олар тек жағымды әріптестік қатынас орната білсе болды», деп толықтырды сөзін Премьер-Министр. Елбасының өзге де күн тәртібінде тұрған тапсырмаларына тоқталып өткен С.Ахметов ауыл шаруашылығынан бастап, ЭКСПО-ға дайындық шарасына дейін саралап шықты. Мұнай-газ бен көлік саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы әңгімеледі. Сөйтіп, «Президент Балқаш ЖЭС құрылысына кiрiсу жөнінде бiрнеше рет тапсырма берген болатын. Бұл шешiм негiзсiз созылып кетті. Егер барлығымыз жұмыла іске кiрiсіп кеткенде, өткен жылдың күзінде жобаның құрылысын бастап кетер едiк. Дүйсенбiге дейiн соңғы мерзiм берiліп отыр. Бiз келiсiп шешуiмiз қажет. Осы көктемде бiз белсендi түрде құрылысты бастауымыз қажет. Әрине, барлығы тоқтап қалды дегiм келiп отырған жоқ. Жобаның инфрақұрылымы салынып жатыр», дедi Үкiмет басшысы сөзінің соңында.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».