27 Ақпан, 2014

Мүмкіндік кең, меже биік

247 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_0886Жұртшылық арасында жиі болушы, жағдаймен тікелей танысып-қанығуға ден қоюшы облыс басшысы ретінде танымал Бауыржан Әбдішев қарағандылықтар алдындағы есепті кездесуге дейін де жергілікті теледидар арқылы аймақта атқарылудағы істер мен міндеттер туралы ой бөліскен болатын. Үлкен қызығушылық тудырған бұл хабарды көріп-тыңдаушылар көкейлеріндегі сан сауалдарды ауыл­дан да, қаладан да жаудырып, тұшымды жауаптар ала алды. Кеше  өңір өміріне қатысты келелі әңгіме жыл ішіндегі басты алқалы кеңесте одан әрі өрбітіліп, тағы бір жан-жақты сарапқа салынды. Онда жасаған баяндамасында жер­гілікті атқарушы биліктің есепті ке­зеңдегі барлық қызметі Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаевтың «Қаза­қ­стан-2050» Стратегиясы – қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» ат­­ты Жолдауында алға қойылған ма­­­­­ңызды міндеттер мен тапсыр­ма­­­­ларды толықтай жүзеге асыруға ба­ғыт­талғаны аталып, Қазақстанның озық дамыған 30 елдің қатарына ену талаптарын таразылаған биылғы жа­­ңа Жолдау өндірісті өңірдің да­муын өрістетуге соны серпін берді, оған мүмкіндіктеріміз бен әлеуе­ті­міз жеткілікті. Бүгін сіздердің ал­да­ры­ңызда есеп беру, өткенге ой жү­гір­тіп, атқарылған істер жайлы ақпарат ай­ту аса жауапты сәт, деді Бауыржан Түйтеұлы. Облыс әкімі ортаға салғандай, бұған былтырғы жылдың қорытын­дысы дәлел бола алады. Ішкі жалпы өнімнің көлемі бойынша республикада төртінші орында тұрақталып, оның үлесі 8,5 пайыз құраған аймақ экономикасының күш-қуатын арттыра түсуге қолайлы жағдайлар бар. Өткен кезеңде өнеркәсіптік өнім көлемі – 2,1, негізгі капиталға тар­тылған инвестиция – 18,2, бел­сен­ді шағын және орта бизнес ны­сандарының саны – 9,1, олардың өндірген өнімдері 3,4 пайызға өсуі жетістікті еселеуге мүмкіндік бе­ре­тіндігіне сенім зор. Отандық индустрияның көшбастаушысы саналатын өңірде өнеркәсіп саласын­дағы ілгерілеудің оң ырғағы қалып­тасуы жүйелі жұмыстардың нәтижесі екенін дәлелдейтін нақты деректердің бірі ретінде былтырғы өнім көлемі 1 трлн. 398 млрд. тең­гені құрап, алдындағы жылмен салыстырғанда 102,1 пайыз көрсеткішке көтерілуін айтуға болады. Сыртқы сауда айналымының жақсаруы да алға ұмтылыстың алым­дылығын аңғартады. Өткен жыл­ға қарағанда 2,4 пайызға ұлға­йып, 9,7 млрд. теңгені құрауы жер­гілікті өнімдердің өтімділігі жоғарылай түсуін танытады. Жұртшылық куә болып отыр­ған­дай, аймақ экономикасына жаңа өндірістік жобалар үлкен өзгерістер жасап келеді және іске асырылуы орнықты. Мәселен, өткен жылы Индустрияландыру картасына енген жалпы сомасы 407 млрд. теңге құраған және 9,5 жұмыс орнын ашқан 66 жоба ойдағыдай орындалу­да. Әсіресе, «Сарыарқа» арнайы эко­номикалық аймағы инфра­құры­лымы құрылысының аяқталуы басым сала әлеуетін күшейтуге негіз қала­ды. Бүгінде оның аумағында ин­вес­тициялық жобаларын іске асыруға 3 кәсіпорын кіріссе, тіркелген 33 қатысушының 12 компаниясы қатардан қалыспауға дайын тұр. Сондай-ақ, жағымды құбылыстардың ішінде экспорт көлемі ұлғаюын атап өтпеске болмайды. Былтыр жергілікті кәсіпорындар өнімі әлемнің 44 еліне экспортталса, сыртқы рыноктағы бәсекелестікті нығайтуға биыл да қауқар жеткілікті. Бұл үшін ішкі резервтер мен мүмкіндіктерді барынша жұмылдыру қажеттігі айтылды. Есеп барысында өлке әлеуметтік-экономикалық жағдайының басқа да тұстарын баяндай келіп, аймақ басшысы алда тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды. Елбасының «Қазақ­стан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында алға қойылған тапсырмаларға сәй­кес белгіленген іс-шараларды жік­теп, олардың орындалуы зор жауап­кер­шілік жүктейтіні аталды. Соның ішінде, метан газын пайдалануды іске асыру, мыс қорлары қалдықтарын қайта кәдеге жарату, машина жасау, фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін 13 өндіріс орнын ашу, 2 мыңға тарта адамды еңбекке қамту сияқты мәселелерге ерекше мән бері­ліп отыр. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру шараларын жетілдіру уақыт талабының бірі. Зығыр, дәнді бұршақ дақылдар, картоп, көкөніс егістіктері көлемін ұлғайту азық-түлік түрлері көбейіп, молаюына мүмкіндік туғызды. Бұған биыл өткен жылғыдан 920,5 миллион теңге артық қаржы бөлінуі одан әрі кең жол ашпақ. Мемлекет басшысы Жолдауында ұсынған 10 ілкімді идеяға сәйкес әрқайсысы бойынша тиісті салаларға нақты міндеттер қойылды деген әкім  маңыздыларын атап өтті. Есепті баяндамадан соң қатысу­шылар тарапынан жазбаша және ауызша сұрақтар қойылды. Жиын залына қосылған тікелей телебайланыс арқылы облыс қалалары мен аудандары жұртшылық өкілдері оған өздері де қатысып отырғандай болуы­мен қатар, талқыланудағы мәселеге орай ой-пікірлерін де білдірді. Ал қойған сұрақтардың бәрін Бауыржан Әбдішев жауапсыз қалдырмады. Күнделікті тұрмыс жағдайына байланысты көтерілген өзекті мәселелердің шешімін табу, ұсыныс-тілектерді назардан тыс қалдырмау кездесуге қатысушы аудан­­­дар мен қалалар әкімдеріне, мекемелер мен ұйымдар басшыларына көзбе-көз тапсырылып, орындалу мерзімі де ескертілді. Бұқарамен байланысты жетілдіру мәселесіне тоқталып өткен әкім былтыр азаматтардан 2325 хат-хабар алынып, оның 1633-і жеке блогына келіп түскенін, 90 адам қабылдауында болғанын мәлім етті. Бұлайша жұртшылық тыныс-тіршілігін тікелей білу қызметке үлкен қозғау салады делініп, барлық деңгейдегі әкімдіктер соны ұстану керектігіне назар аудартылды. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.