Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткендей, жарыстың екінші күні әйелдерден үш, ерлерден екі салмақта жеңімпаздар анықталды. Әйелдер арасында 57 кг салмақта шымкенттік Севара Нишанбаева чемпион атанса, ақтөбелік Бақыт Құсақбаева күміс, алматылық Балнұр Құрманбай мен жамбылдық Рауза Нұрмұхамметова қола жүлдеге ие болды. 63 келіде алматылық Саера Мирзахметова жеңіс тұғырына көтерілсе, қостанайлық Саламай Ерғалиева екінші, шығысқазақстандық Кристина Сотникова мен атыраулық Есімгүл Куюлова үшінші орыннан көрінді.
70 келіде шығыс қазақстандық Зере Бектасқызы қарсылас шыдатпады. Түркістандық Перизат Жақыпбекова күміс, Алматы облысынан келген Мөлдір Нарынова мен ақмолалық Анастасия Маякова қола медальді қанағат тұтты.
Ерлер арасында 73 кг салмақта финалда жамбылдық Данияр Шамшиевті сүріндірген қарағандылық Жансай Смағұлов мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Шығысқазақстандық Ерлан Серікжанов пен батысқазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин үздік үштікке ілікті.
Сондай-ақ 81 келіде жамбылдық Бекәділ Шаймерденовтің мерейі үстем болса, қызылордалық Абылайхан Жұбаназар күміс, шығысқазақстандық Барақ Арқабай мен шымкенттік Айбол Нысанәлі қола жүлдені еншіледі.