Спорт • 21 Қараша, 2021

Шавқат Рахмонов Карлстон Харриске қарсы шығады

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-де күш сынасып жүрген қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмонов өзінің келесі кездесуін алдағы жылдың 5-ақпанында Гайананың өкілі Карлстон Харриске қарсы өткізеді.

Шавқат Рахмонов Карлстон Харриске қарсы шығады

Қазіргі кезде көптеген БАҚ өкілдері осы бәсеке туралы жарыса жазуда. Ал сол спортшы жайында біз не білеміз?

 

Карлстон Харрис 1987 жылдың 9 шілдесінде Оңтүстік Америка құрлығының солтүстік-шығысында орналасқан Гайана деп аталатын шағын ғана елде дүниеге келді. Жастайынан аралас жекпе-жекпен шұғылданған оның кәсіпқойлар арасындағы алғашқы қадамы аса сәтті болмады. Бастапқы үш бәсекенің екеуінде Карлстон жеңіліс тапты. Атап айтсақ, 2011 жылдың қоңыр күзінде бразилиялық Чристиано Маркестен және 2012 жылдың көктемінде Фернандо Брунодан ұпай санымен ұтылды. Есесіне одан кейін алты бірдей кездесуде қарсыластарын ойсырата ұтып, көпшілік назарына ілікті.

 

Өзінің спорттық карьерасында Харрис 21 рет октагонға шығып, 17 мәрте жеңіс тойын тойлады. Тоғыз бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Төрт жеңілістің үшеуінде ұпай санымен ұтылса, бір рет техникалық нокаут тіркелді. Әу баста түрлі промоушендерде өнер көрсеткен ол биылғы жылдан бастап UFC-де күш сынасуда. Бұл ретте екі бәсеке өткізіп, екеуінде де мерейі үстем болды. Гайаналық спортшы 8 мамырда америкалық Кристиан Агилераны қылқындырып тастаса, 18 қыркүйекте АҚШ-тың тағы бір өкілі Импа Касанганайды есінен тандырды. Бұл жекпе-жектің екеуі де бірінші раундтарда аяқталды. Осылайша, Карлстон қатарынан бесінші кездесуін өз пайдасына шешті.  

Ал Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 27 жастағы қандасымыз 2014 жылдан бері осы спорт түрін серік етуде. Сол аралықта 14 рет айқас алаңына шығып, барлық бәсекені айқын басымдықпен аяқтады. Кезінде ол М-1 Global нұсқасы бойынша чемпиондық атақты иеленсе, соңғы екі жекпе-жегін UFC-де өткізіп, екі ретінде де қарсыластарын тырп еткізбей ұтты.