Биылдың өзінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлерлер палатасы арқылы қаржылай емес қолдау бойынша 188 мың кеңес берілсе, мұның тең жартысы тағы да қыз-келіншектердің еншісіне тиген. «Бастау» жобасы арқылы оқыған түлектердің 50 пайызы да қыз-келіншектер. Әсіресе, Түркістан облысында соңғы жылдары кәсіпкер әйелдер саны көбейіп келеді. Бұл белсенділік ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық күні қарсаңында Түркістандағы кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығы ашылуына түрткі болды.
Оң бастама Азия даму банкінің есебінен қаржыландырылады және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Игі тірлік Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында жүзеге асты.
«Қыз-келіншектер кез келген сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, отбасының бюджетін молайта алатынын тәжірибеден көріп отырмыз. Десе де көп жағдайда жеке кәсіпті ашуға білімі жеткіліксіз болып жатады, кейде ынталандыру жетіспесе, енді біріне кәсіпті бастаған алғашқы кезеңдерде қолдау жетіспейді. Өңірлердегі қолдау орталықтары қажетті біліктілік пен практикалық тұрғыдан көмек көрсететін ортақ алаң болуы тиіс. Табыс табуды үйренгісі келген кез келген қыз-келіншек, ауылдардан болса да, бұл орталықтарда тек кеңес алып қоймай, іс жүзінде қолдау мен көмек алатынын сезінетін болады. Орталықтар қыз-келіншектердің экономикалық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, жалпы өңірдің экономикасын күшейте түсетініне сеніміміз мол», деді орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың айтуынша, алдағы күндері мұндай орталықтардың ашылуы Алматы және Маңғыстау облыстарында жалғасын таппақ. Ал 2022 жылы еліміздің барлық өңірінде осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, неғұрлым тұрақты экономикалық өсуге септігін тигізетін болады. Біз бұл бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға қуаныштымыз», деп атап өтті БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.
Қолдау орталықтары арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдар мен жеке кәсіпті қолға алған қыз-келіншектерге қаржылай емес барлық қызмет түрлерінен қолдау көрсетіліп, жеке бизнес жобаларды іске асыруда практикалық көмек түрлері ұсынылады. Онымен қоса оқыту тренингтері мен мастер-класстар ұйымдастыру, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына, кооперативтік қозғалыстарға тарту, дайын өнімдерді нарыққа өткізу аясын кеңейту жағынан көмек көрсету көзделген.
Түркістан облысы