Спорт • 22 Қараша, 2021

Шавқат Карлстонға қарсы шығады

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-де күш сынасып жүрген қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмонов өзінің келесі кездесуін алдағы жылдың 5 ақпанында Гайананың өкілі Карлстон Харриске қарсы өткізеді. Қазіргі кезде көптеген БАҚ өкілдері осы бәсеке туралы жарыса жазуда. Ал сол Карлстон жайында біз не білеміз?

Шавқат Карлстонға қарсы шығады

Карлстон Харрис 1987 жыл­дың 9 шілдесінде Оңтүстік Аме­рика құрлығының солтүстік-шығысында орналасқан Гайана деп аталатын шағын ғана елде дүниеге келді. Жастайынан аралас жекпе-жекпен шұғылданған оның кәсіпқойлар арасындағы алғашқы қадамы аса сәтті болмады. Бастапқы үш бәсекенің екеуінде Карлстон жеңіліс тапты. Атап айтсақ, 2011 жылдың қоңыр күзінде бразилиялық Чрис­тиано Маркестен және 2012 жыл­дың көктемінде Фернандо Бру­нодан ұпай санымен ұтылды. Есе­сіне одан кейін алты бірдей кез­десуде қарсыластарын ойсырата ұтып, көпшілік назарына ілікті.

Өзінің спорттық карьерасында Харрис 21 рет октагонға шығып, 17 мәрте жеңіс тойы­н той­лады. Тоғыз бәсекені мер­зі­мінен бұрын аяқтады. Төрт же­ңілістің үшеуінде ұпай санымен ұтылса, бір рет техникалық нокаут тіркелді. Әу баста түр­лі промоушендерде өнер көрсет­кен ол биылғы жылдан бас­тап UFC-де күш сынасуда. Бұл ретте екі бәсеке өткізіп, екеуін­де де мерейі үстем болды. Гай­а­налық спортшы 8 мамыр­да аме­рикалық Кристиан Аги­лера­ны қылқындырып тастаса, 18 қыркүйекте АҚШ-тың тағы бір өкілі Импа Касанганайды есінен тандырды. Бұл жекпе-жектің екеуі де бірінші раундтарда аяқ­талды. Осылайша, Карлстон қатарынан бесінші кездесуін өз пайдасына шешті.

Ал Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы жанкүйер­лер­дің көз алдында. 27 жастағы қандасымыз 2014 жылдан бері осы спорт түрін серік етіп жүр. Сол аралықта 14 рет айқас ала­ңына шығып, барлық бәсекені айқын басымдықпен аяқтады. Кезінде ол М-1 Global нұсқасы бойынша чемпиондық атақты иеленсе, соңғы екі жекпе-жегін UFC-де өткізіп, екі ретінде де қар­сыластарын тырп еткізбей ұтты.