Қазақстанда каратэге деген қызығушылық қай кезде де ерекше болатын. Республикамыздың әр аймағында есіктерін айқара ашқан үйірмелерге балалар мен жеткіншектердің, жастар мен ересектердің көптеп бас сұғуы жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Бұқаралық спорт бар жерде нәтиженің де болатыны белгілі ғой. Соның нәтижесінде жерлестеріміз аса ірі халықаралық жарыстардан үнемі олжамен оралып жүр. Ал Олимпия ойындарының бағдарламасына еніп, каратэшілеріміз Токио төрінде күш сынасу құрметіне ие болғаннан соң спорттың бұл түріне деген қызығушылық одан әрі арта түсті. Осыдан үш айдан аса уақыт бұрын Жапонияның астанасында өткен жарыста Дархан Асәділов пен София Берульцева қола медальді иеленіп, көк байрағымызды биікте желбіреткенде барша қазақ жанкүйерлері қуаныш пен шаттыққа бөленген еді.
Кеше ғана жер-жаһанның ең мықты каратэшілері Дубайда бас қосты. Сол жарыста 68 кило салмақта сынға түскен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері София Берульцева үшінші орынға табан тіреді. Шешуші тұста ол сербиялық Ивана Перовичті сан соқтырды. 75 кило салмақта күш сынасқан Нұрқанат Әжіханов та дәл сол межеден көрінді. Қола медаль үшін бәсекеде 20 жастағы қандасымыз Бельгияның беткеұстар спортшысынан басым түсті. Сол секілді Мөлдір Жаңбырбай (50 кило) мен Қайсар Алпысбайдың да (60 кило) жеңіс тұғырына көтерілуіне жақсы мүмкіндіктері болды. Өкінішке қарай, бірі Украина, екіншісі Марокконың өкіліне есе жіберіп, бесінші орында қалып қойды.