Осыған дейін қатарынан төрт кездесуде жеңілістің кермек дәмін татқан жерлестеріміз осы жолы барын салды. Бәсеке басталған бетте Кирилл Савицкий есеп ашты. Десек те көп кешікпей Адам Лишка мен Иван Емец айдын иелерін алға шығарды. Үзіліске дейін қос команда тағы бір-бір реттен мергендік танытты. 21-минутта Роман Старченко таразы басын теңестіргенімен, 24-минутта Максим Колмаков есе қайтарды. Үшінші кезеңде Олле Альсинг нысананы дәл көздеді. Негізгі уақыт тең аяқталғаннан кейін ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақытта Кертис Волктың соққан голынан кейін «Барыс» жеңіске жетті.
Қазіргі кезде елордалық клуб 30 матчтан кейін 26 ұпайға иелік етіп, тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 19-орынды еншілеуде.