Экономика • 22 Қараша, 2021

Банк секторы бәсекеге түскен үш онжылдық

521 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алған соң Қазақстан дербес банк жүйесіне көңіл бөлді. Ел – егемен, төл валюта – теңгемен, енді бәрін де жаңадан бастау керек еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл қолдауы, сын сағаттарда Ұлттық қордан триллиондаған қаржы бөліп, банк секторын аман сақтап қана қалмай, артық табыс табуға жол ашып беруінің арқасында отандық банк секторы еңсесін тіктеді. Қазір біздің банк жүйесін халықаралық агенттіктер тәуір бағалайды. Активтері де жыл санап өсіп жатыр. Жаппай цифрлану олардың қызметін бұрынғыдан да қолайлы ете түсті. 2008-2009 жылғы дүниежүзілік дағдарыс сәтінде мемлекет қаншама банкті тікелей жетелеп, сауықтырды. Кейін оларға қатаң талап қойып сілкілеп те алды. Қазіргі банк жүйесін талай сын-қатерлерді көріп пісіп-шыныққан, алды-артын бажайлай алатын, клиент үшін тиімді саясат ұстануға құштар қаржы институттары құрап тұр.

Банк секторы бәсекеге түскен үш онжылдық

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Банктер қалай азайды?

1988 жылғы «Кооперациялар туралы» Заңнан кейін алғашқы кооперативтік банктер пайда бола бастады. Сондай банктердің бірі «Союзбанк» тұңғыш рет Шымкентте құрылған еді. 1990 жы­лы Жоғарғы Кеңестің «Қазақ КСР-інде банк және банк қызметі туралы» заң қабылдауы банк жүйесінің жаңа кезеңін ашты. Сарапшылар 1993 жы­лы сәуірде қабылданған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық банкі туралы» және «Қазақстан Республикасындағы банк және банк қызметі туралы» Заңы Қазақ­станның әрі қарайғы несие-банк жүйесін айқындап берді деп есептейді. Жаңа заң елдегі банк санын да көбейтуге ықпал етті. Оның саны 1993 жылдың соңында 204-ке жеткен. Бірақ осыдан кейін-ақ қатаң селекция басталып жүре берді.

Көпшілік 1995-1996 жылдары дәурені жүрген «Агропромбанк», «Туранбанк», «Кредсоцбанк», «Әлембанк» дегендерді жақсы таниды. Кейін мемлекеттің «Туранбанкті» 25 млн долларға сатып алып, «Тұран-Әлем Банк» етіп қайта құрғанын да білеміз. Бірақ мемлекет қажет кезде қолдап, ал кейде банктер санын аямай қысқартып та отырды. Мысалы, 1994 жылы Ұлттық банк саясатын қатайтып, 68 банктің лицензиясын қайтарып алды.

Елде 1994 жылы 184 банк болса, 1999 жылдың аяғында 55-і ғана қалды. 2000 жылы – 48, 2011 жылы – 44, 2002 және 2003 жылы – 38, 2004 және 2005 жылы – 35, 2006 жылы – 34, 2007 жылы 33 банк жұмыс істеді. Сосын дүниежүзілік экономикалық дағдарыс алдында банк саны қайта көбейді. 2008 жылы – 35, 2009 жылы – 37, 2011 жылы 39 банк тіркелген. Олардың саны 2015 жылға дейін азаймады. Тек 2016 жылдан кейін ғана сектордағы ойыншылар саны күрт қысқара бастады. 2017 жылы – 33, 2018 жылы 30 банк қызмет көрсетсе, қазір нарықта 22 банк ғана бар.

Қазір елде екі деңгейлі банк жүйесі жұмыс істейді. Ұлттық банк елдің орта­лық банкі және отандық банк жүйесі­нің ең жоғарғы деңгейі болып саналады. Яғни өзге елдердің банктері және орталық банктерімен қарым-қатынас­та Қазақстанның мүддесін қорғау құқы­ғына ие. Банк ретінде заңды тұлғалар мен екінші деңгейлі банктерге несие береді. Ал елдегі өзге банктердің бар­лы­ғы – екінші деңгейлі банктер сана­ты­на жатады. Сондай-ақ елімізде Қазақ­стан даму банкі де бар. Бірақ оның ерекше құқықтық мәртебесі бар – мемле­кет­тік инвестициялық қызметті жетілдіру және тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіптерді дамыту, ел экономикасына шетелдік және отандық инвестицияларды тарту.

Мемлекеттің көмегі

1995 жылдан бастап Қазақстан банк­тер өз-өздерін қамтамасыз етсін деген саясат ұстанды. Нәтижесі де жаман бол­ған жоқ, Қазақстан даму банкі мен мем­лекет­аралық Еуразия даму банкінен өзге­лері жеке капиталдары есебінен күн көрді. Алайда 2007 жылы басталған эко­но­микалық дағдарысқа байланысты мемлекет нарыққа араласуға мәжбүр болды.

Банк жүйесінің банкроттық шегіне дейін жақындауына байланысты 2009 жылы 4 ақпанда Ұлттық банктің теңгені 25 пайызға құнсыздандыруы, «Самұрық-Қазынаның» Halyk Bank акциясының 21 пайызын сатып алуы, Ұлттық қор активінің 20 пайызға дейін азайып кетуі – банк секторының нағыз тар жол, тайғақ кешуге тап болғанын аңғартады. «Альянс банк» қарыздарды қайта құры­лым­дай алмай, мамырда Fitch Ratings бен Standard & Poor’s үш қазақ­стандық банк – Halyk Bank, «Қазкоммерцбанк» және «БанкЦентрКредиттің» рейтингін төмендетіп тастады. Қара күзде дүние­жүзілік сауда ұйымы Қазақстандағы банк секторына дефолт қаупі төніп тұр­ғанын мәлімдеді. Осының бәрін алдын ала байыптаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың қаңтарында экономиканы және қаржы жүйесін тұ­рақ­тандыру мақсатындағы қаулыға қол қойды. Жыл қорытындысы бойынша Ұлт­­тық қордан 10 млрд доллар бөлінді.

2017 жылы да Президент банктерді тағы да қолдауға пәрмен берді. Сол жылы банк секторының қаржылық ор­нық­­тылығын көтеру бағдарламасы жа­са­­лып, орнықтылық қоры банктерден суб­ор­­динацияланған құнды қағаздарды 4 па­йыздық ставкамен сатып алып, қарызды 15 жылға бөліп тастады. Нәтижесінде, банктер 653,7 млрд теңге алды. Атап айтсақ, «БанкЦентрКредит» – 60 млрд, АТФБанк – 100 млрд, «Еуразиялық банк» – 150 млрд, «Цеснабанк» 100 млрд теңге көмек алды. Бұл ретте «Цеснабанктен» басқасы жағдайларын жақсартып, нашар кредиттер көлемін төмендетіп алды.

«Үш трлн теңгеден астам қаржы бөліп, мемлекет банк жүйесіне үлкен көмек жасады. Сол уақытта банктер берген несие көлемі 12,7 трлн теңге болды. Жұмыс істемей тұрған несие үлесі 10 пайызды құрады. Биыл банктерді сауықтыру бағдарламасы аяқталды. Ол банктердің акционерлері тиімсіз басқарып, қарызды өсіріп алған, нәтижесінде салымшы­лар алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмай қалды» деген еді Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев 2018 жылы Ұлттық банк төрағасымен кездесу сәтінде.

2014-2015 жылдары Темірбанк, ForteBank және «Альянс банк» бірігіп, ForteBank болып қайта құрылды. 2015 жылы «Қазком» мен БТА Банк активтерін алмастырды. 2018 жылы «Қазком» мен Halyk Bank бірікті. 2021 жылы нау­рыз айында АТФБанк пен Jýsan Bank біріккендерін жария етті. Ал соңғы бірер жыл көлемінде Capital Bank Kazakhstan, Delta Bank, Qazaq Bank, Tengri Bank (Punjab National Bank), «Азия Кредит Банк», «Астана Банк», «Қазинвестбанк», «Қазкоммерцбанк», Пәкістан ұлттық банкі және «Эксимбанк Қазақстан» банктері нарықтан кетті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев банктердің қосылуын қолдап пікір білдірген еді: «Банктер әлсіз. Солай емес пе? Әлемде қатты дағдарыс болған кезде Exxon мен Mobil, Shell мен British gas бірікті. Акционерлер банктерін сақтап қалғысы келсе өз ақшасын тіксін. Сақтап қалудың басқаша жолы жоқ. Олар экономикаға қажет болмаса демек өмір сүруге де құқы жоқ» деген болатын.

Қуана айтар жетістік көп

Банктер интернет-банкинг жүйесін де тиімді дамыта бастады. Қызметтерді цифр­ландыру бойынша озық тұрған Kaspi Bank қызметін тұтынушылар көп қазір. Соңғы уақытта өзге банктер де осынау дүрмекке сәтті ілесті. Мұның бәрі біріге келіп, жалпыға ортақ оң нәтиже тудырады деген сенім бар.

Kaspi.kz негізін салушы Михаил Ломтадзенің айтуынша, Қазақстан банк инновациясы мен қаржы техникалық өнім бойынша теңдессіз жетістікке қол жеткізуде. «Қазір қазақстандықтар қағаз құжат ұстамайды, төлемді комиссиясыз төлейді, автокөлікті онлайн тіркейді, та­уарды үйде отырып-ақ сатып алады. Біраз жыл бұрын осылай болады десе ешкім сенбес еді. Кез келген қаржы институты инновация, диджитализацияға қатты мән беруде. Технологиялар мен инновациялар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Қазірдің өзінде көп табысқа жеттік, цифрлы сервистерді дамыта түсу бойынша әлеуетіміз әлі де зор», дейді М.Ломтадзе.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2021 жылды қаржы секторын дамытудағы бетбұрыс жылы деп бағалайды. «2021 жылы банк секторын төлем жасауға қабілетсіз банк­терден және проблемалық кредиттерден қалыпқа келтіру аяқталды. Соңғы екі жылда нарықтан 5 банк кетті. 2017 жылдан бастап барлығы 8 банктің лицензиясы қайтарып алынды, 3 ірі банк шоғырландырылды. Жалпы алғанда, 2017 – 2021 жылдар аралығындағы кезеңде 6,6 трлн теңге сомадағы кредиттер есептен шығарылды. Проблемалық және қайта құрылымдалған кредиттер деңгейі 2017 жылғы 40 пайыздан 2021 жылы қазан айында 10 пайызға дейін азайды. Мерзімі 90 күннен асып төленбеген несиелер көлемі (NPL) 4,3 пайызды құрады. Банк жүйесінің активтері соңғы үш жылда 41 пайызға ұлғайып, 35,6 трлн теңгені құрады» дейді агенттік басшысы. Оның айтуынша, стрестік активтерді 2026 жылға қарай 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін төмендету жөнінде 2020 жылы жоспар құрылған. Қазір банктер сол жоспардың 47 пайызын орындапты.

Қаржыгер Асқар Елемесов Қазақстан үшін 10 банк жеткілікті деген пікірде. «Әлем­дік экономика мен қаржы саласын­дағы үрдістер, технологиялық төңкеріс, цифрландыру бізді де айналып өтіп жатқан жоқ. Табыс бойынша қазақстандық банктер сәтті нәтижелер көрсетуде. Акциялар бағасының динамикасына әсер ететін экожүйелер туралы да жағымды пікір айтуға болады. Бірақ құнды қағаздар нарығының жеткілікті деңгейде дамымауы қаржы саласының проблемасы болып отыр. Бұл орайда елде жеке рейтингтік индустрияның болмауы да рөл ойнайды. Бізде экономикада қосылған құн деңгейі өте төмен, өйткені негізгі бағытымыз шикізат қана. Шикізат компанияларына көп банк керек емес. Тіпті екеу де жетер еді, бірақ еліміз географиялық тұрғыда әркелкі болғандықтан, 10 банк жеткілікті сияқты» дейді қаржыгер.

Қазір елімізде 22 банк жұмыс істей­ді. Оның 14-і – шетелдік банктердің қатысуы­мен. Биылғы 9 айдың қорытын­дысында сектордың таза табысы 924,9 млрд теңге болды. S&P Global Ratings және Fitch халықаралық рейтинг агенттіктері отан­дық банк секторын BBB−» және «BBB» деңгейімен, «тұрақты» деп бағала­ған. Өз кезегінде, Moody’s отандық банк сек­торының қазіргі күйін «позитивті» («Bаа3») деп санайды.