Қазақстан • 23 Қараша, 2021

Машина жасаудағы маңызды келісім

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Түркия машина жасаушылары өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Маңызды келісімнің қос тарап үшін де тиімділігі жоғары болады деп күтілуде.

Машина жасаудағы маңызды келісім

Жуырда Ыстанбұлда Win Eurasia халық­аралық көрмесі ұйымдастырылды. Атал­ған шараға Қазақстаннан арнайы делега­ция барып қатысты. Отандастарымыз көр­ме аясында түркиялық және өзге де мем­ле­кет­т­ердің машина жасау саласындағы кәсіп­орындары өкілдерімен кездесті. Біздің тараптан бұл шараға Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төр­­ағасы М.Пішембаев, Maker және «Астана электртехникалық зауыты» кәсіпорын­дары­ның басшылары, Kazakh Invest ұлттық ком­паниясының өкілдері қатысты.

Қазақстан машина жасаушылар одағы­ның баспасөз қызметі хабарлағандай, біздің делегация Түркия машина жасау федерациясы (MAKFED) директорлар кеңесінің төрағасы Аднан Далгакиранмен, сондай-ақ белгілі машина жасау кәсіпорындарының басшыларымен кездесулер өткізген.

– Кездесу барысында Қазақстан мен Түр­кия арасындағы экономикалық бай­ла­ныс­тарды дамытуға бағытталған машина жасау­дағы ынтымақтастық мәселелері тал­қы­ланды. Түркиялық әріптестерге Қазақ­станның машина жасау саласындағы өндіріс көлемінің жыл өткен сайын артып келе жат­қаны баяндалды. Сондай-ақ импорт көлемі туралы ақпарат берілді. 2020 жы­лы Қазақстанның импорты 38 млрд дол­ларға тең болды. Оның 17 млрд доллары ма­шина жасау өнімдерінің импортына тие­сілі. Бұл елдегі жалпы импорт көлемінің 45 пайызын құрайды. Салада сұраныс бар. Сондықтан даму мен инвестиция­лық ынтымақтастықтың әлеуеті де жоғары, – деді Мейрам Пішембаев.

Бұдан бөлек қазақстандық делега­ция кездесуге қатысушыларға өнеркәсіптік кооперацияның перспективалары, мұнай-газ және тау-кен металлургиядағы машина жасаудың өзара тиімді ынтымақтастығы туралы баяндады.

– Біз шетелдік инвесторларды озық технологиялар мен құзыреттерді трансферттеуге, Қазақстанның және болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің нарығын бірлесіп дамытуға шақы­рамыз, – дейді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы.

MAKFED директорлар кеңесінің төр­ағасы Аднан Далгакиран Қазақстанды бауыр­лас ел әрі Түркияның негізгі серік­тесі санайтынын, сондықтан Қазақ­станда әле­ует­­ті жобаларды іске асыру мүмкін­дік­терін пы­сықтауға әзір екенін жеткізді. Өз ке­зе­­гінде қазақстандық делегация шетелдік әріп­тес­­терін келер жылы өтетін Қазақстан маши­на жасаушыларының Х форумына және халық­аралық Kazakhstan Machinery Fair-2022 машина жасау және металл өңдеу маман­дан­дырылған көрмесіне қаты­суға шақырды.

Келіссөздер нәтижесінде Maker ЖШС-нің басқарма төрағасы Ж.Байғабылов Түркияның Okerel және Pres-San компанияларымен меморандумға қол қойды. Бұл келісім бизнестің жаңа ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарын орнатуға, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның машина жасау саласындағы кәсіпорындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.