Спорт • 23 Қараша, 2021

Оралда кімдер озды?

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің ең үздік дзюдошылары Оралда бас қосып, Қазақстан чемпионатының жүлделерін сарапқа салды. Осы жарыс барысында бірқатар өзгерістің болғанын байқадық. Мәселен, Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах және құрлықтық додаларда сан мәрте жүлде алған Елдос Жұмаханов бұл бәсекеге қатысқан жоқ. Күні кеше ғана олар үлкен спорттан кеткендерін жария етті. Сондай-ақ ұлттық командамыздың кейбір мүшелері өзге салмақтарда сайысқа түсуді құп көрген екен.

Оралда кімдер озды?

Ерлер арасындағы жарыста Қазақстанның бірінші нө­мірлі дзюдошылары арасынан тек 73 кг салмақта күш сынасқан Жансай Смағұлов өзінің мықтылығын мойындата алды. Барлық қарсыласын қапы қалдырған қарағандылық ба­луан финалда тараздық Да­нияр Шамшиевті шаң қап­тыр­ды. Бұған дейін 66 кг сал­мақ дәрежесінде күрескен Шы­ғыс Қазақстан облысының өкілі Ерлан Серікжановқа бір­ден жаңа салмаққа бейімделу оңай бол­­маған секілді. Әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері және Азия чемпионы деген атақтары бар спортшы ел бірін­шілігінде қола медальды қанағат тұтты.

Аса жеңіл салмақтағы бәсе­келерді де жанкүйерлер тағат­сыздана күтті. Себебі Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев сынды саңлақтар бұл жарысқа қатыспады. Және де келесі жылдан бастап олар салмақтарын өзгертуге бел буған екен. Яғни Жайық жағалауында жарыс жаңа чемпионды анықтады. Бұл мүмкіндікті Мағжан Шам­шадин ұтымды пайдаланды. Биыл Будапештте өткен әлем чемпионатында бесінші орынға тұрақтаған Сыр бо­йының сайыпқыраны финалда маңғыстаулық Бауыржан Нар­баевтан айласын асырды. 

66 кг салмақта Ермек Аман­гелдиевтің асығы алшысынан түсті. Есімі жанкүйерлерге жақ­сы таныс Ринат Ибрагимов татамимен қош айтысқаннан кейін Атырау облысынан мықты бір дзюдошының шықпағанына біраз жылдың жүзі болған еді. Міне, енді Ермек ерлеп, алтын тұғырдан қол бұлғады. Финалда ол Шығыс Қазақстан облысынан келген Дастан Шаяхметовтен басым түсті.

81 кг салмақта Жамбыл об­лысының өрені Бекәділ Шай­­мерденов озса, 90 кг-да ақтө­бе­лік Әділет Мисиннің мерейі үс­тем болды. Ауыр және аса ауыр сал­мақ дәрежелерінде қызыл­ордалық Нұрлыхан Шар­­­­хан мен оралдық Ғалым­жан Көл­бай бас жүлдені олжа­лады.

Ал әйелдер арасындағы са­йыс­­та атыраулық Абиба Әбу­жа­қынова (48 кг), оралдық Гау­һар Ирмағанбетова (52 кг), шым­кенттіктер Севара Нышан­баева (57 кг), Саера Мыр­зах­­­метова (63 кг), Зере Бек­тасқызы (70 кг), Аруна Жан­гелдина (78 кг) және Кәмила Бер­ліқаш (+78 кг) алтыннан алқа тақты.