Парсы шығанағында отандастарымыз тәуір өнер көрсетті. Тек жартылай финалда ғана сүрінген спортшыларымыз үшінші орын үшін Түркия құрамасымен күш сынасты. Шешуші тұста Данияр Юлдашев, Нұрқанат Әжіханов және Нұрнияз Елдашев жеңіске жетсе, Бейбарыс Жаңбырбай өз қарсыласына есе жіберді. Ал Игорь Чихмаревтің жекпе-жегінде тең есеп тіркелді. Осылайша, Қазақстан каратэшілерінің қоржыны тағы бір қола медальмен толықты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұрқанат Әжіханов пен София Берульцева өз салмақтары бойынша дәл сол межеге жеткен.
Иә, әлем чемпионаттарының жекелеген сайыстарында талай жерлесіміздің жасындай жарқылдап, жеңіс тұғырына көтерілгенін көзіміз көрді. Бірақ командалық додада ешуақытта жүлделі орынға иелік ете алмаған едік. Бұл жолы асығымыз алшысынан түсті.