Атақты эпостың Жамбыл жырлаған нұсқасы жайында
Көңілге жылы ұшырап елегізіткенімен, көмескісі көп көне күндерден замандар бойы созыла келіп, бүгінге ұласқан әлем мәдениетіндегі қызықты құбылыс – бабаларымыздың байырғы қадір-қасиетін толқындатып таратқан суырып салма ақындар шығармашылығы. Қанша қаласақ та, бастағы тұнық қалпында қайталанбас «Бабалар сөзі» М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымының еңбегімен 100 том болып шықты. Осылайша қазақ фольклорының басты байлығы қалың оқырман қауымның назарына ұсынылды. Осы қазынаның қисапсыз, қимас қырлары мен дәуірлер дидарынан белгі беретін сансыз сырларын сараптау – фольклортанушылардың, сонымен қатар, жалпы мәдениетіміздің аңғары мен айшығын анықтап білгісі келген көшелілердің бәріне ортақ шаруа, мерейлі міндет. Осынау көл-көсір дүниеден көлемі десеңіз де, көркі десеңіз де еш кем түспейтін, жалпы жұртшылық түгіл ынталы әдебиеттануымыз әлі айтарлықтай пайымдап үлгірмеген, әл-әзір түгелдей түгенделіп, жарыққа шықпаған аса бай, теңдессіз қазынамыз – ойға бай, сөзге шешен суырып салма ақындарымыздың қыруар мұралары. Әдебиетіміздің әр кезеңінде өмір сүрген авторлық ауыз әдебиетінің, жалпақ тілмен айтсақ, ауызша әдебиеттің жекелеген жанрлары, көрнекті өкілдері туралы бірталай көлемді, қажетті зерттеулер жүргізілді. Әйтсе де тәуелсіздікке дейінгі кезеңде тереңдеп бойлауға мүмкіндік шектелген болатын. Соның салдарынан негізгі бағыт-бағдарымыз кеңес идеологиясына қайшы келмейтін дүниелерді жариялау болды да, авторлардың өмірі және шығармашылығымен таныстыру, туындыларын кезеңдік талаптарға сай талдау мен насихаттауға баса күш салынды. Өрен жүйрік өнер иелерінің туындыларына тарихи-әдеби контексте аналитикалық байыптау жасала бермеді, халқымыздың тарихи-мәдени дамуындағы, көшпелілер өркениеті мен әлем мәдениеті контексіндегі зор бірегей тарихи қызметі толық ашыла қоймады. Олай болса, осынау ұшан-теңіз қазынаны, халқымыздың ұлттық пішіні мен интеллектуалдық әлеуетіне қосқан ғажайып үлесін барлау мен бағалау – жауапкершілігі зор, шендесі жоқ, тыңға түрен салуды қажет ететін аса маңызды шаруа. Бұл орайда ең алдымен мұрағатта «мұңайып» қыбырсыз жатып, тозаңға тұншыққан мұраларды жарыққа шығару мәселесі кезек күттірмейді. Біздің университет жанынан құрылған Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиевтің қолдауымен ашылып, аталған олқылықтың орнын толтыруға хал-қадерінше қызмет етуді нысанаға алған еді. Өткен 2 жыл ішінде оншақты кітап дайындаса, оның 12-ісі басылып шықты. Атап айтқанда, Жамбыл Жабаевтың толық шығармалар жинағының төрт томы, Әсет Найманбайұлының толық шығармалар жинағының екі томы, Түбек Байқошқарұлы шығармаларының алғашқы басылымы, негізінен ХІХ ғасырда ішінара ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін өмір сүрген, өнері өрлеген, өлеңдері өлкелерді кернеген ақындардың үздік туындыларының басын қосқан «Ақындар аманаты» атты хрестоматия-компендиум, Жамбыл Жабаев шығармаларының библиографиялық көрсеткіші, сондай-ақ суырып салма ақындар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектері ұсынылды. Бұлайша тізіп айтудағы мақсат – ондай ақындардың шығармаларының барлығы бірдей Алматыдағы мұрағаттарда сақтала бермеуі мүмкін. «Ел іші – өнер кеніші» екені ескеріліп, әр облыс әкімдігінің қасынан уақытша жұмыс топтары құрылып, біздің институтпен тізе қосып, бірлесе жұмыс жүргізілсе, әлдеқайда нәтижелі болар еді. Өйткені, көненің көзін көрмеген күннің өзінде, сілемін, ізін көңіліне еміс-еміс елес етіп, сақтап қалғандардың қатары селдіреп барады. Алдымыздағы азайып бара жатқан аға буын мен орта жастың жотасындағы біздің буыннан кейінгі, жаһанданумен жағаласатын жаңа ұрпақтың ықыласы өшпесе де, мүмкіндігі азаятыны ақиқат. Ал, жер-жерде елеусіз жатқан тұшымды туындылар көп болып іздесе, әлі де кездесіп қалуы ықтимал. Бұл сөзіміздің бір дәлелі – Жамбылдың қырғыз арасынан табылып, елімізге оралған – «Қыз Жібегі». Қазақ фольклорының асыл мұраларының бірі – «Қыз Жібекті» қазақ авторлық ауыз әдебиетінің өкілдері қырғыз елінде де жырлаған. Жамбыл Жабаевтың аталған жинағының екінші томында «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасы Жамбыл мұражайынан алынып, қырғызшасымен қатар қазақша үлгісі берілді. Көптеген қазақ ақындары әр жылдары көршілес қырғыз жерін аралап, ас-тойларына, басқа да сан алуан шараларына қатысып, өнер жарыстырғаны, қазақ фольклорының алуан шығармаларын жырлағаны жайында қырғыз әдебиетшілері де, қазақ ғалымдары да көптеген қызықты деректер келтіреді. Жамбылдың жырлауымен тараған «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлықтың» қырғыз арасында бірнеше нұсқасы бар. Қырғыз зерттеушісі Гүлбара Омарованың мәліметіне қарағанда, «қырғыздар арасына ең көп тараған поэма – қазақтың «Қыз Жібегі» (Гүлбара Омарова. «Түрк элдеринин поэмалары: тарихи процесс жана эпикалык байланыш». Бішкек, 2000. 40-41-беттер). Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорында сегізден аса нұсқасы бар. Айтушылар – ақындар, жыршылар тыңдаушылар ыңғайына, ықыласына қарай кейде қайғылы аяқтаса, кейде кейіпкерді мұратына «жеткізеді». Көркемдік деңгейлері айтушының ақындық дарынына, шеберлігіне қарай әрқилы. Оған жырды оқып отырғанда көз жеткізесіз. Әртүрлі ұқсастықтар мен айырмашылықтар жаттап алып, таратып айтушыларға ғана емес, олар естіген нұсқалардың әртүрлілігінен де болуы әбден ықтимал. Аталған екінші томда қырғызшасы да ұсынылған нұсқаны белгілі фольклоршы ғалым Сұлтанғали Садырбаев пен Жамбыл мұражайының директоры Мәулен Қожашев 1985 жылы Қырғызстанның Нарын облысы Жұмғал ауданына қарасты сол кездегі Ленин атындағы колхоздың №1 бригадасында тұратын жыршы, манасшы Кедейқан Сұлтановтан алған. К.Сұлтановтың айтуынша, «Қазақ ақыны Жамбыл Жабаев Тоқмақта, Кіші Кемінде бірнеше жыл тұрған. Алыбай ақынмен дос болған. Алыбай Жамбылдан «Қыз Жібекті» үйренген және жазып, қағазға түсірген. Алыбайдан өз ұлы Абдықадыр үйренген. Абдықадырдан мен үйреніп, қағазға жаздым. Жамбылдың бұл жыры Тянь-Шань тауларының ел арасында көп айтылады. Жырға ел көп қызығады», «Жамбылдан Алыбай 1900 жылы Тоқмақ шаһарында естіп, жазып алған», дейді. Алыбай ақсақал Жұмғал ауданының Қайырма деген ауылында өмір сүрген. Оның ұлы Абдықадыр шешен әрі шежіреші екен. «Қыз Жібекті» келістіріп айтқан. Кедейқан Сұлтанов осы Абдықадырмен сыйлас, жақын адам болғандықтан, жырды 1971 жылдан бері үйрене бастайды да, 1975 жылы қағазға түсірген. Әрине, төпелеп төгіп отырған Жамбылдан толқып-тебіреніп тыңдап отырғанда, тыңдаушылардың жырды сол қалпында түгел жазып алуы мүмкін емес еді. Кейінгі жеткізушілер тарапынан қосылған немесе ұмытылған, соның салдарынан өзгерген сәттер болуы шүбәсіз. Өйткені, ұлы жыраудың мүдірмей төгілетін тілі қырғызша нұсқада кейде тұтқырланып, ара-тұра қара сөздің көбейіп кетуі, қырғыз лексикасының, қырғыз айтушысының мәнері айқын сезіледі. Қырғыз ғалымы Батма Кебекованың зерттеулеріне қарағанда, «Қыз Жібекті» Жамбыл сүйіп жырлаған, қырғыздар ұйып тыңдаған. Қырғыз еліне әр келген сайын қайталап айтып жүргенін қырғыз ғалымдарының мәліметтері растайды. 1933 жылы күз айларының бірінде Жәкең қырғыз арасына келеді. Бұл жолы келуіне қазақ халқының сұрапыл ашаршылықтан тең жартысынан астамы қырылып, қатты күйзелуі, тұрмыстың ауыртпалығы себеп болуы да мүмкін. Батма Кебекова өз кітабында Кебекқызы Жәмиланың күнделігінен келтірген үзіндіде Кебек Шолақұлы Шоң Кемін болысының төрағасы қызметінде жүрген кезінде, жасы жетпістен асса да, әлі шымыр, жүзінен нұр төгілген Жамбылдың келгені, даусы тарғылданып шыққанына қарамастан, биіктігі, тартымдылығы еске алынады да, «осы кеште жырланған жырларды төкпей-шашпай толық білем деп айта алмаспын. Осы түні Жамбыл жырлаған «Қыз Жібекті» атамыздың да, Мұраталы Күреңкеевтің және басқалардың да айтып жүргендігіне қарамастан, кезінде жазылып алынбай қалғандығы өкінішті», – дейді /Б.Кебекова. «Кыргыз елинин каада-салт ырлары». Бішкек, 2001, 146-бет/. Апта бойы жырлаған алып жыраудың толғау екпіні, әсерлеп айту шеберлігі тыңдаушыларды тәнті еткен. Аталған естелікте қырғыз ақын, домбырашыларын да тыңдап, делебесі қозған Жәкеңнің «Қыз Жібекті» жырлауы тыңдаушыларды қайран қалдырғаны айтылады. Жоғарыда аталған кітабында Б.Кебекова: «Оның жырлау шеберлігіне айрықша таңғалдым. Бұрынғы-соңғы басқаларды да тыңдаған едім. Бірақ Жәкемнің айтуында өзінше бір керемет дүние көз алдыға келді. Әсіресе, Қыз Жібектің зарын, Төлегеннің өліп бара жатқандағы ел-жұрты (қоштасуы – Б.Ы.), арманды махаббаты, жалғыз інісі Сансызбайменен қоштасып, інісінің жоқтағанын айтқанда, отырғандардың бәрі көз жасын тия алмады. Жырдың мазмұнына мұңды үн, домбыраның зарлаған сазы сәйкес келіп, адамның сай-сүйегін сырқыратады. Кейін де «Қыз Жібекті» естідім, кітап болып басылғанын да оқыдым. Бірақ бір де бірі Жамбылдыкіне ұқсамайды», дейді. Расында Төлегеннің інісі Сансызбаймен, шешесімен қоштасатын сәттерінде кейіпкердің жан дүниесіндегі драмалық құбылыстарды ақын-жыршы тыңдаушылардың танымы мен талғамына сай толғап, қалыптасқан көркемдік дәстүрді жалғастырады. Б.Кебекованың аталған зерттеуінде Жамбылды басқа да қырғыз жыршыларының тыңдағаны, «Қыз Жібекті» үйреніп алып айтқаны туралы деректер келтірілген. Филология ғылымдарының докторы, профессор С.Садырбаев 2010 жылы шығарған Ж.Жабаевтың 2 томдық шығармалар жинағында жарияланған «Қыз Жібек» жыры мен алғаш рет толық аударылып ұсынылып отырған кейінгі шағынырақ нұсқада ұқсастықтар бар. Алайда, С.Садырбаев жариялаған нұсқа әлдеқайда көркем, әрі көлемді. Авторлық ауыз әдебиеті шығармалары оны насихаттап таратушылар тарапынан түрлі өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Қолжазбалар, оның ішінде жазылған шығармалар мен айту арқылы жазылып, айтушы-таратушылар арқылы кейін хатқа түсіп, жарық дүниеге шығу үшін кезегін күтіп жатқан асылдарымыз аз емес. Бұлардың барлығы жарияланып, еліміздің рухани игілігіне айналмайынша, әдебиетіміздің, жалпы мәдениетіміздің тарихын толық, тұтас байыптау мен бағалау мүмкін емес. Әлем мәдениетінің қисапсыз, қатпарына, әсіресе, бүгінгі қолда барына зер салғанда, халқымыздың тарихтың талай-талай аласапыранында, алдынан тосқауылдай тұтасып тұрып алған алмағайып заманның талқысында тозып кете жаздаса да, еңсесін түзеп, бүгінге жетуіне әсер еткен – айтулы қуаттардың бірі емес, бірегейі – қазақтың авторлық ауызша әдебиеті. Суырып салма өнер иелері – өз өлкесінің, өз кезеңінің рухани қайраткерлері ретінде әрдайым қалың елдің торығып, тозып қалмай, рухани күш-қуатын нығайтуда теңдесі жоқ эмотивтік-эстетикалық энергия таратып, тілімізді, сол арқылы ділімізді үнемі, үзбей байытып, дәуір сынына төтей алатын әлеует беріп, ғасырлар бойы қолдап келгеніне осы күнге дейінгі тарихымыз – талассыз айғақ. Жырауларымыз, айтыскерлеріміз, би-шешендеріміз, әңгімешілеріміз бен ертегішілеріміз, сайқымазақтарымыз, әншілеріміз, т.т. болмаса, ана тіліміз аман-есен бүгінге жетер-жетпесі екіталай еді. Тарихи-әлеуметтік, тұрмыстық-экономикалық жағдай мен рухани-мәдени қажеттілік байтақ сахарамыздың барлық өлкесінде суырып салма өнердің алуан өкілдерін уақыт сахнасына шығарды. Солардың бірі – жыршылардың типтері негізінен екі түрлі. Бірі – өз жанынан жаңғыртып, ештеңе қоспайтын, жаттап алғанын қайталап айтып беретіндер. Екіншісі – алдыңғы айтушылардың айтқанына қанағаттанбай, негізгі сюжет желісі мен кейіпкерлерін сақтай отырып, тың эмоция, жаңа ситуация, оқиғалар немесе соны сырлы сөз саптау, т.б қосып, өз дарыны мен шабытының қарым-қуатына, көңіл күйі мен тыңдаушының ықыласына, талап-тілегі мен таным-талғамына қарай өзінше құлпыртып, өзіндік көркемдік әлемін түзетін суырып салма ақындар. Кезінде Қабан (Қабылиса), Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Құлмамбет, Жамбыл, Мұрын жырау, Нұрпейіс, Шашубай, өзге де көптеген ақындар қыруар дастанды өзгеден естіп қана қоймай, өз тарапынан үлес қосып, тың серпінмен толғағаны мәлім. Бұл жырлар тек қазақ арасына ғана емес, көршілес жатқан халықтарға да тарағаны аян. Соның бір мысалы – жыр алыбы Жамбылдың жырлауы бойынша таудан асып, қырғыз атырабына тараған «Қыз Жібегі». Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан бауырлас қырғыз елінің атақты ақындары, манасшылары қазақ жерін араласа, қазақ ауылдары қырғыз өлкесінің қадірлі меймандары болғаны тарихтан аян. Осындай шығармашылық байланыстар еларалық келісім мен татулық баспалдақтары. Бекен ЫБЫРАЙЫМ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институтының директоры. АЛМАТЫ.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше