28 Ақпан, 2014

Өңірлік кардиохирургиялық орталық жүрекке 2435 ота жасады

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өткен жылы облыс орта­лығынан Өңірлік кардио­хи­рургиялық орталық ашылған еді. Бұл аталуына сай Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс­тарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жүрекке күрделі ота­лар жасалады. Барлық бөлім­шелері зертханалар, диаг­нос­тикалық зерттеулер соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған. Ең бастысы, кардиохирургиялық орталық ұжымы – жас дәрігерлер, яғни олардың орташа жасы 28 жасты құрайды. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп көріп, жас кардиохирург дәрігерлермен жүздескен болатын. Мамандардың бар­лығы Литва, Израиль, Ресей, Беларусь және еліміздің же­тек­ші кардиохирургиялық орталықтарында білімдерін жетілдіріп қайтты. Өткен жылы жүрекке 2435 ота жасалса, оның 185-сі балалар еді. Соның ішінде 959-ына жүрекке ашық түрде ота жасау әдісі қолданылды. Бұл әрине, медицинаға келген жаңа озық технологиялардың, инновациялардың, біздің дә­рігер мамандарымыздың қол жеткізген жетістігі. Орталықтың кардиолог және кардиохирург дәрігерлерінің біліктілігін арттыру, практикалық және әдістемелік көмек көрсету мақсатында елі­міздің Бас кардиохирургі, профессор Ю.В.Пя, минскілік профессор, Ю.Островский, лит­валық профессорлар шеберлік сыныптарын өткізді. Шеберлік-сабақтар шеңберінде 92 адамға жүрекке, соның ішінде 25 балаға ота жасалды. Бәрі сәтімен болды. Тек дәрігерлер ғана емес, медициналық орта буын өкіл­дері де Израильдің Реховот қаласындағы «Каплан» ауруханасы жанындағы медбикелер мектебінде болып, тәжірибе алмасты. Жүректеріне ота жасаған науқастарға дұрыс күтім жасауды көріп, біліп қайтты. Орталықтың кардиолог дәрі­герлері мен кардиохирургтері Семейге, Өскеменге барып, облыс бойынша 200 науқасқа кеңес берілді. Өткен жылы орталықта Шығыс Қазақстан облысынан – 107 науқас, соның ішінде 50 бала кардиохирургиялық ем қабылдады. Олардың 63-не (соның ішінде 35 балаға) жүрекке ашық тәсілмен ота жасалды. Орталықтың бас дәрігері Ораз Мұқашевтің айтуынша, инновация ауруханаларға келді, жүрекке ота жасайтын хирургтердің көбі қазақ жастары. «Алдағы уақытта кардио­хи­рургиялық орталықтың жоспарында жүрекке 2700 ота жасау міндеті тұр. Яғни осыншама адамның өмірін сақтап қалу біздің қолымызда тұр деген сөз», дейді О.Мұқашев. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар.