28 Ақпан, 2014

Қаржы саласында ыждағаттылық керек

451 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оған Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Есепті жылдың қоры­тын­дылары  бойынша мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 6 459 млрд. теңгені құрады немесе жос­пар 101,6 пайызға орындалды. Республикалық бюджет түсімдері 5 272 млрд. теңгені құрап, 100,6 пайызға орындалды. 2013 жылы оның алдындағы жылдармен салыстырғанда, Ұлттық қордың активтері 2,5 трлн. тең­геге немесе 24 пайызға артып, 12,9 трлн. теңгеге жетті, деп бастады кеңейтілген алқа мә­жі­лісіндегі баян­дамасын Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Республикалық бюджет шы­ғыстары есепті кезеңге 5 990,5 млрд. теңге немесе 99,3 пай­ызға атқарылды. Игерілмеген қа­ражаттың таза сомасы  Үкі­меттің пайдаланылмаған резервін есепке алмағанда (17 млрд.) 25,9 млрд. теңгені құрады. Жергілікті бюджеттерге бөлін­ген нысаналы трансферттер 1 043 млрд.теңге көлемінде болды. Оның ішінде, ағымдағы бюджеттік бағдарламалар  бойынша 514 млрд.теңге, даму бағдарламалары бойынша 529 млрд. теңге бөлін­ген. Жергілікті атқарушы органдар бөлінген трансферттік қаржының 99,2 пайызын игерді. Жыл қорытындысында бюджеттік бағдарламалар бойынша 3,3 млрд.теңге, даму бағдарламалары бойынша 5,2 млрд.теңге пайдаланылмай қалды. Алқа мәжілісінде баяндамашы бөлінген бюджет қаржысынан субъективті себептер бойынша 4 млрд. теңге қаржыны игермеген Қоршаған орта және су ресурс­тары министрлігінің, 1,4 млрд. теңге бюджеттік қаржыны игермеген Білім және ғылым министрлігінің, 1,3 млрд. теңге бюджет қаржысын игеруді қамтамасыз етпеген Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшы қызметкерлерін жауап­кер­шілікке тартуды ұсынды. Нақ осындай шараларды бірқатар өңір­лер басшыларының орынбасарлары тарапына да қолдану қажет. Сонымен бірге, баяндамашы бюджет қаржысын тиім­ді пайдаланудың ерекше маңыз­дылығын атап көрсете келіп, мемлекеттік сатып алу мәселесінде орын алып отырған келеңсіздіктерге тоқталды. Осы ретте мемлекеттік активтерді  басқару­дың тиімділігін арттырудың маңызды тетігі ре­тін­де ұқсас әкімшілік функция­лар­ды бірегейлендіру және біріктіру қа­жеттігі атап көрсетілді. Мәселен, Қаржы министрлігінде «Бірыңғай теңгерім ұстау­шы» қанатқақты жобасы іске асырылды.  Қанатқақты жоба шеңберінде Ақтөбе облысы мемлекеттік мүлік департаментінің теңгеріміне министрлік комитеттері бес аймақтық органның 30 ғимараты мен 47 автокөлігін беретін болды.  Жоба бойынша орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, осы мүлікті тиімді пайдалану қарастырылды. Өткен жылы жалпы көлемі 579 млрд. теңгенің бюджет заңнамасын және мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзу оқиғалары анықталды. Тәртіп бұзушыларға 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынып, 365,4 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Жалпы, осындай заңсыздықтарға салынған айыппұлдарды өндіріп алу және басқа да шаралар арқылы бюджетке 2 млрд.теңге қаржы түсті. Есепті кезеңде бақылау тиім­ділігі артып, бақылау нысандарына салынған жүктемелер азайған.  2012 жылмен салыстырғанда, өткен жылы бақылау тиімділігі 1,4 есеге артып, тексерулер саны 1,2 есеге азайды. Баяндамашы қазіргі уақытта квазимемлекеттік саланың өсу үрдісі белең алғандығын атап көрсетті. Бүгінгі таңда 19 мың­нан астам мемлекеттік мекеме, 6 мың мемлекеттік кә­сіп­орын, 710 акционерлік қо­ғам және мемлекеттің үлесі бар жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тіктер тіркелген. Олардың ішінде 13 мыңнан астамы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларының мекемелері. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша қазір жекешелендірудің екінші кезеңі – 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жекешелендіру бағдарламасының жобасы әзір­лену­де. Бұл жоба жақын арада Үкіметтің қарауына енгізілетін болады. Жоба мемлекет меншігіндегі активтердің бір бөлігін сатып алу құқығынсыз жалға беру, сенімді басқаруға және басқа негіздермен басқару үшін жекеменшік субъектілерге беруді көздейді. Бюджеттік саясаттың жаңа тұжырым­дамасында мемлекеттік борыштың орнықтылығын қамтамасыз ету және бюджет тапшылығын біртіндеп қысқарту көзделген, деп атап көрсетті Бақыт Сұлтанов. Республикалық бюджет тапшылығы 2013 жылы 718 миллиард теңге немесе ІЖӨ-нің 2,1 пайызы көлемінде қалыптасты. Бюджет тапшылығын қаржыландыру, сонымен бірге, есепті жыл ішінде борыш нарығын дамытуға жағдай жасау шеңберінде министрлік 982,5 миллиард теңге қаржыны мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырды. Бұл соңғы 13 жыл­дағы тиімді дебюттік шығарылым болып табылады. Ол өз кезегінде сыртқы капиталды тартатын қазақстандық компаниялар үшін үлгі болмақ және қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Бақыт Сұлтанов Қаржы министрлігінің алдында тұрған келелі міндеттер мен бағ­дарламаларға жан-жақты тоқталды. Кеңейтілген алқа мәжілісінде Қаржы министрлігі Салық коми­тетінің төрағасы Әнуар Жұ­ма­ділдаевқа сөз берілді. Салық комитеті басшысының айтуы бойынша, есепті кезеңде 36 ірі компания салық төлеуден жал­тарған. Олардың айналымдағы қаржы көлемі 27,6 миллиард тең­гені құраған. Сөйтіп, осы компаниялардың салық төлемеу салдарынан бюджетке келтірген шығыны 8 миллиард теңге болып отыр. Салық комитетінің басшысы өз сөзінде еліміздің салық органдарының алдында тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталып, бюджетке түсетін салық төлемдерін арттырудың жолдарын атап көрсетті. Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғосман Әмриннің мәлімдеуінше, еліміздің кеденшілері есепті мерзімде республикалық бюджетке 1 триллион 339,5 миллиард теңге кедендік төлемдер мен салықтар түсімін қамтамасыз еткен. Осы кезеңде еліміздің кеден бекеттері арқылы жөнелтілетін жүктердің өту мерзімін қысқарту мақсатында бірқатар тиімді шаралар жүзеге асырылған. Кеден органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары қарқынды жүргізілетін болады. Қаржы министрлігінің ке­ңей­­тілген алқа мәжілісін Премьер-Министр Серік Ах­метов қорытындылап, са­ла қызметкерлерінің алдына бір­қатар келелі міндеттер қойды. Бюджеттік тәртіптің тиімділігін арттыру Қаржы министрлігінің ең басты міндеттерінің бірі болып саналатындығын айта келіп, Үкімет басшысы 2013 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік қаржыларды игермеген бірқатар басшылардың әкімшілік жазаға тартылғандығын атап көрсетті. Үкімет басшысы Салық комитетінің жұмысында орын алған бірқатар кемшіліктердің бетін ашты. Бұл саланың жұмысын жандандыру мақсатында бірқатар тиімді шаралар жүзеге асырылды. Алайда, біздің елімізде бюджет түсімдерін арттыратын салық төлеу аймақтары кеңейтілмей отыр. Сонымен бірге, Үкімет басшысы мемлекет активтерін басқару тиімділігін арттыруда әлі де оң жетістіктерге қол жеткізілмей отырғандығын атап көрсетті. Елімізде квазимемлекеттік саласы өсу үстінде. Шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейтін салада мемлекеттік органдардың қатысы барынша азайтылуы керек. Алайда, біздің ұлттық компаниялар мемлекеттік активтерден айырылғысы келмейді. Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алу саласында орын алған кемшіліктерге де кеңінен тоқталды. Мемлекеттік сатып алу саласы мейлінше ашық болуы қажет. Жалпы, мемлекеттік сатып алу жүйесінде түбегейлі өзгерістер жасау керек. Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын 1 шілдеге дейін Үкіметке ұсынуды тапсырды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».