28 Ақпан, 2014

Дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Нұр Отанның» 15 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында дипломаттар Ел­басы, «Нұр Отан» партиясының Төр­а­ғасы Н.Ә.Назарбаевтың сая­са­тының арқасында «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын жүзеге асыруға, партияның ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, аза­маттық келісім мен бірігуге бағыт­талған жұмысы жөнінде жан-жақты мағлұмат алды. «Нұр Отан» партиясының жемісті жұмысы бәрімізге аян. Сапаға мән берген жұмыстың арқасында ол халықтың кең қолдауына ие болды. Соңғы 15 жылда Қазақстан тез және қарыштап дамып келеді, яғни халықтың әл-ауқаты да жақсара түсуде, осының бәрі партия мен оның мүшелерінің еңбегі. «Нұр Отан» партиясы мен оның мүшелерін 15 жылдығымен құттықтаймын, республика мен елдің игілігі үшін бұрынғыдан да зор табыстар тілеймін!» – деп партияның атына байланысты өз лебізін білдірді Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жағир Сухуээ. «Нұр Отан» партиясын Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хидо Херц те құттықтады: «Нұр Отан» партия­сын 15 жылдығымен құттықтаймын! Маған «Нұр Отан» партиясының центристік бағыт ұстанатыны ұнайды. Бұл – партияның елдің саяси өміріне белсене араласудағы үздік тәсілі. Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа партияның 15 жылдық жемісті жұмысына байланысты өз құттықтауымды білдіргім келеді!» – деді Х.Херц. Дипломатиялық корпустың өкілдері ашықтық, есептілік, тиімділік пен жауапкершілік ұстанымына негізделіп құрылған жаңа үлгідегі «Нұр Отан» партиясының жұмысымен танысты. Кездесуге келгендер Республикалық қоғамдық қабылдаудың жұмысы, іске қосылған «Электрондық партия» жобасы жайлы хабарланды. Дипломаттар азаматтарға қабылдау жүргізетін бөл­мелер мен ситуациялық орталықта болды. Елімізде барлығы 240 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді, өткен жыл барысында оған 800 мың адам жүгінген, олардың 130 мыңы мемлекеттік органдарға жіберілді. ХV съезде қабылданған партияның жаңа Саяси доктринасы «Нұр Отанның» ел ішінде ғана емес, сонымен қатар, шетелдерде де неғұрлым тиянақты және тиімді орнын табуына мүмкіндік туғызды. Партияның идеологиялық тұғырнамасы – центристік, басқа партиялармен қатынасты қалыптастыра отырып, жаңа идеологиялық бағытта халықаралық ынтымақтастықты жүйе­леуге көмектеседі. «Егемен-ақпарат».