Өнер • 23 Қараша, 2021

«Жас қазақ»

557 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жас қазақ»! Ән өнерінің жау­һары саналатын бұл туындының даңқы ел ішінде қаншалықты мәшһүр болса, туу тарихы сон­шалықты мұңды. Ал майдан даласынан халық ортасына жету тағдыры жүрек тебірентерлік.

«Жас қазақ»

«Жас қазақ»  –   композитор Рама­зан Елебаевтың Кеңес Одағының Ба­тыры, жау тылында асқан ерлікпен қаза тапқан майдандас серігі Төле­ген Тоқтаровқа қойған мәңгілік ес­керткіші.

...1942 жылы ақпан айының ішінде Бородино қыстағында кескілескен соғыс жүріп жатты. Жау әскері алты рет қайта-қайта шабуылға шығады. Аса ауыр өткен алты шабуылдың бесеуін көптеген шығынмен тойтарып, енді соңғы қиян-кескі ұрыстың ортасына түскенде  жалындап тұр­ған жас батыр Төлегенге зеңбіректің жа­рықшағы тиіп, ауыр жараланады. Енді қайтып өмір қызығын көре алмайтынын білген Төлеген жарық дүниемен қоштасу ниетімен көзін ашып, жан-жағына қарайды. Дәл сол кезде немістің жаралы офицері біреуді атқалы жатқанын көреді. Төлеген ақтық демін жиып, немісті жоюға бет алады. Жарылған ішін сол қолымен басып алып, ең соңғы күшін жинап, жауға жолбарысша бір-ақ атылады. Мылтықтың дүмімен басынан ұрып немісті өлтіреді де, өзі де сол жерде көз жұмады.

Майдан даласында жүрген композитор Рамазан Елебаевқа жас батыр­дың өлімі қатты әсер етеді. Ішін кернеген қайғы мен өкініш арада бі­раз уақыт өткенде сыртқа ән болып шы­ғады. Алғашында «Жас қабірдің ба­сында» деп аталған туынды атауы кейін әнші Жүсіпбек Елебеков пен жазушы Ғабиден Мұстафиннің ұсы­нысымен «Жас қазақ» болып өзгереді. Сол атпен ел арасына таралып, танылады.

Бұл туралы кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Жүсіпбек Еле­­­бековтің жары, ғасыр жасаған ғи­б­­рат­ты ғұмыр иесі Хабиба Еле­бе­кованың аузынан оқиғаны қаз-қал­пында жазып алу мүмкіндігі туған еді. «Жас қазақ» жайлы актриса былай деген еді сонда:

«Сұрапыл ажал сағатын төндіріп тұрған майдан шебін көзімен көрген  Жүсіпбек ғаламат қиыншылықтар­ды өз басынан өткізгендей сезінетін. 1942 жылдың қарашасынан бастап 1943 жылдың қаңтарының аяғына дейін үш ай бойы жауынгерлерге берген концерті саналы ғұмырының мағыналы бөлшегіндей болғаны рас. Майданнан елге жүргелі тұрғанда, аяғында шаңғы, арқасында аккордеон, өне бойын тер жауып кеткен Рамазан Елебаев ентігін баса алмай:  «Үлгердім-ау әйтеуір, Жүсаға, үйрене көріңіз. Осы әнімді елге жеткізіңіз! Ел есінде қаларлықтай артымда ес­керткіш болып осы ән қалса арманым жоқ!» деп әлі сиясы да кеуіп үл­гермеген әйгілі әнін Жүсекеңнің қо­лына табыстап, аманаттайды. Сөйтіп, Жүсекең өзімен бірге майдан даласынан «Жас қазақты» да  ала келген еді»,  деп еске алады актриса.

Әнді алып, аманат жүгін арқалаған әнші қайтар жолда отарбада өзімен бірге келе жатқан жазушы ағасы Ға­биден Мұстафинге қолқалап отырып әлгі әнге сөз жазғызады. Майдан да­ласындағы күйді көзбен көріп, іш­пен де сезініп келген қаламгер аз ғана ойланып отырып:

...Қар жамылған кең дала

қанға бөгіп,

Гүрілдейді сұм аспан өлім төгіп.

Жас қазақ,

Мұрттай ұшты уралап.     

Алтын шапақ, ақ иек атқанда таң,

Қалғанынша денеде бір қасық қан.

Жас қазақ,

Жатты жауын жаныштап.

Сол бетінде жан берді ол,

тұрмады,

Ары үшін елінің боп құрбаны.

Жас қазақ,

Бәрің соған ұқсап бақ!

деген өлең жолдарын төгіп-төгіп жі­бе­реді.  Сөз әуенге құйып қойғандай бірден үйлесе кетеді.

«Рамазанға берген уәдем ақталса, от кешіп жүрген асыл азаматтың ал­дында борышымды өтегенім» деп өзіне өзі серт берген  Жүсіпбек Еле­беков елге келген соң әнді алғаш рет өзі орындап, көпшілікке таныстырады. Есті әншінің орындауындағы  «Жас қазақ» халықтың жүргенінен бірден орын алады. Ел арасында ­ауыз­дан ауызға өтіп, тез таралады.

Жүсіпбек Елебеков соғыс даласынан әкелген бұл батырлық ән шын мәнінде өнерге қосылған жаңалық болды. Өйткені  «Жас қазақ» бүкіл майдан көрінісін суреттеген, соғыс даласында қыршыннан қиылған боз­дақтардың арманын жеткізген жауынгер сәлемдемесі еді.

Поэзияда жыр жолбарысы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» деген өлеңі майдандағы жауынгер­лерге рухани күш беріп, жауға ша­буыл жасарда алдына ұстаған жалаудай әсер етсе, «Жас қазақ» әні де арттағы елге солай әсер етті. Ел жүрегін тербетер зарлы үнмен қоса, бойына күш, қуат беріп, жауға деген өшпенділік өрши түсті. «Жас қазақ» әні өзінің ызалы, зарлы, кекті, қажырлы күші­мен сол уақытта шын мәнінде бүкіл қазақ даласының, бейібіт күнді аңса­ған жалынды жастардың айбынды әнұранындай еді.   

Алайда... алайда ең өкініштісі, «Жас қазағын» ерекше аманатта­ған жа­лынды жас Рамазан әнін үлкен сахнадан бір тыңдап үлгермеген күйі майдан даласында қыршыннан қиы­лып, үзіліп кете барды...