Үкімет • 23 Қараша, 2021

Жергілікті қамтудың үлесін қалай арттырамыз?

548 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы сауалға жауап ізделді. Сондай-ақ тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралып, әдеттегідей елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай сөз болды.

Жергілікті қамтудың үлесін қалай арттырамыз?

Бұл – әкімдердің міндеті!

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың дерегінше, 2020 жылдан бастап еліміз­дегі жергілікті қамту үлесі айтарлықтай арт­қан. Биылғы 9 айдың қорытындысында ре­т­­те­летін сатып алудың жалпы көле­мі 12,9 трлн теңгеге тең болып, жергі­лікті қа­мту үлесі 6,4%-ға өскен. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл басында инфра­құры­лымдық жобаларды іске асыру кезінде мемлекеттік сатып алуларда мәлімделген жергілікті қамту көрсеткіштері бойынша деректер салыстырылды. Нәтижесінде, 14 өңірде көрсеткіштердің артық екені анықталды. Президент 2025 жылға дейін жыл сайын тексеру жүргізуді тапсырды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына байланысты отандық өндірушілерді қолдау шаралары 2015 жылдан бастап кезең-кезеңімен алып тасталды. 2021 жылғы 1 қаңтардан бас­тап жер қойнауын пайдалану саласында тауарлардағы жергілікті қамту алынып, жұмыстар мен көрсетілетін қыз­меттерде 50%-дан аспайтын талаптар қойылды. Жергілікті қамту құралын қол­дану бойынша тиісті өзгерістер ен­гізілді. Халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған 5 жаңа механизм әзірленді, – деді Б.Атамқұлов.

Біріншіден, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында «ел ішіндегі құн­дылық» ұғымы мен даму саясаты көз­делген. Бұл ұғым халықаралық аренада танылған әрі Дүниежүзілік сауда ұйы­мының нормаларына сәйкес келеді. Мысалы, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішіндегі құндылықты дамытудың жеке бағдарламаларын және отандық өндіріс тауарларын сатып алуға көшу жоспарын қабылдайды.

Екіншіден, дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен то­лық­тыру мақсатында жер қой­науын пайдаланушылар мен ұлттық компа­ния­лардың қатысуымен офтейк-келісім­шарттар, офсеттік шарттар пайдаланылады. Бұл ретте офтейк-келісімшарттар өндірісті оқшаулауға және жаңаларын ашуға, ал офсеттік шарттар технологиялар трансферті мен инвестициялар тартуға бағыт­талады. Ұзақ мерзімді шарттар жұмыс істеп тұрған өндірістердің өнім­дерін өткізуді қамтамасыз етеді.

– Үшіншіден, ірі мұнай операторлары бірлескен жол картасын бекітті. Ол ұлт­тық стандарттарды бейімдеу мәсе­лелерін, тендерлік рәсімдерге қазақ­стандық өндірушілерді қолдау механизмдерінің ірі операторларын енгізуді, 2025 жылға дейін жергілікті қамтуды ұлғайтуды, мұнай-газ жабдықтарының 5 өндірісін оқшаулау шараларын қарастырады. Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығының жұмысы басталды. Ол ірі операторлармен бірлесіп, технологияларды оқшаулауға және трансферттеуге кірісті. Импортталатын 1 200-ден астам тауарға талдау жүргізілді. Оқшаулау үшін 3 тауарлар тобы іріктелді. Орталық жыл соңына дейін инвестициялық жоба­лар мен өндірістерді оқшаулау бойын­ша ұсыныстар жасауды, сондай-ақ отан­дық өндірушілер үшін кедергілерді анық­тау­ды жоспарлап отыр, – деді министр.

Төртіншіден, жер қойнауын пайда­лану­шылардың сатып алуларында жергі­лік­ті қамту көрсеткіштерін сақтау әрі арт­тыру мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте жер қойнауын пайдаланушылармен кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасау нормасы бекітілген. Келісімдерде тауарлардағы жергілікті қамту үлесінің орташа көрсеткіші 30%, жұмыстар мен қызметтерде тиісінше 80% және 85% құрайды. Биылғы қараша айындағы жағдай бойынша 234 келісім жасалған. Алдын ала бол­жам­дарға сәйкес, бұл шаралар жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін 55%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бесіншіден, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша нысаналы индикаторлар белгіленді. Атап айтқанда, 2021 жылға арналған жергілікті қамтудың орташа үлесі құрылыс материалдарында – 77,3%-ды, жиһаз өндірісінде – 68,5%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 65,5%-ды, целлю­лоза-қағаз саласында – 53,7%-ды, хи­мияда – 36,2%-ды, фармацевтикада – 32,3%-ды, машина жасауда – 19,5%-ды құ­райды. Мәлімделген көрсеткіштерге қол жеткізу механизмдерінің бірі – ұлттық режімнен шығару. Бұл механизм 4 түрлі тауарда қолданылады. Олар бойынша мемлекеттік сатып алу тек отандық өн­діру­шілермен жүргізіледі. Сондай-ақ жеңіл, жиһаз өнеркәсібі және машина жасау өнімдері бойынша ұлттық режімнен алып тастау мәселесі пысықталуда.

Энергетика министрі Мағзұм Мырза­ға­лиевтің айтуынша, 2020 жылдың қоры­тын­дысы бойынша көмірсутек шикізаты және уран өндіру саласындағы жер қой­науын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі шамамен 5,4 трлн теңгені құраған. Осы сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 46%-ға тең. Жер қойнауын пай­далану­шылардың 2021 жылға арналған сатып алу жоспары – 6,8 трлн теңге. Ондағы жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші 46,5% немесе 3,1 трлн теңге.

Тауарларды, жұмыстар мен көрсеті­летін қызметтерді сатып алу көлемінің шамамен 77%-ы үш ірі операторға тиесілі. Олар – «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығынақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.». Сатып алудың қалған 13%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобының және 10%-ы басқа да жер қойнауын пайдалану­шылардың үлесінде. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазір отандық тауар өндірушілер құрылыс-монтаж, құбыр материалдарымен, механикалық жабдықтармен, электроматериалдармен, телекоммуникация материалдарымен, жанар-жағармай материалдарымен толықтай қамтамасыз етеді. Осылайша, отандық тауар өндірісі қарқын алуда.

– Отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр. Осылайша, ірі операторларға берілген кедендік жеңілдіктер нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төленеді. Бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі – Салық кодексіне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды. Аталған шара шетел­дік және отандық компаниялар ара­сындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді, – деді М.Мырзағалиев.

Бұл ретте министрлік жергілікті қамту­ды дамыту бойынша бірқатар шара­лар мен бастамалар жүргізуде. Со­ның бірі – елімізде кәсіпкерлікті ынта­ландыру туралы келісімдер жасасу. Ведомство «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен «Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы» келісім жасасуға бастамашылық жасады. Бұл келісімдер ерікті түрде жасалады. Бүгінгі таңда көмірсутектер мен уран бойынша 282 келісімшарттың 164-і бойынша келісімге қол жеткізілді. Аталған келісімдер тауарлардағы жергілікті қамту үлесін 19,5%-дан 31%-ға дейін, жұмыстарда – 66,8%-дан 78,6%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту деңгейі де 69,4%-дан 88,8%-ға артатын болады.

Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі келесі бастама – биыл құрылған Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – еліміздегі мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру. Ол үшін орталық жаңа өндірістер ашуды, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуді жүзеге асырады. Қазіргі уақытта операторлардың ұсынысы бойынша орталық үш тауар тобын талдауды және жергіліктендіруді қолға алды. Олар: бекіту арматурасы (клапандар), электротехникалық жабдық, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика. Орталық отандық өндірушілердің қажеттіліктері бойынша толық деректерге және тиісті мүмкіндіктерге талдау жүргізгеннен кейін қалған тауар топтары бойынша ұсыныстар енгізетін болады.

Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр жергілікті қамту үлесі көрсеткіштерінің өсуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. А.Мамин әкімдіктерге жергілікті қамтуды ба­қы­лау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтуді, олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тартуды тапсырды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз ету жүктелді.

– Жергілікті қамтуды дамыту – бұл әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі. Соған сәйкес олардың жұмысы бағаланады, – деп нақтылады А.Мамин.

 Тұтынушы құқығы тапталмауға тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азамат­тардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды аспектілерін ерекше атап өтті. Бұл ретте тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ішкі нарықты қауіпсіз әрі сапалы тауарлармен, қызметтермен қамтамасыз ету маңызды.

– Осы мақсатта министрлік ішкі сау­даны дамытуды, жетілдіруді және рет­теуді жүзеге асырады. Былтыр қабыл­дан­ған тұтынушылардың құқығын қор­ғау жөніндегі заңнамаға енгізілген түзе­ту­­лердің нәтижесінде ел Үкіметінің жаны­­нан ведомствоаралық кеңес құрыл­­ды, тұтынушылардың құқығын қор­ғау сала­сындағы уәкілетті органға мемле­кет­тік бақылау жүргізу функциялары беріл­ді, тұтынушылардың құқығын бұзға­ны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіл­ді, тұтынушылардың шағымдарын қараудың 3 сатылы жүйесі құрылды. Осы жыл­дың 1 қаңтарынан бастап «бірың­ғай тере­зе» қағидаты бойынша тұтыну­шы­лар­дың өтініштерін қабылдаудың бірың­ғай ақпараттық жүйесі e-tutynushy қол­данысқа енгізілді. Тұтынушылардың құқы­ғын бұзу туралы азаматтардың өтініш­тері саны­ның өсуі осы саладағы пробле­малар­дың бар екенін ғана емес, сонымен бірге тұты­ну­шылық мәдениет деңгейінің біртіндеп өскенін де көрсетеді, – дейді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Мәселен, министрлік 2019 жылы 5 977 өті­нішті қарастырса, 2020 жы­лы олар­дың саны 20 919-ға өскен. Ал осы жылдың 10 айы бойынша көрсет­кіш өткен жылдың көлемінен асып түскен. Өтініштердің өсуінің ұқсас жағдайы өзге мемлекеттік органдар бо­йынша да байқалады. Айталық, 2019 жылы мемлекеттік органдарға шамамен 30 мың өтініш түскен, 2020 жылы – 48 876. Биылғы 6 айда 26 161 өтініш қаралған.

Министрдің айтуынша, елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін трансформациялау басталды. Бұл реформада тұтынушылардың құқық­тарын қорғау жүйесімен тығыз байланысты техникалық реттеу мен стандарттау маңызды рөл атқарады. Өйткені бұл салалар тұтынушыларға ұсынылатын өнімдер мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір­гі уақытта бар­лық салада өнімдер мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапа көрсет­кіштеріне, қауіп­сіздігіне 3 мыңға жуық ұлттық стан­дарт әзірленіп, жұмыс істеуде. Ала­йда олардың белгілі бір салаларда қол­даны­луының төмендігі байқалады. Жыл­дан жылға өтініштер мен шағымдар саны артып келе жатқан экономика саласы ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл жаңа ұлттық стандарттарды әзірлеу және қолданыстағы ұлттық стандарттарды өзектендіру қажеттілігін көрсетеді. Оларды сақтау тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі бойынша тұтынушылардың қанағаттануын қамтамасыз етеді.

– Президент осы жылдың 16 қара­ша­сында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі­нің отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың әлі де жетілдірілмегенін айтып, оған тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты әрі тиімді қорғауға бағытталған өзгерістер мен түзетулер енгізуді тапсырды. Осыған байланысты министрлік тұтыну­шылардың құқығын қорғау жө­ніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу бо­йынша жұмысты бастады. Біріншіден, заңда коммерциялық емес ұйымның ұйым­дық-құқықтық формасында Ұлттық тұты­ну­шылар қауымдастығының мәрте­бесін заңнамалық бекіту мәселесі пысық­талуда. Екіншіден, заңнамаға енгізілетін түзетулер аясында Омбудсмен институты енгізіледі. Ол халықтың дауысы ретінде қызмет етеді және тұтынушылардың құқықтары бұзылатын салалардың қазіргі жүйелі проблемаларын мемлекеттің бірінші тұлғаларына тікелей жеткізеді. Үшіншіден, тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесінің базалық қағидаттарын тұтынушылардың құқығын қорғау туралы салалық заңнамаға тарату. Төртін­шіден, қоғамдық бірлестіктердің тұтынушы­лардың қоғамдық бірлестіктеріне тұты­ну­шыға өтелетін сомадан сыйақы есептеу туралы заң нормасын реституциялау қажеттігі туралы тілектері назарға алынды. Бесіншіден, электронды сауда сегментінде тұтынушылар құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында құқықтық реттеуді жетілдіру ұсынылады, – деді Б.Сұлтанов.

Тақырыпты түйіндеген Асқар Мамин қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру адал және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытудың индикаторы болып табылатын тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Өз құқықтарына сенімді тұтыну­шылар сапалы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге белсенді сұранысты қамта­масыз етеді. Бұл экономиканың дамуына ықпал етеді, – деді Үкімет басшысы.

Бұл ретте А.Мамин интернет-сауда саласында тұтынушылардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында осы жылдың соңына дейін электронды сауда сегментінде құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында е-tutynushy жүйесін азаматтардың өтініштерін жүйелеу және мемлекеттік органдар тарапынан жедел әрекет ету үшін бірқатар мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен біріктіру жүктелді.

 35 мың адам Pfizer-ді қабылдады

Үкімет отырысында елдегі санитар­лық-эпидемиялық жағдай туралы баян­даған Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цой Қазақстан Республикасы, соның ішінде 10 өңір «жасыл аймақта» орналасқанын жеткізді. 4 өңір – «сары аймақта» (Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыс­тары және Нұр-Сұлтан қаласы). «Қы­зыл аймақта» 2 өңір (Павлодар және Сол­түстік Қазақстан облыстары) қалып отыр.

– Жалпы, Қазақстанда соңғы айда ауруды жұқтыру 2,4 есе, стационарлардағы науқастар 1,4 есе, амбулаторлық науқас­тар 1,8 есе төмендеді. Инфекциялық төсектік орындардың қамтылуы – 30%-ды, реани­мациялық төсектік орындардың қамтылуы 25%-ды құрайды, – деді ол.

Халықты КВИ-ға қарсы вакциналау жалғасуда. 1-компонент 8,7 мил­лион адамға, 2-компонент 7,9 миллион адамға салынған. Pfizer вакцинасының 645 мың дозасы келіп түскені белгілі. Бүгінгі таңда 26 354 бала, 8 658 жүкті және бала емізетін әйелдер екпе алған. Вакцинаны апта сайын жеткізу жалғасуда.

– Тұмауға қарсы вакциналау аяқтал­ды. 2 миллион 500 мыңнан астам адам немесе халықтың 99,3%-ы егілді. КВИ және ЖРВИ ауруларын бақылау бойынша про­фи­лактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда, – деді А.Цой.

 Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»