– Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтты. Отандық бизнесті дамыту, жаңа жағдайдағы іскерлік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша бүгінгі форум жемісті болады деген сенімдемін. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде елімізде оңтайлы бизнес климат қалыптасты. Қазақстандық бизнес ашық және мобильді бола түсті. Кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Біз инвесторлар үшін қолайлы бизнес климат қалыптастыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз, – деді М.Әйтенов.
Ол 2018 жылы республикалық қала мәртебесін иемденген Шымкент қаласының өнеркәсіп көлемі 411 млрд теңгеден биыл 711,5 млрд теңгеге жететінін атап өтті. Қалаға осы уақыт ішінде 2,6 трлн теңге инвестиция тартылып, 200-ден аса жаңа кәсіпорын ашылып, жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асқан. Шағын және орта бизнес саласында 87 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41,6%-ға жетті.
Форум мінберінде Chocofamily интернет-холдингінің негізін қалаушы және осы ұйымның Бақылаушылар кеңесінің төрағасы Рамиль Мухоряпов, Tan Media тобының құрылтайшысы, «31 арна» телерадиокомпаниясы мен бірқатар тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралының жетекшісі Арманжан Байтасов, Bilim Media тобының құрылтайшысы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, Freedom Holding Corp компаниясының Бас атқарушы директоры және Директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Alageum Electric компаниялар тобының құрылтайшысы Еркебұлан Ильясов, BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы, компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтар сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөлісті және дәрістер өтті.
«Таң медиа тобының» иесі, «31 арна» телерадиокомпаниясының, сондай-ақ Қазақстандағы басқа да тәуелсіз БАҚ-тың негізін қалаушы Арманжан Байтасов БАҚ құру мен оны жүргізудің қыр-сырымен бөлісті. Оның пікірінше, бұл бизнестің тартымды және қолжетімді бағыты, өйткені тұтынушылардың негізгі инстинктерінің бірі – жаңа білім алу.
– Қазір бәрі өте тез жүріп жатыр, соның ішінде әлеуметтік желілердің дамуының нәтижесінде айтарлықтай материалдық инвестицияларды қажет етпейді. Ең бастысы, тартымды контент жасау және жеке брендті дамыту, дейді Арманжан Байтасов.
Bilim Media Group-тың негізін қалаушы әрі басшысы Рауан Кенжеханұлы адам капиталына инвестиция салу экономиканың дамуы үшін іргелі екенін атап өтті.
Ал Freedom Holding Corp ашық компаниясының Бас атқарушы директоры және Директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Турлов заманауи бизнестің негізгі мүмкіндіктері мен қауіптерін атады. Негізгі факторлардың арасында халықаралық бәсекелестік пен әлемнің өзгеріп жатқан керемет жылдамдығы анықталды.
Жоғары табысты бизнес құру үшін ондаған жылдар және мыңдаған қызметкер қажет емес.
– Бүгінде көптеген өнім клиентке қолжетімді және бүкіл әлемде ұсынылады. Мысалы, сіз өз бизнесіңізді 20 жыл бойы құрдыңыз делік. Осы себепті де сіз бәсекелестеріңізге өзіңіздікіндей бизнес құруға 20 жыл уақыт кетеді деп ойлайсыз. Бірақ бұл олай емес. Шағын стартаптар тез өседі. Ал басқа ойыншылар қатты қобалжуы керек, – деді спикер.
Сондай-ақ ол қаржы өнімдерін цифрландырудың артықшылықтарына тоқталды, оның ішінде еліміз үшін бірегей жаңа механизм – цифрлы ипотека, сол арқылы санаулы минуттарда жылжымайтын мүліктің иесі бола аласыз – бұл бұрын-соңды болмаған жоба.
Alageum Electric компаниялар тобының иесі Еркебұлан Ілиясов өз баяндамасын табысты бизнестің қыр-сырына арнады. Кез келген кәсіпкер назар аударуы тиіс негізгі факторлар – әртараптандыру, экспорттау, жобаларды басқару орталығын құру, цифрландыру, маркетингке инвестиция құю және оқыту қажеттілігі.
Қазақстандағы ең ірі құрылыс компаниясы BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың баяндамасы жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Бизнесмен империя құрудың жолын ғана емес, сонымен қатар кәсіби мамандардан жоғары тиімді команда құрудың жолын айтты. Холдинг қазіргі уақытта еліміздегі жетекші құрылыс салушы болып табылады, ТМД-дағы ең ірі құрылыс салушылар рейтингінде екінші және әлемдегі барлық құрылыс компаниялары арасында 180-орында.
– Біз өз жұмысымызды 100 мың доллар капиталмен бастап, 1,5 млрд доллар тауар айналымына шықтық. Қазір бір мезгілде 186 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біздің жоспарымыз – алдағы 5 жылда жұмыс көлемін 3 есеге арттыру. Бизнестегі табыстың сыры – көп жұмыс істеу, көп оқу, өсу нүктелерін іздеу және осының төңірегінде корпоративтік мәдениетті қалыптастыру, тиімді команда құру, – деді А.Рахымбаев.
Ол пандемия тұсында бизнесті сақтап қалу және оны әрі қарай дамыту үшін бірінші басшылардың жалақысын 40 пайызға, екінші басшылардың жалақысын 20 пайызға қысқарту туралы шешім қабылдапты. Бірақ қатардағы қызметкерлердің жалақысы қысқарған жоқ.
Қысқаша айтқанда, YPO-ға еліміздің ең озық бизнесмендерін тарту – форумды ұйымдастырушылардың алға қойған мақсаты және бұл сәтті болды. Іс-шара мен ұйымға кіру мүмкіндігі қазақстандық кәсіпкерлердің үлкен қызығушылығын тудырды. Алдағы уақытта Қазақстанда қызықты бизнес-жобалар көбейетіні сөзсіз.
Сонымен қатар «Көрме» орталығында жергілікті тауар өндірушілер шығаратын өнім түрлерінің көрмесі өтті. Қала экономикасының тірегі саналатын 100-ге жуық кәсіпорын «Шымкент өнімдері» тақырыбымен алдағы үш күн көлемінде жалғасатын көрмеге өз тауарларын ұсынды.
Жалпы, тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының экономикасы түрленді. Қаламызда құрылыс индустриясы, машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, текстиль өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тағы басқа өндірістік салалар қалыптасты. Көрменің ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, қала кәсіпорындары шығаратын өнім түрлерімен танысты.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Өңдеу өнеркәсібінің экспортын көбейту, еңбек өнімділігін арттыру нәтижесінде қаламыздың өнеркәсіп көлемі жыл аяғына дейін 711,5 млрд теңгеге жетеді, өндірілген өнімнің 87 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Қаладағы 4 өндірістік аймақта 118 жоба жүзеге асып, 21 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Биылдың өзінде жаңадан 5 жоба жүзеге асып, 203 жұмыс орны ашылды», деп атап өтті шаһар басшысы.
Шымкент қаласы отандық нарықта жекелеген өнімдердің негізгі жеткізушісі болып саналады. Цемент өндірісі, мотор майлары, кілем, аяқкиім, тұрмыстық бұйымдар өнімдері, фармацевтика, азық-түлік өндірісі жөнінен ішкі нарық пен отандық экспорттық әлеуетті арттыруда. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар отандық нарықтың 21 пайызын қамтуда.
Қала экономикасын әртараптандыру, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындарының үлесін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынып, нәтижесін беруде.
Шымкенттік өнімдер көрмесі санитарлық талаптар сақтала отырып өткізілді. Оған қатысушылар Ashyq жүйесі арқылы тіркеліп, мәртебесі айқындалды.
Шымкентте шығатын өнімдер көрмесі алдағы уақытта тұрақты түрде өтетін таныстырылымдық сипаттағы алаң ретінде қызметін жалғастырады. Оның аясында дайын өнімдерді өткізу нарығын қарастыру, экспортқа бейімделген тауар түрлерін ілгерілетуге мүмкіндіктер ашу, шығарылған өнімдердің СТ-KZ отандық сапа стандарты талаптарына сай болуын ұйымдастыру, іскерлік байланыстарды арттыру міндеттері бойынша жұмыстар жүргізіледі.