Спорт • 24 Қараша, 2021

Комитет үздіктерді іріктейді

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық Олим­пиада комитеті (ҰОК) осы жылдың қорытындысы бо­йын­ша Altyn Samgay-2021 сыйлы­ғының иегерле­рін анықтауға кірісті. Olympic.kz сайты арқылы сауалдама жүргізіліп, соның негізінде бірнеше аталым бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болады. Марапаттау рәсімі келесі айдың бел ортасында, яғни ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында өтеді.

Комитет үздіктерді іріктейді

Күні кеше ҰОК-тың ресми сайтында жоғарыдағы сыйлықты алуға лайықты азаматтардың аты-жөндері жарияланды. Мәселен, жазғы спорт түрлері бойынша үміткерлер қатарында боксшы Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев, Теміртас Жүсіпов, дзюдошы Елдос Сметов, зілтемірші Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, еркін күрес шебері Нұрислам Санаев, каратэші Дархан Асәділов пен Софья Берульцева және әйелдер күресінің өкілі Жәмила Бақбергенова бар. Олардың бар­лығы да Олимпия ойындары және әлем чемпионаттары секілді аса ірі халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсеткен спортшылар.

Қысқы спорт түрлерін серік еткендер арасынан биыл өткен бай­­рақты бәсекелерде айрықша көз­ге түскен алты спортшының есі­мі аталды. Олар – фристайлшы­лар Юлия Галышева, Жанбота Алда­бергенова, Павел Колмаков, конь­киші Надежда Морозова және шорт-трекшілер Әділ Ғалиахметов пен Денис Никиша.

Бапкерлер де жазғы және қысқы спорт түрлері деп екіге бөлінген екен. Солардың арасынан Мырзағали Айтжанов пен Ғалымжан Жылкел­диевті ерекше атап өтсек болады. М.Айтжанов – бокс­тан Олимпия ойындарының қола жүл­дегері және әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке жат­тықтырушысы. Ғ.Жылкелдиев – дзю­додан ұлттық құрамамыздың бас бапкері. Биыл Токиода қола медальды иеленген Елдос Сме­тов – дәл сол маманның төл шәкір­ті. Олардан бөлек Altyn Samgay-2021 сыйлығын алуы мүм­кін бапкерлер тізімінен Алек­сандр Ким (спорттық гимнас­тика), Григорий Ким (садақ ату), Ас­қар Молдағали (каратэ), Елена Круглыхина (фристайл), Мәдіғали Қар­сыбеков (шорт-трек) және Дми­трий Бабенконың (коньки) есімдерін кезіктірдік.

Жылдың ең үздік командасын да анықтау оңай болмайтын түрі бар. Себебі футзалдан Қазақстан ұлт­тық құрамасы мен волейболдан Өскеменнің «Алтай» клубы биылғы маусымда айтарлықтай табысқа қол жеткізіп, барша қазақ­стандық жанкүйерді қуантты. Атап айтсақ, футзалшы жігіттер дүниежүзілік доп додасында төртінші орынға табан тіресе, во­лейболшы қыздар Азияның клубтық чемпионатында алтыннан алқа тағып, әлем чемпионатында өнер көрсету құқығына ие болды. Олардан бөлек, қол добынан еліміздің әйелдер құрамасының да қазіргі қарқыны жаман емес. Жоғарыда аталған сыйлықтан олардың да дәмесі бар.

Дүбірлі додаларда айрықша талантымен оқшауланып жүрген жас спортшылардың да қатары қалың. Дауыс беру нәтижесінде Анастасия Городко (фристайл), Милад Карими (спорттық гимнас­тика), Елена Рыбакина (теннис), Нилуфар Раимова (әйелдер кү­ресі), Әмір Зәкіров (брейк-данс), Махмұд Сабырхан (бокс) және Нұрқанат Әжіханов (каратэ) сынды спортшылардың бірінің бақ жұлдызы жанатыны анық.

Сонымен қатар «Үздік федерация», «Үздік өңір», «Паралимпиа­дашылар арасынан үздік бапкер мен спортшы», «Үздік медицина маманы», «Үздік кешенді-ғылыми топ» және тағы басқа аталымдар бойынша да үздіктер анықталып, тиісті марапатқа ие болады.