Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен шетел инвесторларын тарту мәселесі жөнінде бейне конференция түріндегі кеңес өткізді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Үстіміздегі жылғы 14 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы нақ осындай тапсырма берген болатын. Кеңес жұмысын ашып, Серік Ахметов сөз сөйледі. «Қазіргі кезде инвестиция тарту жөніндегі Кешенді жоспар белгілеу және инвесторлар үшін жаңа ынталандыру шараларын жасау үшін арнайы комиссия құрылуда» деді ол өз сөзінде. «Осы бағытта қазақстандық елшіліктерге белсенді жұмыс жүргізуге тура келеді және біз сіздерден нақты нәтижелер күтеміз» деді дипломаттарға арнаған сөзінде Премьер-Министр.
Одан әрі Үкімет басшысы Қазақстан инвестиция үшін әрқашан ашық екендігін атап көрсетті. «Біз инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз. Ел Президентінің нақты тапсырмасы бар: инвесторлар үшін ашық ережелер жасау керек. Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістікте біздің елдің салық төлеу тәртібі ең тиімді екендігін ескертіп, Қазақстан инвесторлар үшін пайдалы алаң екендігін атап көрсетемін» деді С.Ахметов.
Кеңесте Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, бірқатар дипломатиялық өкілдіктердің басшылары сөз сөйледі.
Кеңес қорытындысында С.Ахметов Сыртқы істер министрлігіне, дипломатиялық өкілдіктердің басшыларына ірі компаниялардың, трансұлттық корпорациялардың басшыларымен кездесулер өткізуді тапсырды. «Біз қандай салаларда әріптестік жасайтынымызды нақты білуіміз керек. Үстіміздегі жылдың 10 наурызына дейін Қазақстанда жұмыс істеуге ниет білдірген әлеуетті инвесторлардың тізімі жасалуы керек» деді Премьер-Министр. Бұған қоса, Үкімет басшысы шетел инвесторларының қазақстандық серіктестерімен кездесуін ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. «Бұл жұмысқа барлық салалық мемлекеттік органдар, холдингтер, ұлттық компаниялар және ЖЗҚ қатысуы керек. Осы кездесулердің нәтижесінде нақты келісімдер жасалуы қажет», деп атап көрсетті Үкімет басшысы. Сонымен бірге, Премьер-Министр өкілетті мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға «Қазақстандық өнімдерді экспортқа шығаруды ынталандыру мақсатындағы нақты сауда миссияларын ұйымдастыру Жоспарын белгілеу» мәселесін тапсырды.