Қоғам • 24 Қараша, 2021

95 мыңға жуық қазақстандық жұмысынан айрылуына байланысты төлем алды

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем алушылардың саны 94,9 мың адамды құрады, бұл ретте 70,2 мың төлем алғаш рет осы жылы тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

95 мыңға жуық қазақстандық жұмысынан айрылуына байланысты төлем алды

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған табыстың 40%-на дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жұмыстан босатылған қызметкерге төлем тағайындау үшін:

  • eGov.kz порталда авторизациялану қажет;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  • Барлық жолдарды толтырып, қызметке онлайн тапсырыс беру және ЭЦҚ-мен қол қою арқылы өтінім жіберу;
  • Бір күн ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • Егер жұмыс табылмаса, үш күн ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін ХЖҚО қызметкері өтініш берушімен байланысады).

Бұл қызметті онлайн-режимде электрондық еңбек биржасы арқылы да алуға болады (enbek.kz). Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер болған кезде Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-дан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Еске сала кетсек, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеп жүрген кезеңде оны қолдауға арналған.